​ЖЕТІ ШЕЛПЕКті неге ЖҰМА күні пісірген дұрыс?

220

Әруақты сыйлау, жеті шелпек және тағы басқа ата-баба әруағына сену және сыйыну дәстүрі дұрыс па? Ата-бабамыз қолданып келе жатқан дәстүрден алшақтауымызға діннің әсері бар ма? Дін мен шариғат заңдылығына бағынатын болсақ, ешқандай қайшылықтарды көрмейміз. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) риуаят етілген хадис шәріпте Анас ибн Малик (р.а) сахаба келіп Алла елшісінен (с.ғ.с) былай деп сұрайды: «Бір тандыр нанды садақа еткенім абзал ма, әлде 100 рәкат нәпіл намаз оқыған абзал ма?». Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бір тандырды тарату 100 рәкағат нәпіл намаздың сауабынан абзал» деп жауап береді. Осы хадисті түсінген біздің ата-бабаларымыз тікелей тандыр нан болмаса да соған ұқсас шелпекті пісіріп садақа беретін болған. Енді оның санына тоқталатын болсақ, неге жеті шелпек, үш шелпек емес деген сұрақтар да қойылып жатады. Жеті саны қазақ халқында қасиетті ұғым болып саналады. Сондай-ақ, дінімізде жеті санымен байланысты айтылған үкімдер көп. Мысалы, иманның жеті шарты, жеті рет қағбаны тауаф ету, ит жалаған жерді жеті рет жуу. Алла Тағала жеті қабат аспанды жараттым деп айтуы, аптаның 7 күн болуы, Құран Кәрімде алғашқы оқылатын Фатиха сүресінде жеті аят болуында терең даналық жатыр. Жеті шелпек бір аптаның садақасы. Жеті шелпектің жұма күнінде пісірілуінің ол күннің апта күндерінің ішіндегі ең қасиетті күн болуында. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бізге жеткен хадисінде былай делінеді: «Жұма күнінде сондай бір сәт бар. Мұсылман адам дұға жасап, дұға жасаған уақыты сол сәтке дәл келетін болса, онда оның дұғасы міндетті түрде қабыл болады». Міне осы сахих хадис аясында ата-бабаларымыз садақасын, жеті шелпегімен сол уақытқа тура келіп қалсын деген ниетпен беретін болған. Бұның барлығы біздің ислам дінінде, шариғатымызда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде орын алғаның көрдік. Өкінішке қарай осыны мойындамай адасушылық деп жүрген бауырлармыз да бар. Міне, солардың осы хадистер турасында аз да болса ойланса екен деген ниетіміз. Қазақтың басым көпшілік жасап жүрген рәсімі береке-бірлікке себеп болатын ізгі дәстүрлер. Сондықтан мұндай салт-дәстүр ислам шариғатына қайшы келмейді. фото: ВКонтакте Наным-сенім бойынша, о дүниелік болған адамдардың рухы осы өмірдегі жақын адамдарын қоршап, қорғап жүреді деген түсінік бар. Тіпті, жаугершілік замандарда да жауынгерлер жауға қарсы «Әруақ, әруақ!» деп шапқан. Бала көтере алмай жүрген әйелдер, науқастар әруақтың басына түнеп, зиярат етеді. Халық арасында «Әруағын сыйламаған, әруақтан қорықпаған адам – Құдайдан да қорықпайды» деген ұғым қалыптасқан. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейтін ұстаныммен дүниеден өткен жақындардың рухын риза етуді міндет санайды. Әруаққа арналып ас-тағам берілетін кезде әруақтың негізгі асы бауырсақ пен шелпексіз өтсе, онда әруақтар аш қалады, «залалы» тиюі мүмкін деген түсінік те сақталған. Әруақ асы – бауырсақ пен шелпектің өзі емес, одан шығатын иіс. Сондықтан, ол жын-шайтанға қарсы ықпал етеді деген сенім болған. Қазақ халқының салт санасына сіңген жеті шелпек пісіру және оны жұма күніне арнайлап пісіру деген сияқты салтымызда әрі дәстүрімізде бар. Баяғыда бір әулие кісі бейіттің жанынан өтіп бара жатып, сол жерден шығып жатқан айқай шудың куәсі болады. Жақындап барып қараса , сол жердегі әруақтардың жоғарыдан түскен сауапқа таласып жатқанын көреді. Анадай жерде бейіттің жанында отырған әруаққа барып: «Аналардың жанына барып өзіңіздің сауабыңызды неге талап етпейсіз, әлде сізге сауаптың керегі жоқ па?»- деп сұрайды. Әлгі әруақ: «Мен балама тіршілікте жастайынан құран оқуды үйретіп кеткенмін, сол балам бүгіндері тіршілігін жасап жүр. Өзінің тіршілігін де жасайды, құранын да оқиды. Намаз оқып, Аллаға құлшылығын да үзген емес. Сауабын бағыштауды да ұмытпайды. Оның маған сауабы жетіп, жемісін қабірде де көріп жатырмын»,- деген екен. Ал ана әруақтардың артында қалған бала-шағалары құран оқытып, әруақтарға бағыштамайды екен. Сондықтан олар бейіттің жанынан өткен-кеткен кісілердің оқыған құранының сауабтарына таласып жатыр екен. Әруақтарға жеті шелпек пісіріп, құран оқытып қойған дұрыс.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева, ERNUR.KZ

Leave A Reply

Your email address will not be published.