Жамбылда қолайсыз ауа райына байланысты полиция жол қауіпсіздігін күшейтті

33
Полиция қызметкерлері жолда қалып қойған жүргізушілерге көмек көрсетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастыруда.

Жамбыл облысында қолайсыз ауа райында полицейлер жол қауіпсіздігін күшейтілген режимде қамтамасыз етуде, — деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жамбыл облысында қолайсыз ауа райының салдарынан полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Тәулік бойы жүргізіліп жатқан бақылау мен алдын алу шараларына полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Олар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, автокөлік жүргізушілеріне көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда көліктерді сүйемелдеуді жүзеге асыруда.

Түнгі уақытта республикалық маңызы бар Батыс Еуропа — Батыс Қытай автожолында бірнеше жерде жүк көліктерінің топталып қалуы тіркелді:

• 240-шақырымда (Қайнар ауылы) – шамамен 250 жүк көлігі,

• Ақыртөбе ауылы маңында – 50-ге жуық көлік,

• 518-шақырымда (Жамбыл ауданы) – 150-ден астам ауыр жүк көлігі тоқтатылған.

Жолды қардан тазалау және қозғалысты қалпына келтіру жұмыстары күшейтілді. Түркістан облысы бағыты бойынша 6 арнайы техника, жаңа Қордай асуында – 6 бірлік (4 жол машиналары, 2 грейдер), ал ескі Қордай асуында – 5 техника (4 жол машиналары, 1 грейдер) жұмыс істеп жатыр.

Түркістан облысы бағыты бойынша қозғалыс бүгін сағат 12:00-де толық ашылды. Ал жаңа Қордай асуында қозғалысты қалпына келтіру жұмыстары сағат 15:00-де аяқталуы жоспарлануда. Жүк көліктері кептеліс туғызбауы үшін оларды кезең-кезеңімен өткізу ұйымдастырылған.

Қолайсыз ауа райына қарамастан, өңірде төтенше жағдайлар мен жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ.
 Фото: Polisia.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.