Жамбылда азаматтардың 45 өтініші оң шешімін тапты

29

Азаматтардың өтініштерін уақтылы қарау, көтерілген мәселелерге нақты жауап беру және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету – халықпен тиімді кері байланыс орнатудың маңызды көрсеткіші. Тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын зерделеу арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, заң талаптарының сақталуын бақылауға және анықталған кемшіліктерді жоюға мүмкіндік туады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында азаматтардың өтініштері бойынша кешенді талдау және бақылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттік қызмет саласындағы бірқатар мәселелер қаралып, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласы бойынша есепті кезеңде департаментке азаматтардан 135 жолданым келіп түсті. Оның ішінде 9 жолданым орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне, 126 жолданым жергілікті атқарушы органдарға қатысты болды.
Келіп түскен өтініштердің 76-сы қаралды. Оның ішінде 13 жолданым бойынша азаматтардың келтірген уәждері дәлелін тауып, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Бұл жұмыстардың 4-еуі жоспардан тыс тексеру, 9-ы сұрау салу арқылы жүргізілді.
Сонымен қатар 24 жолданым арыз иесінің өтінішін кері қайтарып алуына байланысты қарауды тоқтату туралы шешіммен аяқталса, 26 жолданым құзыреттілігіне сәйкес өзге мемлекеттік органдарға жолданды. Қазіргі уақытта 9 жолданым қаралу үстінде.
Жолданымдарды қарау қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет алу барысында құқықтары бұзылған 9 қызмет алушының мәселесі шешіліп, заң талаптарын бұзған жауапты тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Азаматтардың өтініштері негізінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау мақсатында департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасы тарапынан 6 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Тексеру нәтижесінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманы бұзудың 7 фактісі анықталып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті ұсынымдар енгізілді. Нәтижесінде 4 қызмет алушының құқықтары қалпына келтіріліп, жауапты тұлғаларға заң аясында шара қолданылды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша да азаматтардың өтініштері қаралды. 2026 жылдың алғашқы алты айында департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасына барлығы 251 жолданым келіп түсті. Оның 245-і жеке тұлғалардан, 6-ы заңды тұлғалардан түскен.
Түскен өтініштердің 153-і құзыреттілігі бойынша қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жолданды. Оның ішінде 12 жолданым Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 91-бабына сәйкес жіберілді.
Сонымен қатар 51 жолданым департамент құзыреті шегінде қаралса, 41 жолданым өтініш иесінің сұранысы негізінде қарауды тоқтату туралы шешіммен аяқталды.
Өтініштерді зерделеу нәтижесінде тағы 3 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет саласындағы заң талаптарының сақталуына байланысты департамент тарапынан 17 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 4 жоспарлы, 13 жоспардан тыс тексеру болған.
Тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың 186 фактісі анықталып, бұзушылықтарды жою бойынша 11 ұсыным енгізілді. Анықталған заңбұзушылықтардың 124-і бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы жүргізілген бақылау және талдау жұмыстарының нәтижесінде 45 азаматтың өтініші бойынша мәселе оң шешімін тапты.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыру, мемлекеттік органдардың халықпен кері байланысын нығайту және мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырады.

turaninfo.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.