Жаңарған Ата Заң – әділетті қоғамға бастар жол

30
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің еліміздегі конституциялық реформалар аясында әзірленген жаңа Ата Заңның жобасын таныстыру мақсатындағы кездесулері «ӘулиеатаТрансПасс» мекемесінде жалғасты.
Жиында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси жаңғыру үдерістерінің мән-маңызы, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен басымдықтары жан-жақты түсіндірілді.
✅ Әуелі шаһар басшысы конституциялық реформалардың ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басуға негіз болатынын айрықша атап өтті.
– Ата заң – мемлекеттің құқықтық тұғыры ғана емес, қоғам мен билік арасындағы өзара жауапкершіліктің айқын көрінісі. Жаңа жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, қоғамның барлық саласында әділеттілік қағидатын орнықтыруға бағытталған.
Қазіргі таңда конституциялық реформаларды ақпараттық-түсіндіру бойынша қалада 8 топ құрылды. Оның құрамында қоғам қайраткерлері, депутаттар, белсенді азаматтар және ағартушылар бар. Тікелей өзімнің жетекшілігіммен аталған топ мүшелері түрлі еңбек ұжымдары мен мекемелерде, білім беру ұйымдары және өзге де қоғамдық алаңдарда кездесулер өткізіп, көпшілікке реформаның ерекшеліктерін кеңінен түсіндіруде. Бұл бастама қоғаммен кері байланысты күшейтіп, әрбір азаматтың өз пікірін білдіруіне мүмкіндік беруді көздейді, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Келесі кезекте қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай жаңа Ата заң жобасы елдің саяси жүйесін одан әрі жетілдіруге, өкілді органдардың рөлін арттыруға және азаматтық қоғам институттарының дамуына серпін беретінін тілге тиек етіп, бұл өзгерістерге қоғамның белсенді қатысуы мен ашық талқылаудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында мекеме қызметкерлері бұл өзгерістердің мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын айтып, ұсынылып отырған реформаларға қолдау білдіретіндерін жеткізді.
✅ Жиын соңында шаһар басшысы қатысушыларды елдегі саяси өзгерістерге белсене атсалысып, ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Тараз қаласының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.