Жамбыл облысының ПД бастығы бір күнін балалармен бірге өткізді

30

Бүгін Жамбыл облысының Полиция департаментінде өзгеше күн. Маңызды жиналыстар өтетін мәжіліс залының дөңгелек үстеліне ПД бастығымен бірге полицейлер емес – кішкентай балалар жайғасты.

Жазғы демалыс кезінде Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев «Мен полицей боламын» атты сурет байқауының қатысушыларына ерекше күн ұйымдастырды.

Алдын ала әлеуметтік желіге жарияланған шығармашылық байқауына 8 бен 12 жас аралығындағы 50-ден астам талантты оқушы қатысты.

Жас суретшілер полиция жұмысына қатысты кез келген техникада сурет салып, қызметтің маңыздылығы жайлы шағын бейнероликтер түсірді.

— Ұлым ерекше бала болғанына қарамастан, біз де байқауға қатысуға бел будық. Ол қатты уайымдап, салған суретіне бүкіл жан-тәнін салды. Саша жүлделі орын алғанын естігенде, оның көзінен қуаныш жасы көрінді, — деп әсерімен бөлісті оның анасы Анна Красикова.

Байқау қатысушыларына дипломдар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Іс-шара соңында полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев балалар мен олардың ата-аналарына департаменттің музейі мен жедел басқару орталығына экскурсия ұйымдастырды. Онда балалар полиция тарихы туралы көптеген қызықты мәліметтер алып, жол қозғалысы ережесін бұзғандарды қалай жауапқа тартатынын бейнебақылау камералары арқылы өз көздерімен көрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.