«Taraz Mall» ойын-сауық орталығы көктемде ашылады

1 017

Осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласындағы ескі базар орнынан «Taraz Mall» ойын-сауық орталығының қазығы қағылғанда жағымды жаңалыққа қуанбаған жамбылдық қалмаған шығар, сірә! Бірі жаңа нысан қаламыздың ажарын ашып, көркін кіргізе түсетінін, енді бірі демалыс уақыттарын тиімді әрі көңілді өткізу үшін Алматы, Шымкент сияқты қалаларға сабылмайтынын айтып, арқа-жарқа болды.

Алайда, «Қазақстанда емес, бүкіл Орта Азиядағы ең ірі ультразаманауи ойын-сауық нысаны болмақ» деп жарнамасы жер жарған зәулім ғимараттың құрылыс жұмыстары әлі де жалғасу үстінде. Қателеспесек, нысанның әуелгі төлқұжатында құрылыстың аяқталуы 2017 жыл деп көрсетілген болатын. Дегенмен, арада бір жыл сырғып өте шығып, 2018 жылмен де қоштасар сәт таяғанымен, «Taraz Mall»-дың есігін айқара ашатын күні алыс тәрізді. Бір анығы, бұрнағы жылдарға қарағанда бүгінде құрылыс жұмыстары ерекше қарқын алып, жұмысшылар күні-түні дамылсыз еңбек етуде. Осы орайда біз құрылыс басына арнайы барып, жауапты тұлғалармен дидарласып, талайды мазалап жүрген «Taraz Mall» ойын-сауық орталығы қашан ашылады?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрдік.
Нысан аумағына табан тірегеннен бірден аңғарғанымыз, мұнда қол қусырып жүрген бірде-бір азаматты көрмейсің. Құрылыс жұмыстарына жауапты азаматтардың бірі, тапсырыс берушінің өкілі Борис Алексеевті де әлдебір сызбаларды қарап, қағазға көміліп отырған сәтінде кездестірдік. Өзіміздің мұнда келудегі мақсатымызды айтып ауыз жиғанша болған жоқ, іс-әрекетінен-ақ уақытының тығыздығы, жұмысқа деген жауапкершілігі байқалып тұрған ол көп созбастан құрылыс жұмыстарының барысымен таныстыруды бастап кетті.
– Алғашында орталықты қазіргі «Astana Сinema» кинотеатрының орнына салу жоспарланған. Алайда, жер көлемінің тарлығы және қаржы мәселесіне байланысты бастапқы жоспар аяқсыз қалды. Сол себепті, таңдау ескі базар орнына түсті. Қаланың аумағы жыл санап кеңейіп келе жатқанын ескерер болсақ, өз басым бұл шешім өте орынды деп ойлаймын.
Жалпы, нысанның аумағы 78 мың шаршы метрді алып жатыр. Құрылыс жұмыстарымен қазақстандық 7 компания айналысуда. Қазіргі таңда мұндағы жұмыстар 95 пайызға аяқталды. Барлығы 500-600 жұмысшы еңбек етуде. Қазір сыртқы жұмыстарға айрықша басымдық берілуде. Себебі, күн суытпай тасжолдарды төсеп алуымыз керек. Сол секілді қазақы нақышпен нысанның сыртын безендіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Ал, қыс мезгілінде ішкі әрлеу жұмыстарын жалғастыратын боламыз.
Ойын-сауық кешенінің 5 қабатты ғимаратының бірінші, екінші және үшінші қабаттары дүкендер болса, төртінші қабатта батут орналасады. Бесінші қабатта қонақтар тамақтанатын орындар, 7 кинотеатр, ойын-сауық жайлары, мұз айдыны болады. Қазірдің өзінде жалға алушылар келіп, өз орындарына тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Заман талабына сай салынып жатқан зәулім орталық 2019 жылдың 23 наурызында ел игі­лігіне беріледі деп күтілуде, – дейді Борис Алексеев.
Құрылыс басындағы жауапты маман­дардың сөзіне сүйенсек, ғимаратқа пайдала­нылған әрбір материалдың сапасына айрықша көңіл бөлініп жатыр. Бұл тұрғыда отандық және АҚШ, Италия, Германия мемлекеттерінен жеткізілген өнімдер пайдаланылуда. Ал, құры­лыстың ұзаққа созылып кетуіне қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аударылғаны себеп болып отырған көрінеді.
– Өздері­ңізге де мәлім, ағымдағы жылы Ресейдің Кемерово қаласын­дағы ат­шап­тырым аумақты алып жатқан орталықта өрт болып, алпыстан аса қала тұрғыны мен қонақтары өлім құшты. Сол себепті де келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталықтың жобасы қайта қаралды. Әрине, оған дейін де қауіпсіздік мәселесі назардан тыс қалды дей алмаймыз. Дегенмен, «сақтансаң сақтайды» демекші, бұл бағыттағы жұмыстарды тағы бір мәрте жүйелеуді дұрыс деп таптық. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында өз елімізден және шет мемлекеттерден арнайы сала мамандарын шақырып, кеңестеріне құлақ түріп, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Кез келген төтенше жағдайға жол бермес үшін керекті құрал-жабдықтардың барлығын Америкадан арнайы алдырдық, – дейді Б.Алексеев.
Осылайша, құрылыс жұмыстарының барысымен жіті танысып шықтық. Ғимарат ішінде сауда орындарының бірін жалға алушы Әлия есімді азаматшамен тілдесудің сәті түсті. Сонда білгеніміз, қазіргі таңда тек 50 шаршы метрлік орындар ғана бос екен. Ал, бұл көлемнің ай сайынғы төлемақысы 700 мың теңгені құрайды. Жалпы алғанда әр шаршы метрдің құны – 14 мың теңге. Әрине, орындардың жалға алу құнын білгенде талайдың жағасын ұстайтыны анық. Бірақ, соншалықты қымбат болғанына қарамастан, бүгіннің өзінде ең үлкен орындардың барлығы өз иелерін тапқан екен.
Біз осы мақаламызды даярлау барысында тек жауапты азаматтармен сөйлесіп қана қоймай, қала тұрғындарының пікіріне де құлақ түргенді жөн деп таптық. Тұрғындар арасында «Жаңа ойын-сауық орталығынан қандай дүниелерді көргіңіз келеді?» деп сауалнама жүргізіп көрген едік…

