«Нұр Отан»: 20 жылдық кезең сараланып, алдағы 10 жылдық меже айқындалмақ

«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының XXIV кезектен тыс конференциясы өтіп, жиын барысында партияның кезекті XVIII съезіне делегаттар сайланды, - деп хабарлайды "08инфо" ақпарат агенттігі "Нұр Отан" партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

445

Конференция жұмысына партия Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, қалалық және аудандық конференция жиындарынан сайланған делегаттар, партия белсенділері мен депутаттар қатысты.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауының Жамбыл облысында іске асыру барысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков хабарлама жасады.

Елбасы әрбір Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән береді. Кезекті Жолдаудың негізгі мәні – «Адами капиталды дамыту», әлеуметтік саланы серпілтіп, тұрмыс пен табысты жақсартуға бірлесіп күш жұмсауға үндеу болды. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруі – бұл ең алдымен өмір сүру сапасы мен деңгейін, еңбек пен тұрмыс жағдайын, инфрақұрылымды, әлеуметтік мәселелерді шешуді жақсартуды білдіреді.

Жолдауға сәйкес Жамбыл облысында 1 қаңтардан бастап, 42 мың теңгеден төмен жалақы алатын бюджеттік ұйымдардағы 39626 қызметкердің және жеке кәсіпорындардағы 21 мың жұмыскердің жалақысы көтерілген. 2000-ға жуық кәсіпорында еңбек ететін 50 мыңға тарта адамның жалақысы орта есеппен 20% өскен.

Жолдаудағы тапсырманың бірі – білім нысандарын бейнебақылау құралдарымен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыс былтыр 97 % орындалса, биыл бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізілмек.

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты»,- деп атап өткен болатын.

Өткен жылдың аяғына дейін елімізде 8-16 жас аралығындағы оқушылар үшін 1000 мектепте ІТ сыныбы ашылып, онда жалпы саны  450 мың баланы оқыту жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысында  14 ІТ сынып, 1 ІТ-лицей ашылған. Бұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелер«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы. Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі» және партияның 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы жобасының негізгі ережелері туралы партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Манжуов хабарлама жасады. Ол өз сөзінде партия 20 жылдық тарихында елімізде атқарылған қыруар істердің басы-қасында болып, 20 жылдық қалыптасу кезеңінде өзінің мықты құрылымдары мен берік стратегиялық мақсаттары арқасында еліміздегі ең беделді, ең ірі саяси күшке айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, бұл бағдарлама келешектің кемел болуының кепілі болатынына үлкен сенім білдірді. Сондай БПҰ мен қалалық және облыстық филиалдардың конференцияларында аталған бағдарлама кең талқыланып, облыс бойынша 100-ге жуық ұсыныс түскен.

Мәселен, жұмыссыздықты азайту мақсатында елді мекендерде фабрика, кәсіпорындарды көптеп ашуға, ауылды жерлерде жастардың кәсіппен айналысуына жағдай жасауға ықпал ететін бағыттарды енгізу туралы бірқатар ұсыныстар жасалған.

Е.Манжуов ағымдағы жылдың 27-ші ақпаны күні Астана қаласында өтетін «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде бұл бағдарлама қабылданатынын айтып, аталған маңызды партиялық құжат алдағы таяу 10 жылда еліміздің түрлі салада қарыштап алға қадам басуына зор ықпал ететініне сенім білдірді.

Конференцияда облыс әкімі Асқар Мырзахметов: -Бүгінгі күнде Елбасы Жолдауы мен партия бағдарламаларын жүзеге асыруда облыста көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Алайда алда атқарылар жоспарлар мен тапсырмалар бар. Оны жүйелі әрі тиянақты орындау міндеті тұр. Осы мақсатта облыстық және аудандық филиалдардың жұмысын ширату мақсатында олардың қызметін бағалау ережелері бекітілді. Осылайша мониторинг жасалатын болады, — деді.

Партия Бағдарламасының жобасы – алдағы онжылдықтағы атқарар қызмет аясындағы өз мақсатын – әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін сапалы арттыру мен елімізді жүйелі жаңғыртуға батыл ықпал етуге бағыттап отыр.

Сонымен қатар, партия Бағдарламасы отбасыларды қолдауға, ата-аналарға қаржылай көмек көрсету деңгейін арттыру мен көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау жұмыстарын іске асыруға ықпал етуді басты басымдық қылып отырғанын айтты. Жалпы Жамбыл облысындағы бастауыш партия ұйымдарының әрбір жиналысында бұл бастама үлкен қолдауға ие болып, қуана қабылдауда.

«Нұр Отан» партиясы елімізде тұрғын үй, өндірісті өркендету, ауылшаруашылығы мен жеке кәсіпкерлікті дамытуда және отандық ғылымның өркен жаюына ерекше атсалысып келеді.

Осы жылдары біздің облыста 111 мектеп, 25 мемлекеттік балабақша мен 194 денсаулық нысандары іске қосылды. Осындай мақсатты жұмыстардың нәтижесінде Жамбыл облысында бүгінде 4 қана апатты жағдайдағы мектеп қалды. Бұл жұмыстар 2021 жылы толығымен шешімін табады деп күтілуде.

Жалпы, артта қалған 20 жыл – «Нұр Отан» партиясының қатарында болудың қоғамымызда айрықша беделге ие болғанын ашық көрсете білді.

Партияның Жамбыл облыстық филиалы құрылған алғашқы жылы – 7 мыңға жуық партия мүшесі бар болатын.

Қазіргі таңда біздің облыста – 337 бастауыш партия ұйымында 70 мыңға жуық партия мүшелері есепте тұрады.

Сондай-ақ, облысымыздағы барлық деңгейдегі мәлихаттардағы 205 депутаттың 96 пайызы «Нұр Отан» партиясының мүшелері.

Жолдауда білім саласы­на қатысты аталған бес тап­сыр­маның күрделі және әлеу­­меттік жағынан маңыз­ды­сы – «Педагог мәртебесі тура­лы» заңды әзірлеу.

Бұл бағытта партия облыстық филиалы жанынан құрамына ЖОО-нан, орта арнаулы оқу орындарынан, мектеп мұғалімдерінен және ардагер ұстаздардан жұмысшы топ құрылып, шалғай аудандарға дейін барып, ауылдық жердегі мұғалімдердің ұсыныстарын жинақтап, Заң жобасы әзірленіп, ұсынылды. Қазіргі уақытта аталған заң жобасы Парламент Мәжілісі депутаттарына жолданып, зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

Конференция жұмысы барысында «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ Съезіне Жамбыл облысынан 70 делегат сайланды.

Партияның кезекті съезінде – «Нұр Отанның» өткен 20 жылда атқарған нәтижелі жұмыстары сараланып, алдағы биік межелер айқындалмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.