Облыс әкімдігінде Тараз қаласының бас жоспары талқыланды

696

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Тараз қаласының бас жоспарын талқылау жөніндегі кезекті жиын өтті. Онда күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша тарихи шахардың өзіндік архитектурасы мен сәулеттік келбетін қалыптастыру шаралары қаралды.

Қазіргі таңда Тараз қаласының жалпы аумағы 18787 гектар. Онда 356 мыңнан астам адам тұрады. Облыс орталығында барлығы 1263 көп қабатты үйлер бар десек, оның 151-і бір қабатттан тұратын ескі тамдар. Сондай-ақ, шахарда 43 261 жеке тұрғын үй тіркелген. Жиын барысында осындай мәліметтерді алға тартқан қала әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров қазіргі таңда шаһар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде 69 700 адам тұрғанын жеткізді. Десекте, бұл азаматтардың толықтай сұранысын қамтамасыз ету мүмкін емес.

Басқосу барысында бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде  облыс орталығына таяу Байзақ және Жамбыл аудандарының бірқатар аумақтарын қалаға қосу керектігі айтылды.  Осы ретте айта кету керек, қала маңына таяу Байзақ ауданының 4 елді мекені болса оның жер көлемі – 5474 гектарды, ал Жамбыл ауданындағы  10 елді мекенінің жер көлемі – 14313 гектарды құрайды.

Сонымен қатар, жауапты мамандар Тараз қаласы бас жоспарының алдағы уақыттағы қолданылуын 3 кезеңге бөліп көрсетті. Ол жаңа бас жоспарды құру, қала маңы аумағының жобасын құру және бас жоспарды кешенді түрде жүзеге асыру. Асқар Мырзахметов жаңа бас жоспар құрудың әзірге қажет еместігін жеткізіп, заң талаптарына сәйкес жер кезегінде тұрған адамдарға 10 соттық жерді облыстың кез-келген аумағынан беруге болатынын баса айтты. Ол жерлерден болашақта түрлі демалыс орындарын да ашуға болады.

Басқосуда қала сыртындағы демалыс орындарын дамыту жағдайы да сөз болды. Бұл орайда өңір басшысы тарапынан айтылған өзекті ұсыныс: қаланың айналасындағы құрылысқа жарамсыз жерлерді жасыл желекті аумаққа айналдырып, қолдан ағаш отырғызып, орман жасау керек. Ол көпшілік сұранысына орай Талас өзені жағалауын тиімді пайдаланып, осында арнайы демалыс аймағын құру секілді маңызды мәселелер болып отыр. Асқар Исабекұлы осы бойынша жүйелі жұмыс жүргізу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.