Олимпиада чемпионы әрі кәсіпқой бокстан әлемнің бұрынғы чемпионы Данияр Елеусінов әлеуметтік желіде отандастарына үндеу жасап, соңғы жылдары ішімдікке тәуелділікпен күресіп жүргенін ашық мойындады. Спортшы қазақстандықтарды өзін айыптамай, қиын сәтте қолдау білдіруге шақырды.
Боксшының айтуынша, бұл мәселе Рио Олимпиадасынан кейін басталып, біртіндеп дертке айналған.
«Иә, мен оны мойындаймын, Олимпиададан кейін менде ішімдікке деген әуестік, алкоголизмге бейімділік пайда болды», – деді Данияр Елеусінов.
Ол мас күйінде жасаған жол-көлік оқиғасы үшін өзін сынаушыларға жауап беріп, мұндай жағдайға күлуге болмайтынын атап өтті.
«Адамдар мұндай дертпен өзі бетпе-бет келмейінше түсінбейді. Бүгін не нәрсеге күлсең, ертең ол өзіңнің басыңа түсетін сынақ болуы мүмкін», – деп толықтырды ол.
Спортшы өз сөзінде мансабында үлкен жетістіктерге жеткенімен, өмірдің бұл кезеңінде үлкен сынаққа тап болғанын айтты.
«Жаратқан Алла мені дәл осы нәрсемен сынап жатыр», – деп ағынан жарылған ол мұндайда тек ерік-жігердің өзі жеткіліксіз екенін білдіріп, ел-жұртты мұндай тығырыққа тірелген жандарды айыптамауға шақырды.
Еске салсақ, Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының алтын жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы және кәсіпқой бокста IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған танымал спортшы. Бұған дейін БАҚ-та оның қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы мен спортшының тәртіптік мәселелері кеңінен талқыланған болатын.