Бүгін — Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР бокстан ұлттық командасы мен Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жобасы бойынша жасақталған қазақстандық «Астана арландары» командасының мүшесі және капитаны болған Олжас Көсемәліұлы Сәттібайтегінің туған күні. Олжас Сәттібайтегі 1988 жылы 2 мамыр күні дүниеге келді.
Жасөспірім кезінен жарқырай көрінген Олжас 17 жасында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатының чемпионы (2005 ж.) атанды.
Келесі жылы Марокко елінің Агадир қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2006 ж.) болды.
Ресей Федерациясының Красноярск және Ногинскі қалаларында өткен бокстан жастар арасындағы халықаралық матчтық кездесуден (Ресей құрамасы — Әлем құрамасы) жеңімпаз (2006 ж.) болып оралды.
Олжас ересектер командасына ауысқаннан кейін де рингтің шын шебері екенін көрсетіп, ә дегеннен Азия чемпионатының қола жүлдегері (Қытай, Шжухай-2009 ж.) болды. Ал 2015 жылы Азия чемпионы (Тайланд-2015 ж.) атанып, ел мерейін үстем етті.
Олжас Сәттібайтегі Қазақстанның 5 дүркін чемпионы (2005, 2006, 2008, 2009 және 2014 ж.ж.). Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы халықаралық турнирдің 4 дүркін (2008, 2009, 2011 және 2013 ж. ж.) чемпионы және ҚР Бокс федерациясы кубогының жеңімпазы (2014 ж.).
Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB – «Астана арландары» командасы) 2 дүркін чемпионы (2015 және 2017 ж. ж.), Қарулы күштер боксшылары (әскерилер) арасындағы әлем чемпионы (2014 ж. Алматы.).
Әзірбайжанның Баку қаласында өтетін дәстүрлі «Жібек жолы» халықаралық жарысының жеңімпазы.
Рио-де-Жанейро Олимпиадасына (2016 ж.) қатысушы.
Олжас Көсемәліұлы Сәттібайтегі — Жамбыл облысы әкімдігі тағайындаған жастар сыйлығының иегері, Тараз қаласының 2006 жылғы «Жыл адамы», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері.
Ол Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін Мемлекттік басқару (2009) және Құқықтанушы заңгер мамандықтары бойынша және Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін Денешынықтыру және спорт (2016) мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ Менеджмент магистрі академиялық дережесін алған.
2020 жылдан бері Тараз қаласындағы «Жамбыл бокс мектебі» КММ директорының орынбасары.
Олжас, туған күнің құтты болсын, айналайын! Отызға дейін орда бұзған оғланым, отыз жеті жасыңда қыр асып, халқыңа, шәкірттеріңе адал қызмет ете бер!
Денсаулығың зор, өмір жасың ұзақ болсын! Құдай тіл-көзден сақтасын!
Әумин!