Қаратау қаласындағы киелі «Тамды әулие» бұлағы аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп, аудан жастары бұлақ маңын қоқыстан тазартып, көріктендіру жұмыстарын жүргізді.
«Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері бұлақ маңын қоқыстан тазартып, аумақты ретке келтіріп, табиғи ортаның көркін сақтауға үлес қосты. Сонымен қатар, ағаштарды ақтау, қураған шөптер мен қоқыстарды жинау сынды жұмыстар жүргізілді. Жастардың табиғатқа жанашырлығын арттыру, киелі орындарды таза ұстау арқылы қоғамдық жауапкершілік пен мәдениетті арттыру бағытындағы мұндай игі шаралар аудан аумағында үздіксіз ұйымдастырылып, ниет білдіруші жастардың қатары күн санап көбейіп жатқандығы көңіл қуантады.
«Жасыл ел» жасақтары да елдік іске етене араласып, Қаратау қаласы мен аудан аумағында тазалық пен тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосуда. Жасақ жастары сенбіліктер ұйымдастырып, қоғамдық орындарды, саябақтар мен өзен-көл жағалауларын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды жұмыстар атқаруда.
Сонымен қатар, жасақ мүшелері тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға атсалысып, табиғатты аялау, қоқысты сұрыптау және қоршаған ортаны ластамау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аудан жастары мен «Жасыл ел» жасақтарының бұл игі ісі – еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға және «Таза Қазақстан» идеясын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам.
«Таза Қазақстан» — елімізде қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды экологиялық акция десек, бұл бастама қоғамды табиғатты қорғауға, аула, көше, өзен-көлдер мен киелі орындарды таза ұстауға жұмылдырады. Жалпыұлттық игілікті істе аудан жастары да белсенділік танытып келеді. Олар бірлікпен еңбек етіп, табиғатты таза ұстаудың маңызын өз істерімен көрсетуде.
Әсем Әбдуалиева,
«Жастар ресурстық орталығының» аға инспекторы.