Алматыдағы Достық үйінде көрнекті қазақ жазушысы, қазақ әдебиетінде шытырман оқиғалы прозаның қалыптасып дамуына зор еңбек сіңірген қарымды қаламгер Кемел Тоқаевтың туғанына 100 толуына байланысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Ресей федерациясы, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы елдерінің белгілі қаламгерлері қатысты.
Конференцияны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашып, Кемел Тоқаев өмірі мен шығармашылығы жайында «Шырғалаңы мол шығармашылық» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол жазушының әдеби туындылары мен оның жариялануы кезіндегі қиыншылықтары жайында айта келіп, өзгеше тағдырлы, ерекше шығармашылық иесінің қаламынан шыққан туындылардың қазақ әдебиетінде алатын орны мен маңызы жайында баяндады.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының конференция қатысушыларына құттықтау хатын оқып берді.
Құрметті жазушылар!
Қадірлі қауым!Сіздерді көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық, ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтаймын!
Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде тыңнан түрен салып, детектив жанрының негізін қалады. Шоқтығы биік шығармаларымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Жазушы «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Арнаулы тапсырма», «Соңғы соққы», «Таңбалы алтын» және басқа да шытырман оқиғаға толы туындылары арқылы оқырманын жамандықтан жиренуге, жақсылықты үйренуге үндеді. Сонымен бірге адалдық, мейірім, жанашырлық сияқты адамгершілік құндылықтарды дәріптеді.
Қарымды қаламгердің тағылымы мол туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған құнды қазына екені сөзсіз.
Бүгінгі іс-шарада Кемел Тоқаевтың шығармашылығына шынайы баға беріліп, әдеби мұрасына терең талдау жасалады деп сенемін. Баршаңызға алғысымды білдіре отырып, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының ПрезидентіАқорда
2023 жылғы 2 қазан.
Бұдан кейін сөз алған ТҮРКСОЙ-дың хатшысы Сұлтан Раев қазақ әдебиетінде детектив жанрын үлкен белеске көтерген Кемел Тоқаевтың шығармашылығына зор баға берсе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев әдебиеттің бір жанрының көркеюіне ғұмырын арнаған жазушы мұрасының мәнін жоймас құндылыққа айналғаны жайында пікір білдірді. Ал өзбекстандық қаламгер «Маънавият ва марифат» республикалық орталығының жетекшісі Минхожиддин Ходжиматов Кемел Тоқаев шығармашылығымен өзбек елі оқырмандарының таныс екеніне тоқталып, жазушының өзбек тілінде басылып шыққан туындылары жайында ойларын айтты. Сондай-ақ ол Кемел Тоқаевтың өзбек тілінде басылып шыққан үш томдық шығармалар жинағын Қазақстан Жазушылар одағы төрағасына тарту етті.
Конференцияға бауырлас қырғыз елінен арнайы келген Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков пен Қырғыз Республикасы Ұлттық Ілімдер Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдылдажан Акматалиевтің және заң ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылымының Еңбек сіңірген қайраткері, детектив жанрының әйгілі жазушысы Дмитрий Шестаковтың баяндамалары да тартымды болды. Сондай-ақ белгілі қаламгерлер − Қазақстан Республикасының Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков пен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахмет Ашири де Кемел Тоқаев шығармашылығына жоғары баға берді. Өзге де шығып сөйлеушілердің пікірлері сол үдеден шығып жатты.
Баяндамалар арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Әшіров «Темірбектің төкпесі» күйін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімән Қасым Аманжоловтың «Жас дәурен» әнін, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әнін, ТҮРКСОЙ сыйлығының лауреаты Талғат Әбуғазы халық әні «Хәләулім-айды» орындап, конференция қатысушыларына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сонымен бірге конференция қатысушыларына жазушы Кемел Тоқаевтың шығармашылығына арналған Алматыдағы Ұлттық кітапхана ұжымы дайындаған кітап көрмесі көрсетіліп, конференция қатысушыларының әрбіріне Қазақстан Жазушылар одағы Кемел Тоқаевтың 5 томдық шығармалар жинағын сыйлады.
