Үсен Қажы

64
Осы әңгімені бастардағы ойым – Шолақтау поселкесінде жарық дүниенің есігін ашып, саналы өмірін дінге, Алла жолына арнаған, аты Талас өңіріне ғана емес, облыстан асып, Астана қаласына жетіп, әр ісін жамағат тамсана айтар асыл бейне, қадір тұнған жан, елін имандылық жолына бастаған, өзінің тәлім – тәрбиесін жас ұрпаққа жан азығы етіп тастап кеткен, елінің ертеңінен мол үміт күткен, мұсылмандықтың ақ жолын дәріптеп өткен Үсен қажы Шаһазіндаұлы Асетуллаев туралы сыр шерту болатын.
Ол «Өмір» мұхитында Иман­дылық аралын тұрғызып кетті. Адам­ға тән биік рух осы болса керек.
Үсен қажының сөйлеген сөзі мен ой – пікірлерін және уағыздарын ел ықыласпен тыңдайтын. Өйткені, ол бос сөз айтпайтын, ел қамын ойлай сөйлейтін; мәселенің шешілу түйінін дәл табатын, дін мәселелерін саралап, мұсылмандық парызды айшықтап, халықтың мүддесі мен мақсатын таразылап отырушы еді. Елдің діни сауат­тылы­ғының өсуіне, мәдени талға­мы­ның жоғары болуына баса көңіл аударды.
Ал енді Үсен қажының өмір жолына шолу жасамас бұрын, өткен кезеңге сәл шегініс жасағанымыз дұрыс болар.
Үшарал ауылындағы Абдулла ишан мешітін білмейтін адам кемде – кем. Сол Алла үйіне Бұхарада білім алып, мұсылман дінін оқыту бойынша атақты білімпаз ретінде мойындалып, араб және парсы тілдерінде өлең жазған Абдулла ишан Саиды (1834 – 1914 ж.ж) имам болады. Бұл мешіт 30 жылға жуық (1904 жылы құрылысы басталған) соғылған екен.
Абдулла ишан Саид діндар Саитбатталахазрат отбасында дүниеге келіп, 9 жасында ата – анасынан айырылып жетім қалады. Нағашы атасының тәрбиесінде болып, Бұхара, Хорезм, Стамбул медресесінде білім алып, 30 жылдай шет елде өмір сүреді. Екі рет қажылыққа барған.
Сол Абдулла ишанның немересі Асетулла қожа Талас өңіріне діни білімімен аты шыққан имам болған екен. Қарақұрт шаққан адамдарды оқып, ауруынан жазып отырған. Балаларды үшкіріп, кез – келген аурудан айықтыратын өте білімпаз адам болыпты.
Асетулла қожадан Саида, Бакира атты екі ұл дүниеге келген.
Жігіт болып қалған ұлдарын ерте үйлендірген әкесі бәйбішесі Күлән және тоқалы Анар апа үшеуі қалады да, Күлән апа кіші ұлы Бакираның қолына барады. Сөйтіп, Асетулла қожа мен тоқалы Анар екеуі бір — біріне серік болып күн кешеді.
Қылышынан қан тамған Қызыл империяның кезінде Асетулла қожа дінге жақын жандарды жасырын жинап, уағыз айтып, көптеген жүрекке шам жағады, қайтыс болған жандардың жаназасын да шығарған.
Ғабит Мүсірепов дін жөнінде: «Адам баласы бірдемеге сенбей, арқа сүйемей тұра алмайды, сол сенімнің аты – дін. Ең арғысы, саяси сенім дегеннің өзі халықтың басым көпшілігі үшін – дін», — деген екен.
Асетулла қожа сонау Кеңес кезеңінің өзінде имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап қанағат секілді бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұрғанын үздіксіз айтумен болған. Имандылық Алла Тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез екенін елдің көңіліне құя білген екен.
Асетулла қожаның Шаһазінда атты туған інісі 1963 жылы Шолақтау поселкесінен Сарысу ауданының Түгіскен ауылына көшіп келеді. Екі егіз балалары Асан мен Үсен жат жерді жатырқамай, ауыл өміріне араласып кете барды. Екі жастан асып қалған егіздер өте сүйкімді еді. Бірде Үшарал ауылында тұратын Шаһазінданың туған ағасы Асетулла хал – жағдайларын білейін деп Түгіскенге Шаһазінданың үйіне келіп, аттан түседі. Сол кезде тапырақтай жүгірген қос егіз атасынының алдынан шыға қалады. Беттері бауырсақтай томпиған екі сәбиге әуесі түскен Асетулла қожа құшағын жайып: «Қане, маған қайсың бала боласың?» — деп алдарынан шыққанда, Үсен: «Мен бала боламын!» — деп атасының құшағына кіріп кетеді.
