Сенімің дұрыс болмаса, құр құлшылықтан пайда жоқ!

174

Ақида (сенім тіректері) ғылымы – ислам дінінің негізі. Шариғатымыз бойынша, ақида дұрыс болмаса, жасалған құлшылық-ғибадаттар да Алланың құзырында (назарында) қабыл емес. Мәселен, ақиданы ағаштың діңгегі десек, ғибадаттар сол дарақтың бұтақтары іспетті.

Жуырда өңірлік ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/2 мекемесінде өткен кездесуде жазасын өтеушілерге осы жөнінде кеңінен мағлұмат берілді. Басқосуда шаһарымыздағы «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл Имам Әл-Матуридидің ақидасы: мәні мен маңызына айрықша тоқталып, ақида мұсылмандарды дұрыс емес түрлі сенімдерден сақтайды, мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз етеді. Яғни, сенім барлық илаһи діндердің негізін қалайды, себебі ол уақыттың өтуі, өзгеруі мүмкін болған үкімдерге ұқсамайды дегенді баса айтты.

Жалпы, ислам ғұламаларының көпшілігі Аллаға иман келтірген адамның мәңгілік тозақта қалмайтындығына сенген. Ал харижиттер үлкен-кіші күнә істеген адамды мүминдік санаттан шығарып, кәпірлер қатарына қосқан. Имам әл-Матуриди бұл жөніндегі ойын былайша сабақтайды: «Күнәһар мұсылмандардың ақыреттегі жағдайын Аллаға қалдырғанымыз жөн. Егер Алла қаласа рахым етіп, күнәһар пендесін кешіреді. Қаласа күнәсіне қарай азаптайды. Бірақ Өзіне иман келтірген адамды тозақта мәңгі азаптамайтыны анық. Осылай ойлағанда адам «үміт» пен «қорқыныш» арасында күн кешеді. Себебі, Алла кішкентай бір күнә үшін рахым етпей, пендесін азаптауы немесе үлкен күнә жасаған пендесін кешіруі мүмкін. Алла Құран Кәрімде: «Алла өзіне ортақ қосқанды жарылқамайды да, бұдан өзге күнә жасаушыларды кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, расында, үлкен күнә жасаған болады» («Ниса» сүресі, 48-аят) деп Өзіне серік қосушыларды ғана кешірмейтінін айтқан. Һижра жыл санауымен ІІІ-ІV ғасырларда ислами ойды мазалаған осындай мәселелер жайында имам әл-Матуридидің жалпы көзқарастары осылар.

Қорыта айтқанда, түзеу мекемесінде өткен жиын барысында сотталған азаматтар дін тұрғысында пайдалы іліммен сусындап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап таба алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.