Мақсат бар жерде нақты міндеттер мен айқын жоспарлар бар

36

-Толық аты-жөніңіз, қызметіңіз?

-Жұмағұл Жадыра Ертайқызы. Сарысу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры.

-Жастар саясатында қызмет көрсеткеніңізге неше уақыт болды?

-2011 жылы «Сарысу жастары» КММ-сіне нұсқаушы маман болып жұмысқа қабылданып, 2019 жылдың мамыр айынан бастап директор лауазымында қызмет атқарып келемін.

Жастар саясатында нені өзгерткіңіз келеді?

Өзгертуді білмедім, бірақ әркез жастар үшін, жастардың зор мүмкіндіктері үшін үлкен үлес қосқым келеді. Егер қолымда жастар саясатында өзгертуге болатын мүмкіндіктер болса, ең алдымен жас мамандардың кадр мәселесін реттейтін едім. Оларды лайықты мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына ықпал етер едім. Сонымен қатар, жас отбасылардың баспаналы болуына жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаларды көбірек енгізетін едім.

-Сіздің жастарға деген сеніміңіз қандай? Және не себепті олай ойлайсыз?

Жастарға деген сенімге келер болсақ. Қай кездегі қоғамда болмасын жақсылық пен қатар жамандық жүреді. Қазіргі жастардың басым бөлігі жақсылық жасағанға құмар, әркез қайырымдылық акцияларының бас қасында жүреді. Сол жағдай мені қуантып, болашақта осындай патриот, жанашыр, білімді жастар көпболарына сенімім арта түседі. Мысалы, ретінде биылғы ауыл әкімдерін сайлау кезінде жастарымыз белсенділік танытып, қоғамдық саяси науқанда әкім болып, көшбасшылыққа ұмтылуда. Сондай-ақ, елімізде болып жатқан түрлі оқиғаларда үнсіз қалмай жақсылықтың жаршысына айналып жүр.

-Жастарға арналған қай мемлекеттік бағдарламалар сіздің өңіріңізде кең орындалуда?

-Бүгінгі таңда, ауданымызда іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламар аз емес. Мысалы, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 бағдарламасы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, «Серпін 2050» бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы», «Жасыл ел» бағдарламасы. Аталмыш бағдарламалардың ауданда ең көп жүзеге асып жатқаны  «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы 75 жас қайтарымсыз грант иеленіп, кәсіптерін дөңгелетіп отырса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 17 жасқа квота бөлінді. «Жасыл ел» еңбек асақтарына 50 жас қамтылды.

-«Болашақ – жастардың қолында» деген тұжырыммен қаншалықты келісесіз?

-“Болашақ — жастардың қолында” деген сөз елімізде көп айтылатын сөз десек қателеспейміз. Ұрпақтар сабақтастығы деп айтуға келетін шығар, қазіргі жастар болашақта ел тізгінін ұстары анық. Жастар қазіргі аға буынға қарап бой түзері анық, оны да ескеруіміз қажет. Жалпы болашақ — ол бүгіннен басталады деген тұжырым айтқым келеді.

-Тәуелсіз мемлекеттің жастары қандай болуы қажет?

Тәуелсіз мемлекеттің жастары — иманды, білімді, патриот болуы қажет. Елімнен бірнарсе аламын емес, еліме бірнарсе берейін, отанға деген сүйіспеншілік қалыптастыру қажет. Еліміздің жастары отансүйгіш болғаны үлкен қуаныш деп білемін.

-Өңіріңіздегі жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жастар ресурстық орталығының атқарған жұмыстарына тоқталып кетсеңіз?

-Аудандағы жастардың бос уақытын тиімді өткізуде аудан әкімі М.Сұлтанғалиевтің рөлі ерекше. Аудан әкімінің бастамасымен Жаңатас қаласы мен барлық ауылдық округтер Street workout, цифрландырылған орталықтар мен әр аулада тренажерлық құрылғыларды орнатып жатыр. Жастарды спортқа шақыра отырып, әр сенбі жексенбі күндері өзі бастап таңғы серуендеу, жаттығуға шығып, жастарға сенімді мотивация беруде. Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен іске асырылып жатқан «Асар» жобасының бас қасында жүріп, атқарылып жатқан жұмыстарға жанашырлық танытуда. «Жас келсе іске» демекші, жас аудан әкіміміздіңбұндай бастамалары кез келген жасқа керемет үлгі екендігін мақтанып айта аламыз. «Жастар ресурстық орталығының» ұйытқы болуымен ұлттық құндылықтарды насихатауға және салт-дәстүрлерді дәріптейтін түрлі форматтағы байқаулар мен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға арналған 11 бағыт және волонтерлікті дамытуға арналған 7 бағыт ауданда тұрақты жүргізіліп келе жатыр. Жастарда бос уақыт болмау керек. олар қандай да бір жұмысты қолға алып, алдына мақсат қоятын болса, онда алар асуымыздың алда екендігін айта кеткім келеді.

Жастардың еңбек сатысымен көтерілуінде аға буынның алатын орны туралы айтып кетсеңіз?

-Жастар ресурстық орталығы арқылы әлеуметтік лифт қалыптастырған қызметкерлер де аз емес. Нақтырақ тоқтала кетсем,  М.Бегеев («Жастар ресурстық орталығының» директоры) Жаңатас қаласы әкімінің орынбасары, Ж.Смағұлов(«Жастар ресурстық орталығының» директоры) Жайылма ауылдық округінің әкімі. Аға буын өкілінің қоғамда алатын орын ерекше. Бүгінгі қызметкерлер жоғарыда айтылған аға буынға ұқсап биіктен көрінуді мақсат етіп келеді. Демек, мақсат бар жерде нақты міндеттер мен айқын жоспарлар бар екені талқыланбайтын миссия екендігі анық.

-Ауыл жастары неліктен үлкен қалаларға арман қуып келеді?

-Мен олай ойламаймын. Бізде, керісінше, қаладан оқуын бітіріп келіп, ауылға жұмысқа орналасып жатқан мамандар баршылық. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан түрлі көмектер мен тиімді бағдарламалар бар кезде жастар ауылды дамытып, көркеюіне үлкен үлес қосады деп сенім білдіремін. Арманды қалада емес қаймағы бұзылмаған ауылдан да орындауға болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.