2GIS қазақ тіліне аударылады

127

2GIS қазақ тіліне аударылған карталар мен ұйымдардың анықтамалығын тестілеу режимінде іске қосады деп хабарлады turkystan.kz Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Енді карталардың және ұйымдар анықтамалығының деректері қазақ тіліне аударылады. Мұның арқасында 2GIS-те дүкендерді, дәріханаларды, қоғамдық тамақтану орындарын, мәдениет мекемелерін, көрікті жерлерді және басқа да орындарды Қазақстанның мемлекеттік тілінде де іздеп табуға болады. Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Астана, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен, Шымкент және т.б. сияқты Республиканың 41 қаласы мен 1245 елді мекенінің анықтамалық деректері мен карталары аударылды.

«Жұмыс барысында анықтамалық құрылымын аударуға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандары көмектесті, кейін деректерді егжей-тегжейлі пысықтауға біз компаниядан тыс басқа кәсіби аудармашыларды қостық», – деді 2GIS-тің Анықтамалық-картографиялық өндіріс жөніндегі директоры Елена Толкачева.

Қосымша алдағы уақытта тестілеуден өтетін болады. 

«Еліміздің ірі қалалары мен агломерацияларының анықтамалығы мен карталары аударылды. Енді біз жаңартылған сервисті ашық тестілеуге кірісеміз. Біз пайдаланушылардың кері байланысын қуана қабылдайтын боламыз. Оны қате туралы хабарлар арқылы қосымшаның өзінде немесе 2gis.kz сайтында қалдыруға болады. Мұндай хабарлар қазақ тілінде іздеу мен сервистің басқа да функцияларының жұмысын жетілдіріп, болашақта аударманы толықтыруға көмектесетін болады», – деді ол.

https://turkystan.kz/article/220066-2gis-kazak-tiline-audarylady/

Leave A Reply

Your email address will not be published.