Құландық балуанның биігі

672

Словакияның Трнава қаласында күрес түрлерінен жастар арасында жалауы желбіреген әлем чемпионаты мәресіне жетіп, ұлттық құрама елге оралды. Грек-рим күресінен жүлде бұйырмағанымен, еркін күрес шеберлері қоржынымызды бос қайтармады.

92 келіде күш сынасқан Әлішер Ерғали күміспен күптелсе, 61 келіде боз кілемге көтерілген Талғат Сырбаз және 97 келіде бақ сынаған Серік Бақытханов қола жүлдемен қуантты. Ал, қыздар арасындағы сында 50 келіде өнер көрсеткен Марина Закшевская қола медальді қанағат тұтты.
Осы орайда айта кетерлігі, аталмыш байрақты бәсекеде Алматы қаласының намысын қорғап, күміс жүлдеге қол жеткізген Әлішер Ерғали – Т.Рысқұлов ауданының тумасы. Ол әлем біріншілігінде поляк Мэтью Вроблескийді 10:4, оңтүстіккореялық Менг Сег Чуді 10:0, әзірбайжандық Асхаб Хамзатовты 2:0, өзбек Махсуд Вейсаловты 11:2 есебімен тізе бүктірді. Ақтық айналымда ирандық Аббас Али Форутанрамиге ғана жол беріп қойып, десе де ұлттық құраманың жалғыз күміс жүлдесін әкелді. Әлішер бұған дейін де кадеттер арасындағы Азия чемпионатында күміспен күптелсе, жасөспірімдер арасындағы Сары құрлық бәсекесінде қола медальді кеудесіне таққан.
Әрине, осындай таланттарымыздың өзге өңірдің намысын қорғап жүргені өкінішті-ақ. Десе де, енді ғана жасындай жарқылдап келе жатқан спортшымыз ертеңгі болашағын Жамбыл облысымен байланыстырады деп сенеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.