Жамбыл облысы әкімдігінің туризм және инвестиция басқармасына жаңа басшы тағайындалды

101
Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес Ержан Еркінұлы Тәліп Жамбыл облысы әкімдігінің туризм және инвестиция басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Ержан Еркінұлы 1989 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 2014 жылы Қытай Халық Республикасындағы Хуачжун ғылым және технология университетін (Шанхай ынтымақтастық ұйымы бағдарламасының стипендиаты) «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдап, 2016 жылы Ресей халықтар достығы университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Орыс, ағылшын және қытай тілдерін меңгерген.
Еңбек жолын 2014 жылы жеке секторда маман ретінде бастаған. Әр жылдары түрлі серіктестіктерде маман және сату менеджері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында маркетинг, халықаралық байланыстар, ұйымдастыру жұмысы және стратегиялық жоспарлау департаментінің маманы және бас маманы қызметтерін атқарған.
Кейін инвестициялар тарту және өңірлік даму саласында еңбек етіп, «Turkistan Invest» өңірлік инвестициялық агенттігінде, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да, «Түркістан облысының цифрландыру орталығы» филиалында, «Оңтүстік» өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-да және «Тараз» индустриялық аймағы» басқарушы компаниясы» ЖШС-да менеджер, бас менеджер, бас сарапшы, бөлім басшысы және инвестициялар тарту жөніндегі менеджер лауазымдарын атқарған.
Сондай-ақ «Zhambyl Invest» дирекциясы басшысының орынбасары және басшысы, «Тараз» индустриялық аймағы» басқарушы компаниясы» ЖШС директоры қызметтерінде еңбек етті.
Лауазымға тағайындалғанға дейін «Zhambyl Invest» ЖШС Басқарма төрағасы қызметін атқарды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.