«Тараз»-«Қыран»: 7-0

609

Бірінші лигада өнер көрсететін «Тараз» футбол клубы көш басындағы «Қыран» командасымен күш сынасып, қарсылас қақпасына жауапсыз 7 гол соқты. Жерлестеріміздің мұндай ойынын бұрын-соңды көрмеген жанкүйерлер аң-таң. Қалай дегенде де, маусым басынан қарсылас шақ келтірмей келе жатқан «Қыранның» осы жолы қанаты оңбай қайырылды.

Премьер-лигадан бірінші лигаға түсіп қалған аймақтың бас командасының турнирлік кестедегі жағдайы көрермен көңілінен шықпай жүргендігі белгілі. Жанкүйерлердің келер жылдың футбол маусымында Премьер-лигаға шығады деген үміті мен сеніміне селкеу түсе бастаған болатын. Сырт алаңда да, өз алаңында да сүреңсіз ойын өрнегін көрсетіп, ұпайдан шашау шығарып жүрген команда 18-турдың қорытындысы бойынша 33 ұпаймен 2-сатыдан 4-сатыға сырғыған. Сондықтан, Нүркен Мазбаев жаттықтыратын командаға ұпай ауадай қажет екендігі айтпаса да белгілі еді.

Кездесудің алғашқы таймында қос команда қанша шабуылдағанымен есеп ашылмады. Алайда, «Тараз» өзінің әлеуетін кездесудің екінші бөлігінде көрсетті. Төреші­нің ысқырығы шалына салысымен жерлестеріміз шабуылға лап қойып, қарсылас команданың қақпашысын біраз қыспаққа алды. Нәтижесінде, ойындағы алғашқы гол 49 минутта соғылды. Әріптесінің айып алаңына көтерген добын қақпаға баспен бағыттаған Думан Тұрсынбай есеп ашты. Араға 5 минут салып, Бекзат Шадманов екінші голды қақпа торында тулатты. 2 гол жіберіп алған көрші облыстың командасы тайлы-тұяғымен шабуылға көшіп, ойынды өз қолдарына алғысы келді. Бірақ, олардың осындай тактикасын тиімді пайдаланған «Тараз» клубының футболшылары қарымта шабуылда тағы 5 гол соғып, айды аспаннан шығарды. 61-минутта Дінмұхаммед Қараман қарсылас қақпасынан саңылау тапса, 73-минутта дубль авторы атанды. Сондай-ақ, Думан Тұрсынбай да кездесудің 79-минутында дубль жасаса, тараздықтардың көшбасшы ойыншыларының бірі Әлішер Сүлей 87-минутта гол соғып, есепті 6:0-ге жеткізді. Дегенмен, бұл есепке де қанағаттанбаған жігіттеріміз 90 минут түгесілер тұста тағы бір қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ, қарсылас команданың қақпашысы Исмайл Әскеров шарасыздықтан шабуылшыны шалуына тура келді. Осылайша, төреші «тараздықтардың» пайдасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Оны орындаған Әлішер Сүлей мүлт кетпеді. Нәтижесінде «Тараздың» айдарынан жел есіп, 7:0 есебімен жеңіске жетті.

19-турдың қорытындысы бойынша «Тараз» 36 ұпаймен 3-орынға көтерілсе, 2-сатыда «Оқжетпес» командасы тұр. Ал, көшбасында әлі де «Қыран» командасы келеді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.