Вегетация кезеңі басталғалы Қазақстанда суару үшін 8 млрд текше метрге жуық су алынды

42
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов вегетация кезеңінің өту барысы және аграршыларды суармалы сумен қамтамасыз ету үшін министрлік қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады.
Биыл Қазақстанда 1,2 млн гектар егіс алқабын суару үшін шамамен 11 млрд текше метр су алу жоспарланған. Бүгінде 1 млн гектарға жуық егіс алқабын суаруға шамамен 36 мың келісімшарт жасалды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытқа дейін 7,8 млрд текше метр су алынып, 870 мың гектарға жуық жер суарылды. Оның ішінде оңтүстік өңірлерде 7,5 млрд текше метр су алынып, 710 мың гектар егістікке су берілді.
Жедел мәліметтер бойынша, Қызылорда облысында су алу лимиті 3,2 млрд текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта 2,5 млрд текше метр су алынып, 117 мың гектар жер суарылды. Түркістан облысында 3,8 млрд текше метр лимиттің 2,9 млрд текше метр суы пайдаланылып, 289 мың гектар егістікке су жеткізілді. Алматы облысында су пайдалану лимиті 2,1 млрд текше метрді құрайды. Бүгінге дейін 1 млрд текше метр су пайдаланылып, 120 мың гектар суармалы жер суарылды. Жетісу облысында 1,8 млрд текше метр лимиттің 782 млн текше метрі алынып, 136 мың гектар жер суарылды. Жамбыл облысында су пайдалану лимиті 900 млн текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта 322 млн текше метр су алынып, 48 мың гектар егістікке су берілді.
Вегетация кезеңіне дайындық аясында су шаруашылығы инфрақұрылымына ерекше назар аударылды. Вегетация басталғанға дейін 1840 шақырым суару каналы тазартылды. Сонымен қатар 375 гидротехникалық нысан жөнделіп, 273 сорғы агрегаты дайындалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру жөніндегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жол картасы аясында биыл күріш егісінің лимиті 80,3 мың гектар болып белгіленді. Нақтысында күріш 77,9 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде 69,2 мың гектары Қызылорда облысына, 3,5 мың гектары Түркістан облысына, 4,5 мың гектары Алматы облысына және 0,7 мың гектары Жетісу облысына тиесілі.
Сонымен қатар Бас прокуратурамен бірлесіп әзірленген судың «қара нарығына» қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің мониторингтік топтары күн сайын су пайдалану лимиттерінің сақталуын тексеріп, суды заңсыз пайдалану деректерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2026 жылдың басынан бері бассейндік су инспекциялары 454 тексеру жүргізіп, су заңнамасын бұзудың 896 дерегін анықтады. Нәтижесінде 183 нұсқама беріліп, 154,8 млн теңге сомасына 444 әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ 56 материал сотқа жолданды.
🗣«Министрлік азаматтардың өтініштеріне, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға жедел ден қоюды жалғастырып келеді. Әрбір хабарлама бойынша мамандар оқиға орнына барып, қажетті шараларды қабылдайды. Жалпы, алдын ала қабылданған ұйымдастырушылық шаралардың, трансшекаралық су нысандары бойынша халықаралық өзара іс-қимылдың, су беру режимдерін жедел реттеудің және су пайдалануға бақылауды күшейтудің арқасында вегетация кезеңінің өтуі министрліктің тұрақты бақылауында. Көпшілік өңірде бұл жұмыс штаттық режимде жүргізіліп жатыр», – деді СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов.
Leave A Reply

Your email address will not be published.