Тау бөктерінде тұтанған өртті сөндіруге бір тәуліктен астам уақыт кетті

568

Құтқарушылар Жамбыл облысының Рысқұлов ауданының тау бөктерінде болған табиғи өртті бір тәуліктен астам уақыт бойы сөндірді.

Жамбыл облысында ауа райының 40 градусқа дейін көтеріліп, күннің қатты ысып кетуі өңір аумағындағы құрғақ шөптің жануына себеп болған.

«7 шілде күні сағат 17:23-те Рысқұлов ауданының Қайыңды ауылдық округінің тау бөктерінде құрғақ шөп өртенді. Келесі күні өрт Ақыртөбе ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің ғимаратына қарасты «Мақпал» совхохының «Мамай» бөлімшесіне дейін жетіп, бұл аймақ та жалынға оранған. Сағат 1:20-да өрт ауыздықталып, бүгін таңғы 8:00-де түгелдей сөндірілді», — деді мекеме өкілі.

Жамбыл облысының ТЖД қызметкерлері таулы аймақтардағы жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты мұндағы өртті сөндіру қиындық туғызатынын жеткізді.

Т. Рысқұлов ауданындағы тілсіз жаумен күресу үшін басқармадан, орман шаруашылығынан, сондай-ақ, еріктілерден 130 қызметкер мен арнайы 20 техника жұмылдырылған. Өртенген аумақтың көлемі анықталуда.

Бір ай бұрын дәл осы ауданда құрғақ шөп пен ағаш бұталары өртке оранып, ары қарай Меркі ауданына ойысқан болатын. Ол кезде 100 гектардан астам аумақты жалын шарпыған.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.