ҚАЖ саласының арулары құрметке бөленді
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемеде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға мекеме басшылығы мен жеке құрамда қызмет ететін әйел қызметкерлер қатысты.
Салтанатты жиында алғашқы боп сөз алған мекеме бастығы, әділет подполковнигі Бекзат Ортаев нәзік жанды әріптестерін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, қоғам тыныштығын күзетуде қаракөз қыздардың еңбегі еселі екенін атап өтті.
– Құрметті арулар! Сіздерді көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мерейлі мерекеде бар өздеріңізге лайықты құрмет көрсете отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Сіздер біз секілді еразаматтармен бірге қиындығы мол салада абыройлы қызмет етіп келесіздер. Тәртіп сақшысы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал сіздер бұл жұмыста жемісті жұмыс істеп жатырсыздар. Бұл ретте сіздерге алғысымыз шексіз, – деді мекеме бастығы.
Бұдан кейін мерекелік шара қыз-келіншектерді марапаттауға ұласты. Осылайша мекемеде қызмет ететін нәзік жандылар мен бұрымдылар құрметке бөленді. Аруларға мекеме бастығының Алғыс хаты мен гүл шоқтары, сондай-ақ естелікке сыйлықтар табыс етілді.