НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТТІ

324

Бүгін Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/7 мекемесінде «Ашық есік» күні өтті. Аталған іс-шараның мақсаты — сотталған азаматтардың туыстарымен әлеуметтік пайдалы байланыс орнату және олардың қоғамға толыққанды азамат болып оралуына ықпал ету.
Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған шараға түзеу мекемесінде өздерін жақсы қырынан танытқан белсенді жазасын өтеушілердің аналары, жұбайлары және туған-туыстары арнайы шақырылды. Оларға жаза мерзімін өтеуші азаматтар өлеңдер оқып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Тағдырының бір бөлігін темір тордың ауласында өткізіп жатқан азаматтар бұл күні туған-туыстарымен қауышып, бірін-бірі мерекемен құттықтады. Кездесуге келгендерді ЖД-158/7 мекемесінің бастығы әділет подполковнигі Алмазбек Азизбеков қарсы алып, мерекеге орай осындай іс-шара ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
Түзеу мекемесіндегі сотталғандардың қай-қайсысы болмасын ата-анасын, туған-туыстарын, балаларын сағынады. Ашық есік күнін жиі өткізіп тұрамыз. Шара барысында үлгілі тәртібімен көзге түскен жазасын өтеушілерге мекеме әкімшілігі тарапынан аналарын, жұбайларын мерекемен құттықтауға мүмкіндік беріледі, — деді Алмазбек Нышанбекұлы.
Жақындарымен қауышатын көптен күткен кездесуге жазасын өтеушілер де айрықша дайындалған. Оның үстіне Ұлыстың ұлы күні қарсаңында болғандықтан концерттік қойылымдар қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұдан бөлек, өңірлік ҚАЖ департаментінің арнайы шақыртуымен келген продюсер Ақылбек Хабидулинмен жас әнші Мират Мақсұтовтың шырқаған әндері көңілдерге қимастық сезім ұялатты.
Кездесуде балаларының түрмедегі тұрмыс-тіршілігін көріп, көзіне жас алған аналар, әкесімен жүздесуді тағатсыздана күтіп қуанған балалар кімді де болмасын тебірентпей қоймайды. Әрине, мұнда бостандықта жүргендегідей еркіндік болмағанымен, жазасын өтеушілердің түзелу жолына түсуі үшін жағдай жасалынған.
Жалпы, ашық есік күніне жазасын өтеп жатқан 25 адамның 30-дан астам туған-туысы келді. Оларға мекеме қызметкерлері жазасын өтеушілердің жатын бөлмелерін, киім сақтау, асхана, демалатын және жұмыс орындарын көрсетті. Бұдан кейін мекеменің мәжіліс залында жазасын өтеушілер мен туғандары емін-еркін отырып сөйлесуге мүмкіндік алды.

ГауҺар Рысбай,
ЖД-158/7 мекемесінің баспасөз хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.