Сол жолы Асетулла қожа Үсенді алып ауылына қайтады да, Анар апасы оны бауырына басады. Асекеңнің де Анар апайдың да қуанышында шек болмай, Үшарал, Түгіскен, Шапырашты ауылының қарияларын шақырып, Үсенді «бис­мил­ла» деп қара төбел тайға мінгізеді. Қуаныш мұнымен аяқталмайды. Ауылдағы тоған салу жұмысында жүрген барлық тоғаншыларды шақырып, үлкен той жасайды.
Иә, Үсен келген бұл үй Абдулла ишан әулетіндегі ең киелі шаңырақ саналатын. Бұл Абдулла ишанның тұңғышы Ерман ишанның шаңырағы болатын. Сол Ерман ишан 1921 жылы қайтыс болады.
Асетулла қожа Үсенді бір сәт те жанынан тастап көрмепті. Қайда барса да, қандай жиын – той болса да, Үсен атасымен бірге қариялардың арасында болып, олардың ғибратқа толы қызықты, сары уыздың мәйегіндей мәнді әңгімелерін зейініне тоқып өседі.
Сөйтіп, Үсен он алты жасқа келгенге дейін атасының діни ілімдерін бойына сіңірді. «Дін – халық мәдениетінің рухани негізі» деген атасының ұлағатты сөзін жадына түйген Үсен ислам дінінің қағидаттары мен негіздерінен мол ілім алды.
Жастың бойында қайрат пен құлшыныс бар екені белгілі. Дін саласының қайнар көзі болған атасы қайтыс болғанда Үсен он алты жаста еді. Еңселі жігіт спортқа бейім болды. Той – домалақта, ауыліші жарыстарда менмін деген жігіттермен күресіп, ешқайсысына дес бермеді. Онымен күш сынасуға біразы тайсақтайтын. Міне, осылай оның палуандық аты шықты. Күрестің әдіс – тәсілдерін меңгере жүріп, өзінен кейінгі жастарға күрес өнерінің қыр – сырын үйретуге бел байлаған ол ауыл клубының жанынан ашылған күрес секциясына жаттықтырушы болып орналасады да, күрестен шәкірттер тәрбиелей бастайды. Осы жаттықтырушылық жұмыспен айналыса жүріп, клуб ішіндегі көркем өнерпаздар үйірмесіне де барып, ән шырқайтын. Таза, кең тынысты дауысымен әнді әуелетіп көкке көтергенде тыңдар­ман­дар таңдай қағып, таңданысып оты­ратынын Үшарал ауылының тұр­ғын­дары осы күнге дейін айтып отырады.
Жастық шақтың жалынды күндерін бастан кешіп жүрген Үсен осы көркем өнерпаздар үйірмесінің әншісі,әрі клуб меңгерушісі Жұпаркүл атты қызға көзі түсіп, екі ортада сыйластық, достық қалып орнайды. Бұл кезде Үсен он тоғыз, Жұпаркүл он сегіз жаста еді.
Бірте – бірте достық көңіл махаббатқа ұласып, екеуі отау көтереді. Енді ауылдың тойы бұл екеуінсіз өтпейтін болды. Қос ғашықтың шырқата салған сазды әуендері той ажарын аша түсуші еді.
1991 жылы отыз жасқа келген Үсен ойын – сауықты тастап, дін жолына бет бұрып, Аллаға қызмет етуді бастады. Асетулла атасының аманатына адалдық жолына бет бұрды.
Атасы Асетулланың өзін жанынан тастамай, қариялардың ғибратты сөздерін тыңдатқаны әсте естен шығар ма? «Бір қария балалардың ішінде жүрсе, бала болады. Бір бала қариялардың ішінде жүрсе, дана болады», — деген қанатты сөзді де сол қариялардың аузынан естіп еді.
«Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады», — деген ұлағатты сөзді дін ілімдерінен тәлім берген атасы айтушы еді.
Иә, «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» — деген еді ғой заңғар жазушы Мұхтар Әуезов.
Сол қариялардың терең ойлы, мазмұнды әңгімелері мен дін саласының білгірі атанған Асетулла атасының өз бойына сіңірген діни сенім арқылы берген рухани байлығы Үсенді Алла жолына еріксіз жетеледі.
— Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс – әрекеттерін белгілі — бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Ол – адам бойындағы ізгіліктің көрінісі. Қасиетті Құран Кәрімде: «Ер немесе әйел кісіден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте, оны жақсы тіршілікте жасатамыз әрі оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз», — деген.
Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында игі іс істеуге шақырады. Менің Асетулла атамнан алған ілімім, тәлім – тәрбием осы жолды таңдауға жетеледі, — деуші еді Үсен.
