12 көпқабатты үй жаңғыртудан өтеді

103

«Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Бағдарлама аясында қалааралық жолдар жөнделіп, газ қазандықтары салынды. Жылу құбырлары жаңартылып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің, тұрғын үй құрылысының қарқыны артты. Әлі де бағдарлама аясында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Ұлттық жоба аясында, әсіресе, тұрғын үй саясаты мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға баса назар аударылып отыр. Аталған бағыттағы жұмыстардың аяқ алысын бағамдау мақсатында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің аудандарға жұмыс сапары жалғасуда.

Мәселен, аймақ басшысы Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барып, Жаңатас қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Қаладағы 5 шағын ауданындағы № 9, 10, 17, 18, көпқабатты үйлердің және 3 шағын аудандағы №23/1 мекен жайларында болған облыс әкімі бірқатар тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдады. №9 көпқабатты үйдің тұрғындары үйлерін жөндеуден өткізуге, ауланы реттеуге, балалалар алаңшасын салуға қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Ербол Қарашөкеев аудан басшылығына жаңғырту жұмыстарының жобалауда тұрғындардың өтінішін жіті назарға алу керектігін, құрылыс жұмыстары сапалы іске асу қажеттігін баса айтып, нақты міндеттер жүктеді. Айта кетейік, Жаңатас қаласында биыл жаңғырту бағдарламасы аясында 12 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстары қолға алынады.

– Біз тек облыс орталығын ғана емес, аудан орталықтары мен шағын шаһарлардың да мәселелерін шешу жолдарын қарастыруға күш салуға тиіспіз. Тұрғын үйлерді жаңғыртуда тұрғындардың да сұранысы ескерілуі тиіс. Жергілікті тұрғындар өздерінің өзекті мәселелерін жақсы біледі. Аулаларды абаттандыру, балалар алаңшасын салу жұмыстары да кешенді түрде атқарылуы керек. Бос үйлерді жөндеп, ел игілігіне беру шаралары белсенді жалғасқаны маңызды,- деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қаланың жылыту қазандығының жұмысымен танысып, ағымдағы жылыту маусымын кедергісіз аяқтап, келесі маусымға сапалы дайындық жүргізу керектігін ескертті. Шағын шағардың тұрғындарының жылумен қамтуға қатысты шағымдарының аз еместігін баса айтты. Бұдан бөлек, Ербол Қарашөкеев «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесінің бос ғимараты және «Фосфорит» стадионын жөндеуден өткізіп, тиімді пайдалану мәселесіне де баса назар аудару қажеттігіне айрықша назар аударды. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудандағы сыйымдылығы 30 миллион текше метр болатын «Ынталы» су қоймасының жағдайымен танысты. Үш ауылдық округтегі 3 мың гектардан астам аумақты сумен қамтамасыз етуде негізгі нысанның жөндеу жұмыстарын жалғастыру қажет.  Су қоймасының жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, бөгетті нығайту шаралары мұнда жинауға болатын тиісті ылғал көлемін арттыруға  мүмкіндік береді. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды бақылауға алатынын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.