Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев полиция күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
– Полиция қызметі – тәулікпен санаспай, халық тыныштығы үшін аянбай еңбек етуді талап ететін абыройлы міндет, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев. – Құқық қорғау жүйесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген реформалар аясында маңызды өзгерістер кезеңінде тұр.
Аймақ басшысының айтуынша, қабылданып жатқан шаралар алғашқы нәтижелерін бере бастады – өңірде қылмыс деңгейі төмендеуде.
Облыстың 23 ауылында алкоголь өнімдерін сатуға толық тыйым салынды, бұл жастар тәрбиесіне және қоғамдық тәртіптің нығаюына оң әсерін тигізіп отыр.
Ербол Қарашөкеев полиция әулеттеріне ризашылығын білдіріп, сабақтастық пен кәсіби дәстүрді сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен бірге соңғы жылдары облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатқанын айтты.
Өткен жылы Қордай аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталды. Биыл Шу ауданында полиция бөлімінің ғимараты салынуы жоспарлануда.
2020–2024 жылдары аралығында полиция автопаркі 388 техникамен толықты, оның 81-і – өткен жылы алынған.
Кәсіби мереке аясында үздік қызметкерлер марапатталды.
Құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының тұрғындары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелеріне облыс әкімінің атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
Шу ауданы Балуан Шолақ ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаев қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді атсалысқаны үшін Президенттің Алғыс хатына ие болды.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысы ішкі істер органдары жүйесіндегі ең сыйлы әулеттердің бірі – Зайнулиндер әулеті де Алғыс хатпен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Алғыс хаты полиция подполковнигі, департаменттің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Милана Борчашвилиге берілді.
Сондай-ақ «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамоталары табысталды.
Салтанатты шарада Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев құттықтау сөз сөйледі. Бұдан соң қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін көзге түскен қызметкерлерді көтермелеу туралы бұйрықтар жарияланды. Олар мерзімінен бұрын шендер, төсбелгілер, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды.
Шарада облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров сөз сөйледі.