«Монтаж жұмыстарына 6 күн қажет»: «Астана» футбол клубы Дженнифер Лопестің концертіне қатысты мәлімдеме жасады
Бұған дейін «Астана» футбол клубының бас бапкері Григорий Бабаян бұл концерттің өтуі командамен талқыланбағанын айтып, «Конференциялар лигасыңда стадионсыз қалдық, өйткені бізде 24 және 31 шілдеде ойындар бар» деп ойын ашық айтқан еді.
Бүгін клуб басшылары әлеуметтік желідегі ресми парақшасында келесідегідей мәлімдеме жасады.
«Астана Арена» стадионында Дженнифер Лопестің концерті өтуі себепті «Астана» футбол клубының ресми мәлімдемесі: аталған шараны ұйымдастырушылар клубпен байланысқа шығып, дайындық және монтаж жұмыстарына алты күн қажет болатынын растады. Сонымен қатар, алғаш рет алаң төсенішін (газон) кез келген сыртқы әсерден қорғайтын заманауи қорғаныш жамылғы орнатылады.
Сондай-ақ, клуб басшылығы УЕФА және қарсылас командамен 24 шілдеде Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз алаңында өтетін ойынға қатысты келіссөздер жүргізеді. Бұл бізге еурокубоктағы «Астана Аренада» өтетін ойынды және елордада болатын әлемдік деңгейдегі концертті дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жөндеу жұмыстарынан кейін «Астана Арена» еуропалық жоғары стандарттарға сай келетін заманауи көпфункционалды алаңға айналды. Енді біздің стадион тек спорттық іс-шараларды ғана емес, сонымен қатар ауқымды ойын-сауық концерттерін де өткізе алады. Сонымен қатар, алаңның сапасы сол жоғары деңгейде сақталады. Мұндай іс-шаралар біздің клубтың мақсаттарымен ұқсас – еліміздің бас қаласын халықаралық деңгейде насихаттау әрі танымал ету. Сондықтан 1 тамызда Астанада өтетін Дженнифер Лопестің концертіне қатысты клуб тарапынан ешқандай қарсылық болмақ емес.
Баршаңызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз және «Астана Аренада» өтетін кез келген іс-шараны бірге естен кетпес ерекше оқиға ететінімізге сенімдіміз!», – делінген хабарламада.turkystan.kz