Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі

730

Астана қаласы – қазақ елінің тұрақтылығы мен экономикалық дамуының нышаны. Бүгінде ол арман қуған жастардың мекеніне, ілім мен білімнің, өнердің ошағына айналды. Бақытын бас қаладан іздеп барған әрбір қазақстандықты құшағына басқан көрікті де келбетті шаһар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміздің ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің алтын арқауына баланып отыр. Өткен күннен сыр суыртпақтасақ, әсем Астананың тәуелсіздік пен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің берік тұғыры бола білгендігіне көз жеткіземіз. Біздің баянды болашағымызға соны жол ашқан азаттығымыздың арқасында мемлекетіміздің орталығы мәртебесін иеленген Астана қаласына биыл 20 жыл толып отыр. Осынау елдік мерекені кең көлемде атап өту әрқайсымыздың жүрегімізге қуаныш ұялататыны сөзсіз.

Иә, Астана қаласы бүгінде ерекше сәулетімен көз тартып, төрткүл дүниені тамсантуда. Тәуелсіз еліміздің сәулеттік өнерінің теңдессіз туындысы саналатын бас шаһардың қазіргідей көз тоймас көркі еліміздің қаншалықты деңгейде даму жолына түскенін айғақтайды. Мұны сөз етуімнің себебі, мемлекетіміздің орталығы алғаш Ақмолаға ауыстырылып, ұлы көш Сарыарқаға бет түзегенде солардың арасында болғандардың бірі мен едім. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутат болып сайланғанымды жұртшылық жақсы біледі. Екі жылдан кейін, яғни 1997 жылдың желтоқсанында Парламент алдыңғылардың бірі болып Ақмолаға көшіп келді. Міне, сол кездегі қаланың сұрықсыз көрінісі есіме түссе, қазақтың «көз қорқақ, қол батыр» деген мақалы ойға оралады. Өйткені, 200 мыңға жуық халқы бар Ақмола облысының орталығы болған сол кездегі аталған қалада қаптаған көппәтерлі тұрғын үйлердің ажары адам ауызға алғысыз еді. Жәпірейген жер үйлердің көрінісі де көңіл құлазытатын. Сиқы осындай қала депутаттарды бетті қарып түсер сарышұнақ аязымен, өңменіңнен өтер өткір желімен қарсы алды. Қайда келгеніне өкінгендей арамызда күбір-сыбыр әңгімеге жол берілді.

Әлдебіреудің «Қайран Алматы, саған жету қайда!?» деген қимастық сарындағы дауысы әлі құлағымда тұнып тұр. Бір кезде Қазақстан парламентаризмінің ақсақалы, Мәжілістің бюджет, қаржы жөніндегі Комитетінің төрағасы Қаратай Тұрысовтың болмысына тән дауысы саңқ ете қалды. Ол кісі: «Әй жігіттер, сары уайымға салынбаңдар. Тәуелсіздікке қолымыздың жеткені, ең алдымен ұлтымыздың баға жетпес бақыты, ашылған бағы, арайлап атқан таңы. Бүгін көздеріңе оғаш қөрінген бұл қала егемендігіміздің тұғыры. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіріп ерлікке парапар іс атқарды. Өмірде ертегідегідей бірден бой көтеріп, сән-салтанаты келіскен қала болмайды. Уақыт керек, тер төгу қажет. Он-он бес жылдан кейін қазақстандықтар ғана емес, әлем жұрты Сарыарқаның төсіндегі алып қалаға таңдайын қағып таңғалатын болады, әлі. Өнбес әңгімеге алаң болмай еліміздің өсіп-өркендеуіне заңдық негіз жасауға білек сыбана кірісіңдер.Тарих ырғалып-жырғалуды көтермейді». Сол-ақ екен, әр жерден «дұрыс, дұрыс» деген дауыстар естіліп жатты. Шіркін-ай, Қаратай ағамыз не деген көреген еді десеңізші!

