Павлодарда жүктілігін бәрінен жасырып келген студент босанған соң сотталды

119

Павлодарда бәрінен жүкті екенін жасырған студент босанғаннан соң сотта жауап берді. Ол босана сала сәбидің дауысын басқалар естиді деп қорқып, тұншықтырған.

Сот деректері бойынша, қыз жүктілігін соңына дейін ата-анасынан және айналасынан жасырып келген. Өткен жылдың қазан айында студенттік жатақхана ваннасында ол дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.

Іс материалдарына сәйкес, студент босанғаннан кейін психологиялық күйзеліс жағдайында болып, сәбидің жылауы жүктілігін әшкерелеуі мүмкін деп қорқып, оны орамалға орап, тұншықтырған. Осы әрекеттер нәтижесінде сәби көз жұмған.

Сотта студент өз кінәсін толық мойындады. Ол екі жылдан астам бойы бір жігітпен кездескенін, бірақ жүктілігін білгенде жігіт баланы қабылдаудан бас тартқанын айтты. Басқа ешкім оның жүктілігін білмеген. Студент өзі баланы тәрбиелеуге дайын емес екенін және туыстарының айыптауынан қорыққанын жеткізді.

Сотта студенттің анасы, зардап шегуші ретінде, бұл жайды топ старостасынан білгенін айтты. Жатақханаға келгенде қызының ауыр жағдайда екенін көріп, дереу жедел жәрдем шақырған. Бала денесі кейін полицияға берілген.

Сот процесі қысқартылған тәртіппен өтті. Тек айыпталушы мен зардап шеккен куәгердің сұралуымен шектелді. Студенттің әрекеті қылмыстық кодексінің 100-бабы бойынша – «Жаңа туған сәбиін психологиялық күйзеліс жағдайында өлтіру» деп бағаланды.

Жазаны ауырлататын жағдайлар анықталмады. Жеңілдететін факторлар ретінде толық мойындауы, шын көңілден өкінуі, құқық бұзушылықты алғаш жасауы және жас ерекшелігі ескерілді.

Сот студентті кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Оған мекен-жайды өзгертуге және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Сонымен қатар, ол әр жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыстар атқаруы тиіс. Бірақ күніне төрт сағаттан артық емес.

Stan.kz

Фото: freepik.com

Leave A Reply

Your email address will not be published.