І «Burabay Summer Fest» халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері 11 жасар Аңсар Елбасы атынан ақ рояль иеленді.
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған І «Burabay Summer Fest» жасөспірім өнерпаздардың халықаралық фестивалін Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды. Оның аяқталуына арналған гала-концерт елордадағы «Қазақстан» концерт залында өтті.
«Байқауға республикамыздың барлық өңірінен және шетелден (Қытай, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия) ең дарынды балалар вокал, хореография, мәнерлеп оқу және аспапта орындау түрлері бойынша қатысты. Фестиваль 17 маусым күні басталды. Өнерпаздар саны — 400 ден астам», — делінген Мəдениет жəне спорт министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Сайыс нәтижесінде бас жүлдені «Көркемдік оқу» номинациясы бойынша Тілек Нұрқожа (Қызылорда облысы) иеленсе, «Халық би» аталымында Джумалиев Ратмир (Алматы қаласы), «Дәстүрлі өнер (жеке орындаушылық)» номинациясында Әлімқұл Сұлтан (Жамбыл облысы), «Классикалық өнер» номинациясында Ыдырысова Кәмила, «Дәстүрлі өнер (ансамбль)» номинациясында «Жетіген» ансамблі (Түркістан облысы) жеңімпаз атанды. Ал «Дәстүрлі ән» номинациясы Айжан Ілиясова, «Эстрадалық ән» номинациясы Карина Баситова (Алматы қаласы), «Академиялық ән» номинациясы Жүсіп Аңсардың (Ақтөбе облысы) еншісіне бұйырды.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Президентінің атынан фестивальдың бас жүлдесі — ақ рояль мен Лос-Анджелестегі әйгілі «UNIVERSAL STUDIOS HOLLYWOOD» киностудиясына бару мүмкіндігін Жүсіп Аңсарға табыстады.
Айта кетейік, Жүсіп Аңсар Ақтөбе облысының тумасы. Аңсар «Академиялық ән» номинациясы бойынша байқауға қатысып, мықтылардың қатарынан табылды. Ол Ақтөбедегі №1 Балалар музыкалық мектебінде «вокал» бөлімінен дәріс алады.