Әр ата — ана үшін баласы қандай қымбат болса, әр мектеп үшін барлық оқушының білімі мен тәрбиесі , амандығы өте қымбат. Тәрбие талбесіктен басталады . Осы ретте оқу жылының аяғына жақын сәтте Сіздерге өз Үндеуімді жолдап отырмын.
ҚҰРМЕТТІ АТА -АНАЛАР МЕН ҰСТАЗДАР!!!
Оқу жылы аяқталуға жақындаған сайын білім мекемелерінде білім мен тәрбие беруден бөлек, басқа жағымсыз қарбаластар басталып кеткен сияқты. Мектеп бітіру кештері – әр отбасы үшін маңызды әрі есте қаларлық оқиға. Алайда соңғы жылдары мұндай кештерді тым сән-салтанатпен, ысырапшылдықпен өткізу үрдісі күшейіп келеді. Сонымен қатар осындай іс шаралар барысында болған жасөспірімдердің қайғылы оқиғаларында естен шығармаған жөн. Бұл құбылыстың бала тәрбиесіне кері әсері бар екенін ескеру маңызды.
Екіншіден, ата-аналардың бір-бірімен бәсекеге түсуі әлеуметтік теңсіздікті айқын көрсетеді. Кейбір отбасыларды мұндай жағдайлар қиындық туғызып, ата ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктер орын алып, балалар өздерін төмен сезінуі мүмкін. Бұл жасөспірімдердің психологиялық жағдайына кері әсер етеді. Мектептегі бұл іс шаралардың басты мәні – мектеппен қоштасу, ұстаздарға алғыс айту, достармен естелік қалдыру екенін ұмытып кету қаупі бар. Негізгі рухани мазмұн сыртқы сән-салтанаттың көлеңкесінде қалып қояды.
Сондықтан ата-аналарға мектеп бітіру кешін ұйымдастыруда тепе-теңдік сақтаған жөн. Қарапайым, бірақ мазмұнды, тәрбиелік мәні бар кеш өткізу – балаға дұрыс құндылықтарды қалыптастырудың маңызды жолы.
Сонымен қатар мектепте (4,9,11) сыныпта қаражат жинап мақсатсыз түрлі іс шара өткізу, мұғалімдерге немесе мектепке сыйлық сыйлау, емтихан кезінде қаражат жинау, мектептегі түрлі себептермен ақша жинау, мектеп бітіру кештерінде көліктер ұйымдастырып автошеру өткізу дәстүрге айналғандығын қоғам болып тоқтату қажет деп есептеймін. Мектепте ақша жинау заңсыз екенін біле тұра, бала қатарынан кем болмасын деп ата-ана сұраған ақшасын тауып беруге тырысады. Әр оқу жылында алдын алу жұмыстары жүргізілгенмен, ата аналар тарапынан өздігінен ұйымдастырып жатады. Осы іс-әрекеттің баршасына айтарым бала тәрбиесіне бей жай қарамайық. Барлық баланың құқығы бірдей.
Қадірлі ата — ана, ұстаздар!
✅Әр бала – сіздердің үміттеріңіз, ел болашағы. Ол әлі мектеп қабырғасынан толық шыққан жоқ. Демек, олар әлі біздің шәкірттеріміз. Әр бала үшін ата-анасы қалай алаңдаса, біз ұстаздар оқушылар үшін солай алаңдаймыз. Бала деген 16-17 жастағы жасөспірімдік кезеңдегі жастар. Олар өмірдің оңы мен солын әлі жақсы білмейді. Ұстазды сыйлау керек, сыйлық алу керек, сыныптастармен қоштасу керек, ол үшін ұшқыр көлікпен зымырап жүру керек, қымбат мейрамханада отыру керек, бір-бірімізге қымбат сыйлық беруіміз керек деп ойлайды. Себебі олар – бала!
Ал олар ойлаған нәрселердің қауіпсіздігіне кім кепіл бере алады? Әр мектеп бітірушіге кететін қаржылай шығынды кім төлейді? Біз түсінеміз, ата-ана баласынан ештеңесін аямайды. Бірақ, ата-аналардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайы әртүрлі. Кей отбасында не әкесі, не анасы жоқ отбасылар да бар.
Сондықтанда «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда ілгерілету шеңберінде, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама және білім саласындағы заңнама нормаларының сақталуын қамтамасыз ету маңызды.
Ал, көлік жалдау, автошеру өткізу, – өте қауіпті! Сіз ата-ана, бірінші балаңыздың амандығын ойлаңыз!
Ондай көлік апатынан қайғылы жағдайлар әр жылы еліміз бойынша орын алып жатқаны белгілі.
Сондықтан, жоғарыдағы іс-шараларға тыйым салынады. Мектеп директорлары, орынбасарлары, сынып жетекшілері, ата-аналар!
Сіздер де осы мәселенің қауіпті жағын, әлеуметтік жағынан салмақ екенін барша мектеп бітірушілерге түсіндірулеріңізді сұранамын.
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева!