Мәңгілік елдің мәртебелі тұғыры

732

Адамзаттың үздіксіз даму тарихы мен оның өзіне ғана тән өскелең өркениет өрімдерінің өркен жаю жолындағы ұлы құбылыстардың бірінен саналатын құндылықтар қатарына жататын сәулет өнерінің биік шыңы – кент-қала құрылысы болса керек. Қауымдық қажеттіліктің баршаға ортақ ұстанымдарының үлгі-өнегелері де, ақыл-ой шарықтауының жалпыға ортақ өре-деңгейі де осы қалалар мен кенттерде тоғысып, өсіп-өніп, өркен жайған.

Табиғат пен жаратылыс тылсымдарының жанды-жансыз бейне-болмыстарын алуан болжамдар тоғысымен түйіндеу әдісі де, рухани құндылықтардың синтездік құрылымын – салт-сана, наным-сенім, әдет-ғұрып, тіл мен діл заңдылықтарымен зерделеу құпиясы да, ортақ болжам мен оңаша ойдың құнарлы құндылықтарын түйсік елегінен өткізіп, оларды бүкіл адамзатқа ортақ талассыз танымға айналдырудың тылсым-сыры да осы қалалық тұрмыс, қалалық қарым-қатынастар деңгейімен тікелей сабақтасып жатқан әлем. Өкінішке қарай, тарихтағы алғашқы қаланың аты-жөні де, оның бой көтерген мекен-жайы да тарих ғылымы үшін күні бүгінге дейін шешуі күрделі жұмбақ күйінде қалып келеді. Сондықтан да, бүгінде мол мүмкіндікке қол жеткізген өркениет әлемі тарих ғылымында ғана қолданылатын дәуірлік өлшемдермен бағамдағанда ежелгі қала-мекен үлгілеріне жататын құрылыс — құрылымдарды зерттеп-зерделеп, адамзатқа ортақ жәдігерлер қатарына қосу үрдісін тынымсыз жалғастыруда.

Ал, енді сол адамзат өркениетінің өресі биіктеген сайын, ордалы орман, байтақ дала, жалама жартасты аңғарларды мекендеп келген ежелгі адамдар бір-бірінен сүйеніш іздеп, қауымдық құрылым — бірлесіп ғұмыр кешу қуатын сезіне бастағаннан Бас қала, Орталық қала, кейіннен барып бүгіндері әлемдік санаға сіңген Астаналық қала ұғымдары қалыптасты… Бүгінде жер бетіндегі астаналық қала мәртебесіне ие болған қалалар жүздеп саналады. Арғы тарихы алыстардан менмұндалайтын Палестина астанасы Иерихон, ежелгі Тибр мен Рубикон өзендерінің арасында бой көтерген «мәңгілік қаладан» бастап, біздің ежелгі бабаларымыз – көшпенділер ат ойнатқан Ктесифон қаласына дейінгі аралықта жатқан астаналық қалаларды оқырман қауым жақсы біледі… Үлесті мекенімізде мұндай санаттағы қалалар да ондап саналатыны белгілі. Әрине, бұл ретте би отырған биікті астана қатарына жатқызатын, тайпаның табаны тиген төбені төріміз деп есептейтін «әдеттен» аулақ болғанымыз жөн.

Осындай өлшемдер шеңберімен шендестіре қарар болсақ, бүкіл адамзатқа, оның ортақ өркениетіне тән жәдігерлердің бірі – іргетасы шамамен осыдан 2100 жыл бұрын қаланған, қай-қай дәуірде де өзінің аса ірі мәдени-рухани және саяси орталық санатындағы биігінен төмендеп көрмеген шаһар – ежелгі Тәңірқұт –Тараз қаласы екені даусыз. Яғни, көшпенділер қауымының ауыз толтырып айтар алғашқы астаналарының бірі, киелі топырағынан талай-талай ғұламалар өсіп-өнген, өзінің теңге сарайы болған – Тараз қаласы!

Біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірлердің соңғы жүз жылдығында, Аса мен Талас өзендерінің аңғарындағы құтты топырақта іргетасы қаланған ұлы қаланың ұлағатты тарихы, жалпы адамзатқа тән өркениет өрімдерінің бөлінбес бір бөлшегіне айналғалы да ондаған ғасырлар өтіпті. Одан кейінгі ғасырларды зерделеу Тараз тағдырындағы, яғни, Ұлы Даладағы алғашқы астаналық қала тағдырындағы сан-алуан пайымдарды алға тартады. Ол, әрине, зерттеуші-іздеушісі табыла қалса, тарлан тарихтың талай томдарына айналғалы тұрған көл-көсір шежірелер әлемі. Жер бетінен сан рет жоғалып кетіп, самұрық құстай сан рет қайта түлеген Тараз тарихы – арғы тегі түркі әлемімен, ғұндар тарихымен орайластырылатын «халықтардың ұлы көші» дәуірімен сабақтасатын тарих толқындарының ақжал ағындарымен астасып жатқан алып бір әлем, ғажайып шежіре-дастан. «Ұлы көшке» себепкер болған ғұндардың ағалы-інілі билеуші тандемі – Тезек пен Қағанзаның арасындағы алакөз – алауыздық, бәтуәсі жоқ бас араздық болыпты. Қысқасы, опасыз бауыр отауының амандығынан гөрі, өзіне сенген халқының амандығын биікке қойған Тезек оғлан – «іштен шыққан жау жаман, іркітке таласқан дау жаман» екендігін ерте пайымдаса керек… Ал, енді сол алтыбақан алауыздықтың, жұрт болғалы араларына жік түсіп көрмеген тегі бір қауымның аяқ астынан ала тайдай бүлініп, ел аманда екіге бөлінуінің басты себебі – атамзаманнан бермен қарай алысып келе жатқан ата жаудың, «тарту-таралғымен» орайын тауып, Қағанзаны өздеріне икемдеуі, ашығын айтқанда – сатып алуы болды дейді тарихи құжат. Байқайсыз ба, «арқадан ұлық қаққанға мәз болады болысың» тіркесінің түп-төркіні тым алыста жатқандығын?! Қаланың іргетасын қалаған Тезек сәруардың басы алынған қатерлі шайқаста жеңіске жеткен жау жағы, Тараз-Тәңірқұт қаласын сол маңайдың билеушілері жетектеп жүрген он бес нысанға бөліп берді дейді тағы да тарихи жазбалар. Яғни, біздің дәуіріміздің 36-жылы, осыдан дәл 1182 жыл бұрын, Тараз қаласы 15 хандықтың ордасы, көшпенділердің алғашқы Астаналық қаласы болғандығының дәлелі.

Осыдан 553 жыл бұрын (М.Х.Дулати пайымы) шаңырағы көтерілген Қазақ хандығының шежіресі шеңберінде жатқан сан — алуан сапырылыстар тасқыны іргетасы Әмір-Темір заманынан көп ілгері қаланған Түркістан – Яссы, Созақ қалаларымен байланыстырылады. Бертінге дейін қазақтың талай-талай марқасқаларына «мәңгілік мекен» ретінде таңдалып алынған ежелгі Түркістан топырағының арғы тегін – тек бұл маңда араб әулетінің салтанат құруымен ғана байланыстыра бермеуіміз керек пе екен деп те ойлаймыз?. Қазақ тарихының тамыры тереңде жатқан бәйтерегін баптаған адамдар «жеті атасын білмеген – жетесіз» мәтелін естен шығармаулары керек. «Тұран даласы» кезеңіндегі, «Дешті-Қыпшақ» дәуіріндегі қалың қауымда астаналық қала болмады деп кім айтады?. Тіптен, тарих бетінде қалдырған бедерлі ізі марапатқа да, мақтанға да жарап жатқан «Сарайшық» қаласын алғашқы астаналарымыздың бірі десек ше?

Ал, бертінгі жылдарды шолсақ, Бас қаланың мәртебесі 100 жылдай Қазақ хандарының резиденциясы болған Ташкент қаласының қым-қуыт тағдырына ұласады. Жалаңтөс батырдың табанының ізі қалған, Төле бидің жер бесігі тұрған Ташкент топырағы да біздің тарих үшін ерекше мәні бар мекендердің бірі екендігі даусыз шындық! …Уақыт пен саясат сарынын пайымдасақ, марқұм тума тарихшы Төкен Ибрагимов аузынан тастамайтын бір әңгіме есімізге түсе береді. Аумалы-төкпелі 20- жылдары Ташкент қаласында біреулері білім қуып, ал енді біреулері әр салада қызмет атқарып жүрген Алаш арыстары бір түнде қамауға алынады да, бір камераға тоғытылады. Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш арыстарының араларындағы ең жасы Мұхтар Әуезов екен. Бір күні, кезекті қатал тергеуден кейін, өзара әңгіме барысында М.Әуезов: «Сіздер қиналмаңыздар, мен бәрін өз мойныма аламын! Жауапты өзім беремін», – дейді. Сол кезде Ахаң жарықтық: «Ей, мынаны қара, мынаның батырлығына қараңдар! Мойныма аламын дейді, естідіңдер ме? Ей, Мұхтар, бізге мына қара халқымыздың амандығы үшін, ұлтымыздың бүтіндігі, теңдігі, бостандығы, өзінің дербес астанасы бар тәуелсіз ел болуы үшін мына сен сияқты көзі ашық, көкірегі ояу жастардың амандығы керек! Мұндай қызбалыққа салынба, біз бір ретін табармыз, сендер аман болыңдар! Сендердің амандықтарың болашаққа қажет!», – десе керек. Міне, рухтың беріктігі, рухани жаңғырудың жарқын бейнесі. Ал, енді сол кездегі Ахмет Байтұрсынов армандаған тәуелсіз астана қайда еді? Оны тарих толқыны 20 ғасырдағы орыс төңкерісімен ұластырып, сол аласапыран жылдардың желеуімен қазақ жерін екіге бөлуге (Қырғыз-Қазақ автономиясы және Түркістан автономиясы) әрекет еткен жымысқы саясаттың желігі басылмай тұрған шақта, алыстағы Орынбор — Оренбург – Ор өзенінің жағасындағы шалғай қалаға апарып тастаған болатын. Бұл сол тұстағы Ресей құрамына енген Қазақ автономиясының астанасы Орынбор қаласы болады деп шешілген 1920-1925 жылдардың оқиғалары.

Дей тұрғанмен, Қазақ елінің бас қаласы мәртебесін осы Орынбор қаласы иеленген 1920-1925 жылдардың да өзіне тән үлесі болды. Олар – Ұлы даламызда ұлт-азаттық сананың қалыптасуы, сол даланың елім деген перзенттерінің бойдағы дарын мен қуатты арғы тарихтағы ерлік пен өрлікке бірлесе бағыттауға талпынуы тәрізді рухани сілкініс кезеңімен айшықталады. Сол Қазақ автономиясына Орынбор астана болар 1920 жылдан аз ғана бұрын таралымы тоқтатылған «Айқап» журналы (редакторы Мұхаметжан Сералин) мен «Қазақ» газеті (редакторы Ахмет Байтұрсынов) басылымдарын таратып үлгерген ұлттық идеялар «концепциясы» мен сананың сан саласына ықпал етуге әлеуеті жететін «Оян, Қазақ» жаңғырығы дабыл қағып тұрды… Орынборда қазақтың тұңғыш халық ағарту институты ашылып, қазақтың тұңғыш баспаханасы іске қосылды. Бірақ, қазақ жерін саяси-географиялық тұрғыда арнайы екіге бөліп, бір автономияның орталығын Орталық Азияға, екінші автономияның астанасын Ресей қаласына орналастырып, ол автономияның бар іс-қимылын өз қолдарына алған мәскеулік большевиктердің әрекеті тым секемді еді… Осы ретте, жиырмасыншы жылдары Семей қаласының атын Алаш қаласы деп жариялап, сахараға сахна орнатып, алғашқы футбол командасы – «Жарысты» ұйымдастырып, азаттықтың ақ жолын жанталаса іздеген «Алашорда» оғландарының бір мақсаты – болашақ астаналық қала болмады ма екен деп те ойлайсың?!

Келесі астаналақ қала мәртебесі Перовск-Ақ мешіт-Қызылорда қаласына өтті де, Қызылорда 1925-1929 жылдар аралығында ресми астана болып тұрды. Осы жерде қазақтың тұңғыш ұлттық драма театры (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры) шаңырақ көтерді. Қазақ мемлекетінің автономия атанған жаңа бейнесіне, ел игілігіне айналар үлес қосуға талпынған талантты адамдар бас қосып, талай-талай игілікті істер атқарды, тағдырдың кезекті тәлкегімен екіге бөлініп тұрған қазақ елінің басын қайтадан біріктіріп, болашақ дербес республика болудың алғы шарттарын жасасты.
Түркістан-Сібір теміржолы салына бастауына орай, 1927 жылы Қазақ автономиясының ресми астанасы Алматы қаласы болып өзгертілсін деген шешім шығады. Араға екі жылдай уақыт салып, 1929 жылдан бастап Алматы астаналық қала мәртебесін толық иемденеді. Бүгінгі ұрпаққа Алматы қаласының атымен байланыстырылатын игі жақсылықтар мен жұлдызды сәттер көпке мәлім – тұңғыш университет, көптеген көрнекті оқу орындары, Ұлттық Академия, оның сан-саланы қамтыған ғылыми институттары, опера және балет театры, заводтар мен фабрикалар, жеңіл өнеркәсіп құрылымдары мен Дінмұхамед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Мұрат Айтхожин, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Күләш (Гүлбахрам) Байсейітова, Қалыбек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаев тәрізді ұлағат-тәлімі мол тұлғалардың әлемін айшықтаған басқа да көптеген есімдерді ұлттық кодымыздың бір қыры демейміз бе, бүгінде?!

Осы аяулы астанамыз Алматыда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саясаттың санасына өз қолтаңбасын қондыра бастады, есімі ел-елге таралып ерен тұлғаға айналды. Атыңнан айналайын Тәуелсіздік тәлімінің тәтті дәмін, араға ғаламат ғасырлар салып барып таттырған құт қаламыз да – Алматы!

«Тың игеру» толқынымен қазақ даласына ағылған адамдар тасқыны, аз жылдардың ішінде-ақ мәдени-рухани, ұлттық-ұлыстық, тілдік-тәлімдік бейнемізді адам танымастай өзгертті, миллиардтаған пұт дәннің даңқы республикамыздың реңіне рең қосты, еліміздің мәртебесін өсірді. Жаңа қоныстар пайда болып, жаңа өндіріс орындары бой көтерді. Осы тұста не керек, Қазақстанның астанасы – іргетасы 1830 жылы қаланып, кейіннен Ақмола атын алып ірі әскери бекініске айналған, атақоныс иелеріне Қараөткел атауымен таныс, Ертіс өзенінің сол саласы Есіл өзені бойына орналасқан, ал 1961 жылдан Целиноград қаласына көшеді екен дейтін сыбыстар тарады… Бәрін де уақыт шешеді, бұл сыбыстың дақпырт дәрежесінен аса алмай, бірте-бірте ұмыт болғанына бүгінгі аға ұрпақ куә.

Тек Тәуелсіздік таңы атқан талайлы күндеріміздің арқасында ғана қалаға бұрынғы Ақмола аты қайтарылып, замана талабына сай дұрыс шешім қабылданды. Олай дейтініміз – 1997 жылғы 20-қазан айында Қазақстанның астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы Президент Жарлығы жарық көрді. Ал, келесі 1998 жылы Ақмола қаласының атауы Астана қаласы болып өзгертілді. Қазақстанның бүгінгі бас қаласы – Астана өзінің аз ғана жылдар ішінде жеткен жетістіктері мен алған асуларының арқасында айдай әлемге танымал. Биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Астана – мәдени-рухани потенциалы зор, қаржы-қаражат, индустриялық-инновациялық әл-қуаты жетілу үстіндегі, әлеуметтік бейнесі әлемдік көрсеткіштер шеніне қол созған, жастық жігері жанып тұрған озық қалалардың қатарында. Кешегі Алаш арыстары армандаған арда қаламыздың есімімен тікелей байланысты айтулы оқиғалар мен әлемдік дәрежедегі іс-шаралар тізбегі де ұшан-теңіз… Біз болашаққа ерен үмітпен, ерекше құштарлықпен қарайтын жұртпыз. Келер күндердің кемел болмысын таңдай білу де – ежелгі бабалардан жеткен асыл қасиет. Астана сол болмысымыздың бірегей бейнесі. Астананың бас сәулетшісі Елбасы айтқандай, «Жаңа астана – тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық таңдауы».

Тәкен МОЛДАҚЫНОВ, 
Қазақстан Республикасы­ның Мәдениет қайрат­кері

ar-ay.kz

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.