Қазақстан Республикасының «Спорт күні» кәсіби мерекесіне орай Жамбыл облысында спорт ұйымдары қызметкерлері арасында облыстық спартакиада ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық шара Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт сарайында салтанатты түрде ашылды.
Спартакиадаға облыстың барлық өңірінен 56 команда жасақталып, спорт саласының 1000-ға жуық қызметкері қатысты. Қатысушылар футбол, арқан тарту, қол күресі, асық ату және үстел теннисі сынды спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтады.
Спорттық шараның басты мақсаты – сала қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, әріптестер арасындағы өзара ынтымақтастық пен командалық рухты нығайту. Сонымен қатар спартакиада кәсіби мерекені жоғары деңгейде атап өтіп, спорт мамандарының еңбегін дәріптеуге мүмкіндік берді.
Шара барысында спорт саласының дамуына елеулі үлес қосып, өз ісіне жауапкершілікпен қарап жүрген бірқатар қызметкерге Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды.
Спартакиаданың ашылу рәсімінде спорттың қоғам өміріндегі маңызына ерекше мән берілді. Өйткені спорт – денсаулықты нығайтудың тиімді жолы ғана емес, ел бірлігін бекемдеп, жастарды тәртіпке, табандылыққа, жігерлілікке және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін маңызды бағыт.
Облыстық спартакиада спорт саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, әріптестік байланысты нығайтып, ортақ мақсат жолындағы бірлігін арттыруға ықпал етті.
Спорт күні – елдегі спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін бағалап, олардың жетістігін атап өтетін маңызды мереке. Осы ретте барша спорт саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, мықты денсаулық, еңбекте табыс, толағай жетістіктер және жаңа жеңістер тілейміз!
https://baq-orda.kz/article/sport-salasynyn-qyzmetkerleri-oblystyq-spartakiadada-baq-synady