Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін 1 наурыз – Алғыс айту күні елімізде ерекше мәнге ие мереке. Бұл күн – бір-бірімізге ризашылық білдіріп, қайырымдылық пен қамқорлық жасаудың маңызын айқындайтын тағылымды мереке.

Осыған орай, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған қайырымдылық акциясы өткізілді.
Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал ету және қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын насихаттау. Сонымен қатар, Алғыс айту күнінің мән-маңызын жас ұрпаққа кеңінен түсіндіру де негізгі міндеттердің бірі болды.

Іс-шара барысында көмекке мұқтаж бірнеше отбасыға азық-түлік қоржындары мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар табысталды. Қайырымдылық көмегін алған азаматтар ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Мұндай игі бастамалар қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтып, жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыра түсетіні сөзсіз. Алғыс айту күні аясында өткен бұл шара – қайырымдылықтың жарқын үлгісі болып, көпшілікке ой салды.
Мейірімділік пен жанашырлық – адам бойындағы ең асыл қасиеттер. Осындай игі істер жалғасын тауып, қоғам игілігіне қызмет ете бермек.
Таңшолпан ҚҰЛБАЕВА,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің
ұйымдастыру және бақылау бөлім басшысы.
Мойынқұм ауданы