КЕМЕРІНЕН АСПАҒАН КЕМЕЛ АҒА
Мен Кемекеңмен оның Жоғарғы Кеңестің ведомствосының редакторы болып қызмет істеп жүрген кезінен бастап таныс-біліс бола бастадым. Жоғарғы Кеңестің ғимараты Жазушылар одағының іргесінде болғандықтан ол кісі әдебиетшілер үйіндегі жиындарға үзбей қатысып жүретін. Жоғарғы Кеңестің қызметкері болғандықтан ол кісіні көрген бетте ентелеп барып, амандаса кетуді ерсі санайтынбыз. Ыңғайсызданамыз. Қанша дегенмен Жоғарғы Кеңестің қызметкері ғой.
Жылдар өтіп жатты. Біздің «сырттай» таныстығымыз бірте-бірте сыйластыққа айнала бастады. Оған себеп – ол кісінің ауық-ауық баспадан шығып жатқан жаңа кітаптары, Қазақстаннан, Мәскеуден алып жатқан сыйлықтары мен әртүрлі дәрежедегі марапаттары болды. «Құтты болсын» деп қолын алғанымызда баяғы сабырлы қалпынан таймай «рақмет» деп күбірлейтін де қоятын. Ол кісі Жазушылар одағына келіп-кетіп жүргенде немесе одақтың кеңсеішілік қызметін атқару барысында өзгелермен ақтарыла сырласып, әңгімелесіп жүрсе жүрген шығар, одақ қабырғасында менің Кемел ағамен жақын танысуымның реті келмепті.
Менің ол кісімен жақынырақ араласуым 70-жылдардын аяғы 80-жылдардың бас кезінде жазушылардың шығармашылық үйінде басталды. Бұл кез Кемел ағаның барлық қызметті атқарып болып, демалысқа шыққан кезі еді.
Кемел ағамен жақынырақ танысып, ашығырақ сөйлесудің барысында ол кісінің мейлінше қарапайым, мейлінше сыпайы, қызмет пен жазушылықтың кемеліне жетіп жүрсе де кемерінен бір аспайтын, Есіл өзеніндей жайбарақат ағысынан бір танбайтын мінезге бай адам екеніне көзім жетті.
Екеуміз де шығармашылық үйінің екінші қабатында тұратынбыз. Бөлмелеріміз де қатар. Бір күні кешкі астан соң екеуміз шығармашылық үйінің артындағы саябақта біраз серуендеп, бөлмелерімізге қайттық. Кемел ағаның бөлмесі менің бөлмемнен бері болатын. Бөлмесінің тұсына келгенде ол:
− Менің тұрып жатқан бөлмемді көріп кетпейсің бе? – деді.
− Көрсем көрейін, − деп ішке кірдім.
Сол түні екеуміз ұзақ отырып сырластық. Ол кісі сол кеште басынан өткен оқиғаларды айтып бергенде, осы адамның төніп келген ажал құрсауынан бүгінгі күнге аман жеткеніне таңдана отырып тындап едім. Ашаршылық, соғыс, соғыстан кейінгі қиындық. Әсіресе, отқа жылынып отырған қызының анасының көз алдында өртеніп өлгенін, сол күйікке шыдай алмай анасының да өліп кеткені жайлы айтқанда көзіме еріксіз жас алып едім. Осы оқиғалар жайлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі әкесі жайлы естелігінде тебірене жазған екен…
Бір өкінерім, жазушылардың шығармашылық үйінде апталап жатқанда суретке түсу деген ойымызға келмепті-ау! Кемел ағамен бірге Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев т.б. ұлы адамдар да осы үйде демалып, жазу жазып жатты емес пе? Солармен суретке түсу неге ойымызға келмеді? Бүгінгі күннің ертең тарихқа айналатынына мән беріп үйренбеген ескі салғырттықтан қанша оқысақ та арыла алмаппыз-ау!
Екінші өкінерім, Кемел аға арамыздан ерте кетті. Пайғамбар жасында. Өзі тәрбиелеп өсірген ұлының бүгінгі таңда ел Президенті болғанын, жай ғана Президент емес, мәдениеттілігімен, қарапайымдылығымен, әлемнің бес тілінде еркін сөйлеп, сол тілде баяндама жасай алатындығымен, өзге Президенттер секілді алып-ұшпа пікірден өзін аулақ ұстай білетін тектілігімен ерекше құрметке бөленіп отырғанын емес, тым болмаса министр болғанын да көре алмай, жеттім дегенде «жығылып» қалғаны өкінішті-ақ!
Амал қанша «Өмір заңы қатал-ақ!». Қазір ойлаймын, егер Кемел аға баласының Президент болып әлемге танылған тұлғаға айналғанын көре қалған күннің өзінде баяғы мінезінен бір де айнымай, кемерінен асып-төгілмей қарапайым өмірін жалғастыра беретін сияқты.
