Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Байзақ ауданы тұрғындарымен кездесті

20

Бүгін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысқа жұмыс сапарымен келіп, Байзақ ауданының тұрғындармен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының өңірде іске асырылуы болды. Кездесуге аудан тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым, жастар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар қатысты. Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев кездесуді ашып, жүргізіп отырды.
Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндама жасап, «Биылғы жылы ауданда инвестиция көлемі 23,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,0%-ға артқан. Өндірістік қуаттарды арттыру және өңдеу саласын қолдау бағытында 32 жобаның 12-сі толық аяқталып, қалғаны жыл соңына дейін кезеңдік негізде жүзеге асу көзделуде. 40 елді мекеннің 38-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда Төрткөл, Жаңасаз және Қосақ ауылдарында М.Мәметова көшесіне су жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аудан халқының 100%-ы таза ауыз сумен қамтылады. 2024 жылы көп қабатты 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы Сарыкемер ауылында әлеуметтік осал топқа 40 үй пайдалануға берілді, ал қосымша 196 пәтердің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 114 пәтердің құрылысы аяқталған» — деп атап өтті.
Кездесу барысында Байзақ аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев пен Қостөбе ауылдық округінің әкімі Мұхтар Мамышев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Бұдан соң Мәлік Отарбаев сөз алып, Президент Жолдауының негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Оның ішінде цифрландыру, экономиканы дамыту, инновациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және құқықтық тәртіпті нығайту, «Заң мен тәртіп» идеологемасын, «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бағдарламаларын іске асырудың маңыздылығын, олардың тұрақты әрі әділ қоғам қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Президент кеңесшісі цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, экономикалық өсудің, басқару тиімділігін, қауіпсіздікті және азаматтардың өмір сапасын жақсартудың негізгі құралдарына айналып отырғанын жеткізді. Бұл процестерде цифрлық дағдыларды тез меңгеретін және инновациялық шешімдер жасай алатын жастардың рөлі айрықша, сондықтан жаңа буын елдің цифрлық трансформациясының қозғаушы күші болуы тиіс екенін айтып өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.