Халық қалауы не?

Кәдесыйлар сататын орын қажет

Зәмзәгүл ҚЫДЫРМАШОВА, Тараз қаласының тұрғыны:
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен өңірімізде туризм саласын дамытуға айрықша басымдық беріліп, нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын баспасөз беттерінен оқып отырамыз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жемісін беріп жатса, көп ұзамай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен, шет мемлекеттерден қойнауына сан ғасырлық тарихты бүккен Тараз шаһарына қонақтардың ағылатыны анық. Ал, келген қонақтың қала орталығындағы сәулетті ойын-сауық орталығына бас сұқпай кетпейтіні белгілі. Сол себепті, туристердің қызығушылығын оятатын естелік кәдесыйлар сататын, қаламыздың тарихын сөйлеткен еңбектер, жергілікті шеберлер жасаған қолөнер бұйымдары қойылса, меймандардың сатып алатындығына сенім мол. Сондықтан тарихымызды, жалпы алғанда қазақи қалпымызды танытуға үлкен мүмкіндік беретін мұндай игілікті істерді жүзеге асырудан қашпасақ екен.

«Боулинг» ойнайтын жер болса…

Әлібек МҰРАТБАЕВ, Жамбыл облысы «Қазақстан Студенттері Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– «Taraz Mall» ойын-сауық орталығы салынатыны жайында алғаш естігенде әлеуметтік желіде бөлісіп, сүйіншілеген жанның бірімін. Жасыратыны жоқ, қаламызда жастар демалатын орындардың өте аз екені ащы да болса ақиқат. Ал, сауда орталығы сол кемшіліктің орнын толтырады деп ойлаймын. Жаңа нысанда жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдайлар жасалғаны абзал. Мәселен, шахмат, үстел теннисі, боулинг ойнайтын арнайы орындар ашылып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Аумағы атшап­тырым орынды алып жатқан орталықта мұнан өзге де жастардың қажеттілігін өтеу үшін көп нәрселер істеуге болады.

«KFC» жейтін күн алыс емес

Жанар ХАЛЫҚОВА, Тараз қаласының тұрғыны:
– Тек еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы ең үлкен ойын-сауық орталығы болғандықтан оның жамбылдықтардың ерекше қызығушылығын оятатын дүниелерді қамтуға мүмкіндігі бар деп ойлаймын.
Сондықтан, тек жастардың ғана емес, егде тартқан азаматтардың жеңсік асына айналып үлгерген «KFC» ашылса құба-құп. Мәселен, өзіміз де кейде аңсарымыз ауғанда жолдың қашықтығына қарамастан «KFC» жеу үшін Шымкент шаһарына арнайы барып келеміз. Бәлкім, «KFC» әзірлейтін орын ашудың да белгілі бір талап, тәртібі бар шығар. Дегенмен, тұрғындардың сұранысы өте жоғары екенін, шаһардағы адам санының жыл санап көбейіп келе жатқанын ескере отырып, мұндай орындар ашудың бар мүмкіндігін қарастырып көрсе екен.

Міне, тараздықтар жаңа орталықтан осындай дүниелерді күтетінін айтуда. Озық үлгідегі орталықта тұрғындардың талап-тілегі ескерілетіндігіне күмән жоқ. Өйткені, бұл халық сұранысынан туындаған тың бастама екендігі белгілі. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс қарқынды. Жұмысшылар жан аямай еңбек етуде. Жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да үзіліссіз жалғасын тауып жатса, Жамбыл облысының тұрғындары Ұлыстың ұлы мерекесі қарсаңында мәре-сәре күй кешетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.