Дулат ИСАБЕКОВ,
Қазақстанның Еңбек ері,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ІРІ ӨКІЛІ
Өзбек-қазақ халықтарының туыстық, достық байланыстарының тарихы ұзақ дәуірлерге кетеді. Олар ежелден бір-біріне жақын жасап, бір бұлақтан су ішіп, өзара үйлесімді өмір сүріп келген. Біздің тарихымыз, әдет-ғұрпымыз, тіліміз бен тағдырымыз ортақ.
Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, заманауи қазақ прозасында өз орны бар, өз дәуірінің тынысын шығармашылығында сәулелендірген тұлға Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуының екі халық үшін де маңызы бірдей дер едім.
Асылында күрделі детектив жанрын қазақ ұлттық прозасына орнықтыру оңай болмаған, бұл қаламгерден күшті рухани ерлікті талап ететін жағдай десек қателеспейміз. Кемел Тоқаев сол сынақтан сүрінбей өтіп, шығармалары оқырман көңілінен терең орын алғаны назар аударарлық.
Бүгінде танымал жазушының «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» секілді романдары, «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын» секілді хикаяттары әрбір қазақ үйіндегі кітап сөрелерінен орын алғаны тегін емес.
Кемел Тоқаевтың «Көмескі із», т.б. хикаяттары өзбек тіліне аударылған. Бұл шытырман оқиғалы туындыларды сүйетін өзбекстандық оқырмандарды қуандырғаны анық.
Жазушы қандай тақырыпты қозғаса да әрқашан шығармашылыққа жауапкершілікпен қарайды. Әрбір туындыны жүрек сезімімен жасайды. Ондай шығармаларды ұнататын әрбір оқырман өз дәуірінің тынысын көркем өрнектеген жазушының шығармашылығына ықыласы ауып, жанкүйеріне айналады. Бұл тұрғыда Кемел Тоқаевтың өзіне тән стилі, жазу мәдениеті көңілге қуаныш сыйлайтын көркем прозасы бар десек, ақиқаттан алыс кетпейміз.
Кемел Тоқаевтың туындыларының өзбек тілінде басылып шығуы оның шығармашылығының Қазақстанда да, Өзбекстанда да қадірлі екенінің, өзбек-қазақ әдеби достығының жаңа деңгейге көтерілгенінің дәлелі.
Бұл жылда қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушы, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығын тойлау − өзбек-қазақ әдеби туыстығының жарқын белгісі ретінде есте қалары шүбәсіз.
Сирожитдин САЙИД,
Өзбекстан Жазушылар Одағының төрағасы,
Өзбекстан Халық ақыны
ТАРИХИ ДЕТЕКТИВ ЖАРАТҚАН ЖАЗУШЫ
Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының атасы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығы кеңестік дәуірге тұспа-тұс келді. Тағдыры күрделі қалыптасқан ол 1930 жылдарда ата-анасы, туыстарымен Фрунзеде күн кешті. Ата-анасынан, қарындасынан айырылды. Ағасын жоғалтып алды, іздеді. Жас кезінен соғысқа аттанып қан кешті, ағасынан айырылды. Осындай күрделі тағдыр жазушыны жасыта алған жоқ, керісінше ширатты, рухы мықты рыцарь қылып шығарды.
Ош шаһарындағы Қазақстанның консулы, қырғыз әдебиетінің досы, (жақында қазіргі қырғыз поэзиясының антологиясын қазақ тілінде шығарды) Мұхтар Ахатұлы Кәрібай Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғаныс» (қырғызшалаған Чынара Океева) кітабына редактор болуымды өтінді. Кітапты редактор ретінде оқып жатып, жазушының ауыр тағдыры көз алдымнан өткендей болды.
Кемел Тоқаевтың мені таңдандырғаны − архивтерде отырып, фактілермен жұмыс істегені болды. Ойдан шығарылған бір-бірінен сюжеттері көшірілген көркем шығармалар толып жатады емес пе? Фактіге сүйеніп, архивтік материалдарды пайдаланып көркем шығарма жазу − бұл жазушының жауапкершілігі деп есептеймін. Демек, Кемел Тоқаев тарихи көркем шығарма тудырған жазушы.
