Сарысуда мектеп жанынан мұражай ашылды

854

Сарысу ауданындағы «Түгіскен» орта мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұражай ашылды. Тарихи-өлкетану және этнографиялық бөлімі ауыл тұрғындарының қолдауымен тарихи жәдігерлер жинақталуда. Этнографиялық бөлімде Саудакент қалашығы, Тараз маңынан табылған қыш ыдыстар, ерекше тастар, тасқа айналған ағаштар,күміспен көмкерілген адалбақан, былғарымен қапталған ат әбзелдері, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, шоқ үтігі, қол шамы, зергерлік бұйымдар, күбі, келсап, диірмен, самаурын, жергілікті ұстаның жасаған арба дөңгелегі, соқа ұшы, шаруаға қажетті құрал-саймандар, Сапақ датқаның қызының жасауы (сандық), жіп иіретін құрылғы, жергілікті үйішінің киіз үй макеті мұражайда тұр.

Тарихи-өлкетану бөлімінде ауыл, мектеп шежіресі, Түгіскен асыл тұқымды мал заводын 30 жылдай басқарған Сейтжан Тасыбаев пен ұзақ жылдай мектеп директоры болған Әбдіғазит Жылқайдаровтарға арнайы бұрыштар ашылған. Онда ұстанған бұйымдары мен құжаттары жинақталған. «Еліне қарап азаматын таны» бөлімінде ауылға еңбек сіңірген қайраткерлер, социалистік еңбек ерлері, қызыл ту орденін иеленген аға шопандар жинақталса, «Білімдінің қолында алтын шырақ» бөлімінде мектеп директорлары, осы мектептен шыққан ғылым докторлары, жазушылар, еліміздің түкпір-түкпірінде абыроймен қызмет атқарып жүрген түлектердің портреттері және  бұйымдары қойылған.

Жуырда «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында өткізілген «Виртуалды мектеп мұражайы» атты облыстық байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.