Мектепке дайындық: ата-аналар бір балаға 100 мың теңгеден астам жұмсайтынын айтты

6

Астана арнасы
Жаңа оқу жылы таяп қалды. Ал ата-ананың алдында ұзын-сонар тізім тұр: мектеп формасы, аяқ киім, сөмке, кеңсе тауарлары. Бір баланы мектепке дайындаудың өзі отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ салуы мүмкін. Ата-аналар балаларына қажеттіні алу үшін қанша ақша жұмсап жатқанын «Астана» тілшісі біліп қайтты.

«Дәл қазір қызыма мектеп сөмкесін, оқуға қажетті құралдарын алдым. Осының өзіне 50 мыңға жуық қаржы кетті. Әлі дене шынықтыру формасы мен аяқ киімін алу керек», «Әлі керек зат көп. ДШ-ға қажеттіні алмадық. Канцелярия алмадық. Екі балаға 300 мың теңге үстінде кетеді», «Барынша үнемдеу үшін кішкене жеңілдіктер болып жатқан жерге барамыз. Елдің баласы киген форманы менің балам кию керек. Елдің баласы алған затты менің балам да алуға тиіс», «Бәрі керек. Бәрі 100 мың теңгеден жоғары болады», — дейді тұрғындар.

Мектепке қажет дүниенің тізімі бір бөлек, оған қойылатын талап тағы бар. Оқу-ағарту министрлігі ата-ананы белгілі бір дүкеннен немесе нақты өндірушіден киім алуға мәжбүрлеуге болмайтынын ескертеді. Яғни форманы қайдан және қанша ақшаға сатып алу — ата-ананың өз таңдауы. Ал оның үлгісі мектеп әкімшілігі мен ата-аналар кеңесінің келісімімен бекітілуге тиіс.

«Міндетті мектеп формасының үлгісі классикалық стильде болу керек. Біріңғай түс сақталуы керек. 3 түстен араластырмай кию рұқсат етіледі», — дейді Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы басқармасының басшысы Сәуле Әпетова.

Ал форма таңдаудағы басты өлшем тек баға емес. Арзанын іздеп жүріп, баланың денсаулығын назардан тыс қалдыруға болмайды. Әсіресе күн сайын арқалап жүретін мектеп сөмкесіне ерекше мән берген жөн. Себебі шамадан тыс ауыр жүк баланың омыртқасына салмақ түсіреді.

«Оқу құралдарын қоса алғанда сөмкенің салмағы баланың дене салмағынан 10 пайыздан артық болмау керек. Егер бала 30 кг болса, сөмкенің салмағы 3 кг-дан аспау қажет», — дейді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бөлім басшысының орынбасары Салтанат Назарова.

Мектепке дайындықтың бағасы ата-ананың қалтасына байланысты әр түрлі. Бірі үнемдеп алуға тырысса, енді бірі сапалысын таңдауды жөн көреді.

Биыл 450 мыңға жуық бала мемлекеттік көмекпен қамтылып, бұл мақсатқа 23 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бір балаға берілетін ең төменгі көмек – 50 мың 851 теңге.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/286472-mektepke-daiyndyq-ata-analar-bir-balaga-100-myn-tengeden-astam-zumsaitynyn-aitty

Leave A Reply

Your email address will not be published.