Кітаптары сөреде шаң басып жатпаған, оқырманы көп жазушының «Соңғы соққы» романы АҚШ Конгресінің кітапханасына алынуы көп нәрседен хабар берсе керек. Әттең, егер цензура үстемдік қылған кеңестік дәуірде тумай, қазіргі тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келгенде шығармаларына басқаша қарап, қазақ елінің еркіндігін, ар-намысын, кеңпейілдігін, ұлылығын дәріптеген жаңа әдебиетті жасар еді деп ойлаймын.
Жазушының екі өмірі бар демекші, оның шығармаларын ұмытпау кейінгі ұрпақтардың мойнындағы парыз деп есептеймін. Мен төмендегі мәселелерді ұсынамын:
1. Кемел Тоқаевтың таңдамалы шығармаларын қырғыз тіліне аудару;
2. Кемел Тоқаевтың Бішкек шаһарында үй-музейін ұйымдастыру;
3. Бішкек қаласының көшелерінің біріне Кемел Тоқаев атын беру.
Жоғарыда айтылғандарды Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы өкіметінің назарына ұсынуды өтінер едім.
Нұрлан ҚАЛЫБЕКОВ,
Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының төрағасы
РУХЫ МЫҚТЫ ҚАЛАМГЕР
Қазақ әдебиетіндегі шытырман оқиғалы-детектив жанрының негізін қалаушы, дарынды прозаик, қаламынан «Түнде атылған оқ», «Сарғабандағы оқиға», т.б. керемет шығармалар туған майдангер жазушының 100 жылдық мерейтойына орай бүгін осында болу мен үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш.
Кемел Тоқаев шығармашылығының шынайылығы, белгілі бір дәрежеде оның жеке тәжірибесімен байланысты деп есептеймін. Оның балалық шағы ұжымдастыру кезеңіне тұспа-түс келгендіктен түрлі қиындықтарды бастан өткерді, ең жақын адамдарынан – ата-анасынан, қарындасынан айырылды.
Болашақ жазушыға шығармашылық серпін берген жағдайдың тағы бірі – Екінші дүниежүзілік соғысына қатысты. Кемел Тоқайұлы жас кезінде Сталинград шайқасына белсене қатысты, жарақат алды. Соның бәрін жеңіп шығуы болмысының қайсарлығы болса керек.
Ол Сталинград шайқасына ғана емес, Украинаны, Белоруссияны, Польшаны Кеңес әскерлері қатарында азат етуге қатысып, бұл елдерді жай жүріп өтпей бірнеше рет ерлік көрсеткеніне оның Екінші дүниежүзілік соғысының І және ІІ дәрежелі орденьдерімен марапатталуы дәлел. Мұның бәрі кейін Тоқаевтың Қызыл Армия мен генерал Дутов, атаман Анненковтың әскерлері арасындағы күресті суреттейтін «Соңғы соққы» романына жақсы әсер етті деп есептеймін. Оның шығармаларының кейіпкерлері – батыл да көреген адамдар, заңбұзушыларға қарсы күресетін құқық қорғау және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының өкілдері.
Кемел Тоқаев өз кейіпкерлерінің мінезін олардың өзіне тән артықшылығы мен кемшілігімен шебер жеткізіп қана қойған жоқ, жазушының туындыларында қылмыскерлердің образдары да шынайы ашылған.
Бүгінгі конференция шығармашылық адамдары мен криминология ғылымының арасындағы байланыс туралы ойларымыз бен әсерлерімізді әрі қарай дамыта түсуге алғышарт жасайды деп сенемін. Криминалист, сонымен қатар жазушы ретінде мен үшін осындай маңызды оқиға Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған конференциямен байланысты екенінің мәні ерекше.
Дмитрий ШЕСТАКОВ,
жазушы, заң ғылымдарының докторы,
профессор,
«Криминология: вчера, сегодня, завтра»
ғылыми журналының бас редакторы
P.S.
Әдебиетке әр дәуірде келетін талантты қаламгерлер тобы өздерінің әдеби атмосферасын жасайды. Біреу бұрыннан келе жатқан дәстүрді жалғастыра келсе, енді бірі тыңнан түрен салып соныға із салады. Қазақ көркемсөз әлемінде бір жанрды биіктетіп, туған әдебиетімізде шытырман оқиғалы шығармалар тудырудың хас шебері Кемел Тоқаевтың туындылары дәуірлер сынынан өтіп, халқына қызмет ете бермек.
https://turkystan.kz/article/234497-zhyl-sayyn-40-my-a-zhuy-aza-standy-ta-aterli-isik-diagnozy-kezdesedi