Сарысуда 857 бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданды

41
Бүгін еліміздегі барлық мектептерінде соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлайтын күн.
Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын жас түлектер мерекесі.
2025–2026 оқу жылы аудан мектептерінде 8816 оқушымен басталды. Оның ішінде 857 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданды. Биылғы түлектер арасында – «Алтын белгі» төсбелгісіне – 27, «Үздік аттестатқа» – 26 үміткер.
Бүгінгі Жаңатас қаласындағы М. Әуезов мектеп-гиманзиясында өткен соңғы қоңырау шарасына аудан әкімі Сәкен Мамытов, сала басшылары, ата – аналар мен ұстаздар қатысты.
Салтанатты шара Әнұранмен басталды.
Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы оқушыларды, ұстаздарды, ата-аналарды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, жас түлектерге өзінің ақ тілегін жеткізді. Ұлттық бірыңғай тестілеуді өз деңгейінде тапсырып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуіне, бойына отансүйгіштік қасиет дарыған, білімді, ой-өрісі кең азамат болып қалыптасып, өмірден өз орындарын табуына тілектестігін білдіріп, қадамдарына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ салтанатты шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов, мектеп директоры К. Сарсекова, ата-аналар сөз сөйлеп, мерекемен құттықтап, жас түлектерге жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Мектеп оқушылары, бітіруші жас түлектер өнерлерін көрсетіп, түлектер қоштасу вальсін биледі.
Соңғы қоңырау жанарларын қимастық сезімі жайлаған түлектерге сәт сапар тілегендей сыңғырлай соғылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.