Трамп пен Путин келісімге келе алмады – саясаттанушы

86

АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей басшысы Владимир Путин және Украина президенті Владимир Зеленский – үшеуінің де ұстанымы мен мақсаты мүлде өзгеше. Бұл туралы саясаттанушы Жанат Момынқұлов BAQ.KZ сайтына берген сұхбатында айтты.

Ресей халықаралық сахнада күшейіп келе жатқанын сезініп, әлемдік тәртіпті өз мүддесіне сай қайта құруға ұмтылып отыр. Қазір майданда да, дипломатияда да басымдық олардың қолында. Соңғы күндері Трамп әкімшілігі “келіссөзден шығамыз” деген месседж беріп еді, іле-шала Ресейдің белсенді қимылға көшуі кездейсоқтық емес. Бұл олардың Украинаға қатысты стратегиясы өзгермегенін білдіреді, – деді сарапшы.

Момынқұловтың сөзінше, Ресей Кинжал зымыранын қолдана бастағаннан бері соғыста айтарлықтай артықшылыққа ие. Әскер саны жағынан да Ресейдің Украинадан екі есеге дейін көп болуы мүмкін. Бұл да – маңызды фактор. Оның үстіне халықаралық аренада үлкен геосаяси сауда жүріп жатыр.

Қазір Ресей тек майдан шебінде емес, алда Украинаның ішкі және сыртқы шешім қабылдау тетіктерін де бақылауға тырысып көрмек, – дейді ол.

Санкция мен келіссөз: Трамп қандай қадамға барады?

Сарапшы Трамптың Ресейге қарсы санкцияны күшейту ықтималдығы бар екенін айтады. Әсіресе мұнай мен қаржы секторы басты нысанаға айналуы мүмкін.

Бұған дейін бұл бағыттар ішінара шектелген болатын. Егер Трамп Мәскеуге қысым жасағысы келсе, дәл осы “жанды жерге” соққы беруі керек, – дейді саясаттанушы.

Момынқұловтың пікірінше, жақында Стамбұлда өткен Ресей мен Украина дипломаттарының келіссөзі нәтижесіз аяқталған. Қазіргі әскери шиеленіс – соның салдары. Бұл тұста АҚШ-тың рөлі шешуші болып қала береді.

АҚШ Украина аумағынан толық кетеді деуге келмейді. Олардың басты стратегиясы – бір уақытта әлемдегі бірнеше аймақты қамту. Енді Украина мәселесін Еуропаға жүктеу ұсынысы да іске аса бастауы мүмкін. Бірақ Батыстың қолдауы тоқтамайды, – деп болжайды сарапшы.

Соғыс тоқтай ма?

Саясаттанушының айтуынша, Трамп бұл қақтығысты минималды шығынмен аяқтағысы келеді. Бірақ Ресей оған келісе қоймайды. Өйткені Мәскеу бұл соғысқа орасан қаржы мен ресурс жұмсады.

Тараптар жазда жаңа шабуыл басталуы мүмкін екенін жасырмай отыр. Трамптың қазіргі тактикасы – Путинді шешуші қадамға итермелеу: біресе санкциямен қорқытып, енді бірде жеңілдетемін деп мәмілеге келуге мәжбүрлеу. Бұл – ситуативті реализмге құрылған тәсіл, – дейді Момынқұлов.

Оның айтуынша, егер Путин көнбесе, Трамптың үш нұсқасы бар: келіссөзден мүлде шығу, қысымды күшейту немесе мәселені сөзбен ұзартып, шешімді кейінге қалдыру.

https://baq.kz/tramp-pen-putin-kelisimge-kele-almady-sayasattanushy-200014240/?fbclid=IwY2xjawKhOcBleHRuA2FlbQIxMQBicmlkETFtVWM5MmRWbjVBclExd0NyAR7JqxBPzYjMq6d3pDc8kY9Yclv6rz93Xpj8153DvYzh30Db0V6p8qyWrhnduA_aem_G3Q8-90KNW5NKPbEx-Q9zg

 

фото жасанды интелект

Leave A Reply

Your email address will not be published.