Қарекең айтқанындай өз міндетімізге білек сыбана кірістік. Жарты жылға жуық жатақханада, қонақүйде жалғызбасты тұрып, шағын кабинетте екеуден отырып-ақ, депутаттар еліміздің тәуелсіздігін тұғырландыратын сан-салалы заңдарды қабылдап, үлкен іс атқарып жатты. Ел ордасына қатысты Ұлт көшбасшысының шешімдері қос палатадан бірауыздан қолдау тауып отырды. Бұл күнде 1997 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсіміне, 1998 жылғы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталуын қолдауға, оның Қазақстан Республикасының астанасы ретінде 1998 жылы 10 маусымда ұйымдастырылған ресми тұсаукесеріне, 1999 жылы Конгресс-Холда өткен Президентті ұлықтау салтанатына қатысқанымызды, ұлы өзгерістерден тыс қалмай, ортасында болғанымызды мақтан тұтамыз.

Расында да, Астана – жаңа тарихымыздың бастауы, Елбасының елім деп соққан жүрегінде аялаған ақ арманын, үкілі үмітін ақтаған төл перзенті. Бас шаһарымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығымен Астана қаласының бас жоспары негізінде дамып отыр. Астананың бас сәулетшісі Елбасының өзі. «Бәйтерек» монументі», «Пирамида», «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан шатыр», «Астана опера», «Мәңгілік Ел» кешендері және басқа да бірсыпыра ғимараттардың үлгісін сызып, кәсіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсынған да Нұрсұлтан Әбішұлы. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп табылса, ол бүкіл қазақстандықтардың ортақ қуанышы.

Елордада өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, қысқы Азиада спорт ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, басқа да көптеген халықаралық форумдар, былтыр «Болашақтың энергиясы» ұранымен өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі тәуелсіз Қазақстанның мерейін асқақтатып, беделін бекемдеген игі шаралар. Сондай-ақ, 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы құрметті миссиясын табысты орындап шыққанын айтпай кетпеуге болмайды.
Астана өткен жылдар ішінде еліміздің ірі ғылыми-білім беру орталығы болып қалыптасты.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қазақ мемлекеттік медицина академиясы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы, инновациялы Қазақстан үшін халықаралық үлгі-стандарттарға сай мамандар даярлайтын Назарбаев Университеті және басқа да орта, жоғары оқу орындары, талантты өрендерді «Болашақ» стипендиясымен аты әйгілі шет елдердегі білім ордаларында оқыту, мұның бәрі Елбасының көрегендігі, еліміздің ертеңі-жастарымыздың алда шығар биігін аласартпаудың қамын бүгіннен ойлап, қамқорлық жасауының жарқын мысалы.

