Металлургтер арасында «мықтының мықтысы ғана металлург бола алады» деген қанатты сөз қалыптасқан. Расымен де, ыстық пештің қасында мыс балқыту оңай шаруа емес. Мұнда еңбек ететіндер, тәжiрибелi металлургтер. Сол мықтылардың сапында Болат Төлеуқұлұлы да бар. 2002 жылдан бастап өндіріспен өмірін байланыстырған азамат әріптестерін мақтан тұтады. Айта кетерлiгi, мұндағы ауысымдарда көбiнесе тәжірибелі жандар еңбек етедi. Соның бiрi ауысым бригадирі қызметiн атқарып келе жатқан Ерлан Айтбаев екеуі бір жылда еңбек жолын бастапты.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл ауысым жоғарғы өндірістік көрсеткіштерге жетіп, әрдайым алда жүреді. Адам кемеңгер болып жаратыла салмайды. Өмірден үйреніп барып, жақсы менен жаманның дәмін татып, кең арналы жолға түседі. Санаңда жарық сәуле болса, оқып-тоқып алған білімің халықтан, сол халықтың адал да ақпейіл ұл-қыздарынан көргенің, үйренгенің игілікке, абыройға айналады. Мұны нағыз кәсіпқой, өз ісіне немқұрайлы қарай алмайтын, өз кәсібін сүйетін жандар Саян Ақторғаев, Алмаз Шайкежанов, Алмас Аманжолов өзінің шәкірті Жалғас Кәукерхан сияқты осы салада табан аудармай жұмыс жасаған азаматтар жақсы білетіндігін айтады Болат Бекеев.
Балқытушы Болат Шет ауданында 1977 жылы дүние есігін ашыпты. Айтулы аймақтың Ыбырай Алтынсарин атындағы білім ұясында оқыған. 1995-1996 жылдар аралығында Отан алдындағы асыл борышын өтеп, өндіріске бет бұрғанша ауыл шаруашылығы бойынша кәсіптің құлағын ұстаған.
21 жылдан астам еңбек жолын ел байлығын игерумен етене байланыстырған балқытушы Балқаш өңірі қойнауынан мыс бұлағы аққалы өнім беруді тоқтатпай топ бастағандығын жеткізді.
“Балқаш мысының ел экономикасындағы үлесі қомақты. Мұнда мыс балқытқан мамандар еселі еңбек етіп келеді. Жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп, мінсіз еңбек еткендер елеусіз қалған емес. №5 ауысымның жұмысы қызып жатыр. Ауысым шебері Айбол Асылбеков бастаған 25 адам, бір үйдің баласындай бірлесе жұмыс жасаймыз. Бір ауысымда 12 шөміш штейнді игереміз. Өндіріс бастауында тұрған, күндіз-түні от бүріккен пештердің жанында өткізген, қиын тұрмыстық жағдайда өмір сүрген адамдар еңбектің қадірін біледі. Мен қашанда осы салаға баулыған ұстазым, бригадир болған Мұрат Төлеубековтей ағама дән ризамын.
Өндірісті қалаға көшіп келгенде «балқытушы болсам» деген арман жүрегіме ұялады. Сол арманға жеттім де. 2002 жылдан бері осы өндірістемін. Мен үшін мыс балқытатындардың осалы жоқ. Біздің ұжым – кәсіби металлургтердің-балқытушылардың, өз жұмысын шебер атқаратын мамандардың тұтас командасы. Жұмыс – өте қауіпті. Маңызы жоғары. Технологиялық және техникалық мыс балқыту процесінің экономикалық көрсеткіштерінде әріптестерімнің маңдайының тері бар”, – дейді Болат Бекеев.
Әңгіме барысында қоңыр мінезді, қазақтың қара торы жігіті Болаттың жақсы мінездерін байқадық. Әсіресе, сыпайылығы, мәдениеттілігі, жауапкершілігі оның негізгі қасиеті. Отбасында жақсы тәрбие көріп, онысын өзінің отбасысына сіңдіре білген, Ахат, Санжар, Ғибрат есімді балаларына қамқоршы әке, Гүлмирадай асыл жарына адал тірек, жұмысына адал жан болуы оның мерейін одан әрі асырғандай. Ілтипаттылығы да көрер көзге көрініп тұрады.
Айта кетейік, бүгінде Болаттай білімі мен біліктілігін өндіріспен байланыстырып, әрдайым ізденіп жүретін мамандық иелері БМЗ-да мыс балқыту цехының тасын өрге домалатып, өнімді еңбек етуде. Түсті металлургия флагманының жақсы дәстүрлерін бүгінгі күнге дейін сақтап қалған жұмысшылар көңілді қуантады. Мыс толғатып, жез туған Балқаш өңірінде зауытта белі қайыса өндірісті алға сүйреп келеді.
Бай емес концентраттан бүгінде жоғары сапалы металл алынады. Балқаштық металлургтер бұл балқыту жұмысының ешқашан тоқтамауын тілейді. Балқаштың мысы өзендей ағып, тұрғындардың әл- ауқат тірегіне айналса деген тілегі бар.
https://stan.kz/20-zhildan-asa-tazhiribesi-bar-mis-balkitushi-zhymisini-388940/