1991 жылы діни білімін жетілдіру үшін Үсен Жамбыл қаласына алты айлық діни курсқа оқуға барды. Осындағы дәрістерді тыңдай бастаған ол ұстаздардың күнделікті оқитын дәрістерін бұрыннан білетін болып шықты. Алты айлық курста алатын ілімін Асетулла атасы көп жылдар бұрын оның санасына құйып, жүрегін ислам нұрымен нұрландырып қойған екен.
Үсеннің білімдарлығына риза болған ұстаздары оған Ташкент қаласындағы Ислам университетіне барып, білім алуды ұсынады. 1991 – 1993 жылдары Ташкент Ислам университетінде жоғары білім алған Үсен жан дүниесін ислам нұрына толтырып, Ислам қағидатынан түгелдей хабардар болып келді. Исламның ізгілігі мен ұлы мұраттарын түсіндіре отырып, иманды қоғам құру жолында аз да болса өз үлесін қосу үшін, Алла Тағаланың соңғы әрі бірегей діні Ислам негіздерін түсіндіру мақсатында туған ауылы Үшаралға келіп, Абдулла ишан мешітіне имам болып қызметке кірісті.
— Адамның тілі өзгерсе, басқа тілде шүлдірлейді, ділі өшсе, ұлтын жоғалтады, діні өлсе, адамдықтан бір – ақ кетеді.
Біз алдымен, ислам дінінің адам баласының табиғи жаратылысымен үндесіп жатқандығын ұғынуымыз керек. Ислам діні – бүлікті емес, бірлікті көздейтін,ақылға бағынатын және ақылды дұрыс пайдалана білуге уағыздайтын, ғылыммен айналысуға үндейтін, ұстаным – тазалыққа меңзейтін асыл дін, — деуші еді ол өз уағызында жамағат алдында отырып.
Ол өте білімді, парасат – пайымды, кісілік пен кішілікті қатар ұстаған терең ойлы имам болды. Ол 114 сүре мен 6346 аяттан тұратын күллі мұсылман қауымының қасиетті кітабы – Құранды жатқа білді. «Құран оқу – сүннет, тыңдау – парыз» деп уағыздады. Үсен имам Құран оқығанда жүрегіңе ыстық шуақ құяр белгісіз бір керемет бір әсерге бөлер ырғақпен оқитын. Тыңдаған адам ұйып отыратын. Не деген әуен, не деген ырғақ!…
Оның аты көпшілік арасында тез тарады. Талас, Жамбыл өңірінен асып, Астана, Алматыға дейін аты өрледі. Біреу қайтыс болса, жаназасын шығартуға, үлкен жиын – тойларда Құран оқытуға арнайы келіп, алып кететін.
1996 жылы Меккеге қажылық сапарға барып, қажы болып қайтқаннан кейін оның беделі асқақтай түсті.
1997 – 2001 жылдары Қазақстан Ислам университетінде білім алған Үсен қажы 2001 – 2002 жылдары Қордай аудандық орталық мешітінің бас имамы, 2014 – 2015 жылдары Астана қаласындағы Нұр Мүбәрәк мешітінің наиб имамы қызметін атқарды. Ардың жүгін арқалап, бұл өмірден бүгілмей өтті. «Арым-жанымның садақасы» деген иманжүзді, ізгілік жолынан таймай өткен нағыз адам тұлғасындағы жан еді ғой.
1997 – 2022 жылдар аралығында Ошақты елінің имамы болып өткен Үсен қажы Шаһазіндаұлы 2025 жылдың мамыр айында бұл дүниеден өтті.
Үсен қажы дегдар болмысты өзгеше жан еді. Ол кісіні осылай деп атауымыздың өзі оны жан – жақты түгендеп тұрғандай. Дегдар сөзі сөздік ұғымда «текті», «асыл затты» деген мағынаны білдіреді. Иә, Үсен қажы тектінің тұяғы, асылдың сынығы, жақсының көзі еді.
Бекасыл әулие өз кезінде:
Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құс қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртты жияды, — деген екен.
Бекасыл әулие бабамыз осы сөзі арқылы Үсен қажының образын ашып тұрғандай көрінеді маған.
Менің мақсатым – Үсен қажыны дәріптеп, пұшпаққа шығару, болмаса, жоқтан бар жасап отырған пендешілік емес, жақсының жаратылысын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсыну. Ортақ іске қосқан үлесін өзінің азаматтық парызым деп білетін, жасаған ісі үшін ешкімнен мақтау дәметпейтін, өресі биік ойымен жұртты артынан ерте алатын адамдар жақсы деген бағаға лайық қой деп ойлаймын.
Қамысбай Сауқымов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қаратау қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.