Бас қала бүгінде халық денсаулығын сақтаудың негізгі факторына айналып отыр. Мұнда нейрохирургия, балаларды оңалту, ана мен баланы қорғау, жедел медициналық көмек беру, ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтарын біріктірген жаңа медициналық кластер құрылды. Бұрын тек қана шет елдерде қомақты қаржыға жасалатын жүрек аурулары оталары қазір Қазақстанның облыс орталықтарындағы кардиохирургиялық ауруханаларда сәтті жүргізіліп жатыр. Бұл тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, қадағалауымен жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстар.
Астананың сондай-ақ жаңарған Қазақстанның мәдени және рухани орталығына айналғанын да айта кеткен ләзім. Қоныс аударудың алғашқы жылдары аты өзгермей тұрған Ақмола кезінде адамдарға қызмет көрсететін мәдени ошақтар саусақпен санарлық еді. Сол тұста бұрынғы қалалық партия комитетінің ғимаратында орналасқан Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, орыс драма театры, жастар сарайы, филармония, оқушылар сарайы, Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана, тың игерушілердің, теміржолшылардың мәдениет сарайлары, екі-үш кинотеатр, «Меруерт» мейрамханасы және басқа да шағын мәдениет мекемелері ғана бар болатын. Бұлар келешекте халқы миллионға жуықтаған ел астанасы тұрғындарының мәдени-рухани сұранысын өтей алмас еді. Бұл мәселе Елбасы мен Үкімет және Парламенттің назарынан тыс қалған жоқ. 1999 жылы дүниежүзіндегі алты «Әлем әртісінің» бірі, атақты скрипкашы, Қазақстанның Еңбек ері Айман Мұсаходжаеваның ұлттық музыка академиясын құру жөніндегі бастамасы Елбасы, Үкімет, Парламент тарапынан қолдау тапты. Ол 2011 жылы Президент Жарлығымен Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта құрылды. 2000 жылы Президент Астанада Күләш Байсейітова атындағы жаңа ұлттық опера және балет театрын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұлар алдағы кезеңде жүзеге асар тұлғасы биік мәдениет ғимараттарының бастамасы болатын. Жұрттың санасынан берік орын алған әлемдік діндер көшбасшыларының съездері, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары өтетін 1500 орындық концерт залы бар Бейбітшілік және келісім сарайы, өнер галереясы, Астана тарихының музейі, 4 кинотеатр, электронды кітапхана орналасқан Тәуелсіздік сарайы, үш мың адамдық Конгресс Холл, 3 500 көрермен сиятын «Қазақстан» концерт залы, Астананың 15 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген «Астана Опера» деп аталған орта Азияда теңдесі жоқ опера және балет театры, Ұлттық мұражай Елорданың болмысын бекемдеп, келбетін абаттандыра түсті.

Астана еліміздің дамуында басымдық берілген «Қазақстан-2030» Стратегиясында қойылған әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына жету міндетін мерзімінен бұрын орындалуына өнеге болды және шешуші рөл атқарды. Ол дамудың үлгісін көрсетті. Қазақстанның барлық өңірлеріне қан жүгіртіп, келелі істерге жетеледі. Барлық индустриялдық-инновациялық жобалар Астанадан қанат қағып, облыстарда қолдау тауып отыр.

Бүгінде Астана қалыптасқан Қазақстанның жаңа саяси бағытын анықтайтын «Қазақстан-2050» Стратегиясының өмірге жолдама алған жері. Бас қала әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан ойып орын алатын, қуат беретін, құлшындыратын алып күш, қазақстандықтардың құтты мекені, толайым тағдыры, Мәңгілік елдің жүрегі, барша халқымыздың тілеуі, тәу етер тәуелсіздігіміздің тірегі!
Құрылғанына биыл 20 жыл болатын Астана еліміздің мақтанышына айналуда. Ел астанасын Қазақстан мен Еуразияның қақ ортасы, Арқаның төсіне көшіру туралы шешім ел экономикасының ең қиын кезі, 1995 жылы қабылданды. Сондықтан да, Президенттің бұл шешімін ел ішінде және шет елдерде де көптеген адамдар кезінде толық түсіне алмай, әр түрлі пікірде болды. Сол тұста экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып саналған осындай шешімді жай адамның қабылдауы екіталай еді. Мұндай тарихи қадамға триумфаторлар ғана батылдықпен бара алады. Қысқа уақытта әлемдегі әдемі қалалардың бірі де, бірегейіне айналған Астана, халқымыздың «Нар жолында жүк қалмас» деген қағидасының растығын көрсетті. Бүгінгі Астананы және ол арқылы Қазақстанның даму жолының дұрыстығын әлем мойындады. Оның тағы бір куәсі бұрнағы жылы Біріккен Ұлттар Ұйымындағы 193 елдің 138-і дауыс беріп, Қазақ елін Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі етіп сайлағаны. Америка аспанында тәуелсіздігіміздің символы – Көк Туымыздың желбірегені, ол жасампаз халқымыз бен Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың асқақ беделі.
Астананың абыройы асқақ, халқымыздың көрер бақыты мен басына қонған бағы ұзағынан болсын!

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ,
саясаттанушы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.