Бүгін «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыстың білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаеваның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиында Дәмеш Шайхықызы білім беру саласындағы заңнама талаптарының орындалуы жөнінде баяндапды.
Жамбыл облысының Білім саласындағы бақылау департаменті білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы заңнамаларының, білім саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
Биылғы жылы мекеме 42 білім беру ұйымында ішінара тексерулер жүргізіліп, анықталған бұзушылықтар бойынша нұсқамалар берген. 47 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 2 958 150 теңге мөлшерінде айыппұлдар салынған. Сондай-ақ, 15 білім беру ұйымының лицензиясының қолданысы 6 айға дейінгі мерзімге тоқтатылған.
Баяндамасы барысында Д. Үскімбаева нұсқамалардың орындалуын бақылау бойынша 13 жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін де атап өтті.
– Бұзушылықтарды толығымен жоймауына байланысты 6 білім беру ұйымына қатысты материалдар сотқа жолданды. Соттармен 4 білім беру ұйымына 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлдар салынды.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша 8 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша 2 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік істер қозғалып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Прокуратура ұсынуларына сәйкес қызметінің басталғаны туралы хабарламаны жолдамағанына байланысты 6 жекеменшік балабақшаның лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдары сотқа жолданды.
Сонымен қатар, колледждерге қатысты 14 әкімшілік іс қозғалып, 385 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлдар салынды, – деді департамент басшысы.
Жиында, Дәмеш Үскімбаева білім беру қызметін лицензиялау жұмыстарына да тоқталып өтті. Оның айтуы бойынша, «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесі арқылы 387 өтініш түскен. Өтініштерді қарау нәтижесінде 1 өтініш бойынша бастауыш мектепке бас лицензия , 42 өтініш бойынша лицензияға қосымша беріліп, 153 өтініш бойынша лицензия және лицензияға қосымшалар қайта рәсімделген. Ал, 191-не лицензия беруден бас тартылған.
Басқосу барысында Д. Үскімбаева департаменттің өзге де бағыттар бойынша жұмыстарының қорытындысын жариялап, журналистер сұрақтарына жауап берді.