Жамбылда полицияның 5 фронт-офисі ашылды

236

Бүгін Жамбыл облысы Полиция департаменті  жанынан азаматтарды қабылдауға арналған фронт-кеңсе ашылды. Салтанатты жиынға полиция департаменті басшылары, жергілікті атқарушы органдардың, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыстық департаменті мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасын және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген мақсаттарды іске асыру аясында осы күні азаматтар үшін құқық қорғау органдарының бес, оның ішінде екі аудандық  фронт-кеңсесі ашылды.

Нәтижесінде бүгінгі таңда Жамбыл облысында 14 фронт-кеңсе жұмыс  жасайды. Онда әкімшілік полиция, көші-қон және жергілікті полиция қызметінің мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі мәселелерді шешуге  қатысты қажетті көмек көрсетеді, сонымен қатар халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпарат береді.

Сондай-ақ фронт-кеңсе қызметкерлері өздерінің тікелей міндеттерін орындаумен қатар, азаматтардың құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту жөніндегі ұсыныс- пікірлерін тіркейді.

Жаңа құрылым қолданысқа енгізілгеннен кейін ПД бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиев азаматтарды жеке қабылдады, бұдан кейін осы күні Тараз қаласының Полиция басқармасы мен №2 қалалық полиция бөлімінде ашылған жаңа фронт-кеңселермен танысты.

Бүгінгі таңда фронт-кеңсе қызметкерлеріне барлығы 5000-нан астам адам жүгінді, барлық жүгінген тұлғаларға қатысты уақтылы құқықтық көмек көрсетілді, әрбір өтінішке азаматтар толыққанды  және  байыпты жауап алды.

Осылайша, полицияның халықпен жұмыс жасаудағы  енгізілген жаңашылдық үрдісі қоғамдық диалогты ұйымдастыруды айтарлықтай жақсартып, азаматтардың қажеттіліктеріне қатысты ашықтық пен жедел ден қою қағидаттарын іске асыруға  мүмкіндік береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.