Үлкен Сұлутөрде жаңа мәдениет үйі ашылды

21

Республика күні қарсаңында Қордай ауданының Үлкен Сұлутөр ауылында көптен күткен қуанышты оқиға болды — тұрғындарға арналған заманауи 90 орындық мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды.

Ауыл халқы үшін бұл көп жылдар бойы күткен маңызды нысан. Бұған дейін ескі мәдениет үйі тозып, пайдалануға жарамсыз күйге түскен болатын. Осы мәселе аудан әкімі Бегзат Болатбековтің ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілген еді. Сол кезде тұрғындардың өтінішін тыңдаған аудан басшысы жаңа мәдениет үйін салу жұмыстары жақын арада қолға алынатынын атап өткен.
Міне, араға аз уақыт салып, сол уәде орындалды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен және маңызды жаңалықпен құттықтады.

Шара барысында ауыл ақсақалы Мұқан Алтынбеков ақ батасын беріп, игі тілегін жеткізді. Рухани орданың қызыл лентасы аудан әкімімен бірге ауыл ақсақалы Болат Жұрынов пен мәдениет саласының ардагері Людмила Насырованың қолымен қиылды.
Бір қабатты жаңа ғимаратта мәдени-көпшілік шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Кең сахна, көрермендер залы, үйірме бөлмелері ауыл өнерпаздарының шығармашылығын шыңдауға жол ашады.
Айта кетейік, жобаның тапсырыс берушісі – Қордай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі болса, құрылыс жұмыстарын бас мердігер «Астанаэнергомастер» ЖШС сапалы әрі мерзімінде орындап шықты.
Жаңа мәдениет үйі ауыл халқының рухани тынысын кеңейтіп, шығармашыл жастардың орталығына айналары сөзсіз. Бұл елді мекеннің әлеуметтік және мәдени өміріндегі жаңа белес.

Leave A Reply

Your email address will not be published.