Жамбылдық құрылысшылар Арыстағы 50 үйдің жөндеу жұмыстарын аяқтады

296

Бүгінде еліміздің барлық өңірлері жұдырықтай жұмыла кіріскен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде десек, оның ішінде жамбылдық құрылысшылардың да белсенді еңбегін елеп айтуға болады. Облысқа тиесілі 3-сектордағы 50 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарының толығымен аяқталғаны соның айғағы. Пайдалануға берілген бұл үйлерге қайта қоныстанған арыстық тұрғындар әулиеаталықтарға дән риза.

Қазіргі таңда 3-сектор аумағындағы қалпына келтіру шараларына жамбылдық 4 құрылыс компаниясының 450-ден аса құрылысшысы мен 21 теxникасы жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Еске сала кетейік, Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үйлермен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалды. Қираған 3 үйдің екеуі басынан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қажетті құрылыс материалдары күн сайын жеткізілуде. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылуда.

Жуырда Арыс қаласына арнайы келген ҚР Премьер-Министр Асқар Мамин мен оның орынбасары  Жеңіс Қасымбеков та өз кезегінде облыс штабының жұмыстарына оң бағасын берген болатын. Бұл да болса игі іске жұдырықтай жұмыла кіріскен жамбылдықтардың біріге атқарып жатқан істерінің жемісі десек қателеспейміз.

Айта кетерлігі апат орын алған күннен бастап арыстықтарға алғашқылардың бірі болып жамбылдықтар қол ұшын созған еді. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген тәмсілге терең бойлаған әулеиеаталықтар ә дегеннен-ақ жарылыстан жапа шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелтіп, демеу болуда.

Атап айтар болсақ, зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету бойынша «Арыс. Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында Тараз қаласында 4 қабылдау пункті ашылды. Нұр Отан партиясының облыстық және аудандық филиалдарындағы арнайы пункттерде жиналған көмек материалдары, азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттар Арысқа жеткізілді. Бүгінге дейін барлығы 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жөнелтілген. Ол ғана емес, тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 2,2 миллион теңгеге қажетті дәрі-дәрмегімен қамтылған арнайы жасақталған 4 реанимобильмен 8 фельдшер Арыс қаласына жіберілген. Қазіргі таңда «Әулие Ата – Демеу» қайырымдылық қорына бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындардан қаржылар аударылуда. Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты облыс тарапынан көрсетілетін гуманитарлық көмек әлі де жалғасуда.

Бүгінде  Арыс қаласының 323 баласы Жамбыл облысындағы жазғы сауықтыру Тау самалы, Жұрындысай, Жұлдыз сынды лагерлерінде демалуда.

Қосымша ақпарат:

Арыс қаласында апат орын алған 24-26 маусым күндері Жамбыл облысының Жамбыл, Луговое және Шу станцияларында 11 жолаушы пойызы тоқтаған болатын. Ондағы жолаушыларға облыс тарапынан тиісті жағдай жасалды. Теміржол станцияларында тәулік бойы медицина қызметкерлерінен 4 бригада  кезекшілік ұйымдастырылып, медициналық қызмет көрсетті. Вокзал маңындағы мектептер мен қонақ үйлерден төсек орындар әзірленіп, тамақтану пункттері ашылды. Жолаушыларды тиісті орындарға жеткізу үшін де арнайы көлік маршруттары ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, 25 маусымда Тараз қаласына Арыс қаласының («Һибатулла Тарази» мешітіне) 134 тұрғыны жеткізіліп, орталық мешітке жайғастырылған. Оларға жергілікті билік пен тұрғындар тарапынан барлық керекті жағдайлар қарастырылып, ыстық тамақ, жатақхана, монша, медициналық көмек ұйымдастырылды.

Сонымен қоса, облыс басшысы Асқар Мырзахметов және оның орынбасарлары мен департамент, басқарма басшылары және аудан әкімдері Арыс қаласындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде бір күндік айлық жалақысын аударды. Өңірдегі өзге де мекемелер мен ұйымдар бұл бастаманы қолдап, атсалысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.