Жаңатастықтар қала күнін атап өтті

642

Шағын шаһарға 49 жыл

Жаңатас тұрғындары қала күнін атап өтті, — деп хабарлайды Сарысу ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап «08info» ақпарат агенттігі.

Жаңатастың іргесі ірі фосфорит кенін игеруге байланысты 1964 жылы қалана бастады. 1969 жылы кентке, 1971 жылы қалаға айналды. Бүгінде облыс орталығынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан Сарысу ауданының орталығы. Тоқсаныншы жылдары тоқырауға тап болған шағын шаһар күн санап көркейіп келеді. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен моноқалаларды дамыту бағдарламасы әзірленіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалы түзеліп, тіршілік қыза бастады.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар Жаңатас қаласында қазір 22 мыңнан аса халық бар. Ел арасында «Жаңа Париж» атанып кеткен қалада соңғы 5 жылда көпқабатты 7 үй, былтырдан бастап тәулік бойы ауыз су берілуде. 2020 жылы қалаға көгілдір отын – табиғи газ кіргізілмек. Жаңатастың бас жоспарына сәйкес, «Оқушылар сарайы» салынып, жаңа үлгідегі «Шығыс базары» бой көтереді. Теміржол вокзалы мен автобекет жаңармақ.

Кезінде өндірісі өркендеп, 60 мыңдай халық қоныстанған Жаңатас қазір қайта даму жолына түсті. Инфра­құрылымнан бастап, қаланы абаттандырып, көріктендіру, жаңа нысандар салу, демалыс орындары мен саябақтарды жаңғырту, жол-көлік қатынастарын ретке келтіру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жандануда.

Аудан әкімі Балабек Нарбаев Жаңатас тұрғындарын қала күнімен құттықтап, шаһар шырайы одан әрі көркейе түсетінін жеткізді.

Осынау мерейлі күнге орай, орталық саябақта «Неке қию алаңы» ашылып, жастар шаңырақ көтерді. Мереке эстрада өнерпаздарының концертінемен жалғасып, отшашуға ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.