20 мамыр күні Тараз қаласында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің базасында жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасындағы IX республикалық «Шерхан Мұртаза оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – мектеп оқушылары арасында қазақтың халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ш.Мұртазаның шығармаларын насихаттау, қайраткерлік тұлғасын өскелең ұрпаққа кеңінен мазмұндап, тәуелсіз ел руханиятындағы маңызын зерделеу, егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосу.
Салтанатты ашылу рәсіміне университет ректоры Махметқали Нұрғалиұлы Сарыбеков пен Жамбыл облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Әбілдәқызы Қызылқұлова қатысып, жас өрендерге сәттілік тіледі.
Республикалық байқауға еліміздің әр аймағынан 50-ге жуық үміткер қатысып, 3 номинация бойынша бақ сынады:
1.«ЖҮРЕККЕ ЖОЛ ТАПҚАН ЖҰЛДЫЗ КӨПІР» номинациясы бойынша оқушылар жазушының шығармалары негізінде ( драмалары: «Ноқтаға басы сыймаған», «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Жалғыз үйлік зілзала», «Домалақ ана») берілген теориялық сұрақтар мен үзінділерге әдеби, тілдік талдау жұмыстарын орындады.
2.«ЗАУ ТҰЛҒА» номинациясы бойынша оқушылардың өз шығармалары (Ш.Мұртаза туралы жазған арнау өлеңдері) бағаланды.
3.«ШЕРХАН МҰРТАЗА МҰРАСЫ» (ғылыми жоба) номинациясында оқушылар зерттеу жұмыстарында Шерхан Мұртазаның прозалық, публицистикалық дүниелері, драмалық шығармалары, философиялық тұжырымдары, патриоттық рухта жазылған, ана тіл, ұлттық тарих, ұлттық құндылықтар, ұлт болашағы мәселесіне байланысты (оқушының таңдауы бойынша) тұжырымдары терең талданып, өзіндік пікірлер мен жаңалықтар көрініс табуы қажет. Тілден жазылған жағдайда Ш.Мұртазаның шығармалары тілдік тұрғыдан сауатты талданып, теориялық жаңалықтар болуы шарт.
Республикалық байқаудың нәтижесі бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының І дәрежелі дипломын-3 оқушы,ІІ дәрежелі дипломын — 6 оқушы,ІІІ дәрежелі дипломын- 10 оқушы иеленіп,бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жүлдегерлер мен қатысушыларға Шерхан Мұртазаның көркем әдеби кітаптары табысталды.
Шығармашылық додада Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректор грантын Алматы қаласы, Абай РММИ-ның 10 сынып оқушысы Ғұмырзақ Бекасыл иеленді.
Жамбыл облысының әкімдігі