«300 мың теңгем босқа кетті»: Қазақстандық әйел өзін итімен бірге ұшақтан түсіріп тастаған әуе компанияның әрекетіне шағымданды

74
Видеодан скрин

Қазақстандық әйел әлеуметтік желіде итінің әуе компания тарапынан қатыгез және орынсыз қарым-қатынасқа ұшырағанын айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Threads қолданушысы қазақстандық SCAT әуе компаниясы өзін итімен бірге рейстен алып тастағанын айтып, жазба жариялады.

Сонымен қатар жолаушы итін жүкке тапсырған сәттен бастап оны қайта алғанға дейінгі аралықта тасымалдау торының зақымданғанына да шағымданды.

“Барлық талаптар орындалды, шамамен 300 мың теңгем босқа кетті, себебі бізді рейстен шығарып тастады! Мен SCAT әуе компаниясынан итіме қатысты ашық қатыгез және орынсыз қарым-қатынасқа тап болдым. Менің итім бапталған, құжаты бар, толықтай сау, агрессивті емес және әлеуметтік ортаға бейімделген. Барлық талаптар сақталды. Соған қарамастан жануарыма қарапайым жүк секілді қарым-қатынас жасалды, ешқандай мән берілмеді. Мұндай қарым-қатынас тек кәсіби біліксіздік емес, бұл салғырттық! Мен түсініктеме беруді және жануарларды тасымалдау стандарттарын қайта қарауды талап етемін. Өйткені бұл жәй «қызмет» емес, бұл – жауапкершілік”, – деп жазды әйел.

Жазбаға қатысты SCAT әуе компаниясы мәлімдеме жасады.

«Жануардың иесі жануарды тасымалдау жөнінде өтініш білдірді және өтініш белгіленген тәртіппен рәсімделді. Алайда әуежай қызметкерлері контейнерді жеткізген кезде оның жануарларды тасымалдауға қойылатын міндетті талаптарға сәйкес еместігі анықталды. Осыған байланысты жүктеуге рұқсат берілмеді. Жануарды ұшаққа жібермеу туралы шешім тек оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Белгіленген нормаларға сәйкес келмейтін контейнерді пайдалану ұшу барысында жануардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін еді”, – делінген компания жауабында.

Ал әйелдің тасымалдау торының зақымдануына қатысты әуе компания жануарды терминал ғимаратынан ұшаққа дейін тасымалдау әуежай қызметтері арқылы жүзеге асырылатытын атап өтті.

Сонымен қатар әуе компания белгіленген талаптарға сай келмейтін контейнердегі жануарды қабылдау дерегі бойынша ішкі тексеріс басталғанын хабарлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.