2025 жылғы 26 желтоқсанда М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде жас сайлаушыларға арналған облыстық форум ұйымдастырылды.

Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, облыстық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері, қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдері мен жастар ресурстық орталықтарының басшылары, Жас сайлаушылар клубтарының мүшелері, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Форумға жалпы саны 600-ге жуық адам жиналды.

Форум аясында сайлау учаскесінің үлгілік көрінісі ұйымдастырылып, сайлау процесінің кезеңдері, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы және сайлаушыларға жасалған жағдайлар таныстырылды. Бұл алаң жас сайлаушылардың сайлау рәсімдері туралы түсінігін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Форум Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылып, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Сайлау тарихы» атты театрландырылған қойылымымен жалғасты.
Жиында Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, жастардың ел болашағын айқындаудағы белсенді азаматтық ұстанымының маңыздылығына тоқталды.
Форум барысында спикерлер ретінде Айбек Қадралиев, Айнур Келімбетова, Айгерім Даулетбаева және Мади Күнту сөз сөйлеп, жастардың саяси белсенділігін арттыру, азаматтық жауапкершілікті нығайту, инклюзия мен сайлау мәдениетін дамыту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара аясында жастар арасында блиц-викторина өткізіліп, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ «Әдеби жігіттер» жайдарман тобының саяси-әлеуметтік тақырыптағы әзілдері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушылар пікірі QR-код арқылы жүргізілген онлайн сауалнама негізінде жинақталды.
Форум барысында Тараз қаласы мен аудандарда өткен Жас сайлаушылар клубтарының жұмыстары қорытындыланып, үздіктер Бас жүлде, І, ІІ және ІІІ орындар бойынша марапатталды. Белсенді жастарға облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық сайлау комиссиясының Алғыс хаттары табысталды.
Қорытынды сөз сөйлеген Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов жастардың саяси мәдениетін қалыптастырудағы мұндай алаңдардың маңызын атап өтті.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Жамбыл облысының әкімдігі