«Каз Ир Агро» ЖШС өнімі Жапонияға экспортталуда

614

«Каз Ир Агро» ЖШС «ЭСК Kazah-Export» АҚ қолдауымен Жапонияға салмағы 37,3 тоннаны құрайтын сафлор майын жөнелтті, – деп хабарлайды «08info» ақпарат агенттігі.

Атап өтерлігі, «Каз Ир Агро» ЖШС Қазақстан бойынша Жапонияға тағам өнімін саудалаған алғашқы компания. Ал, Жапония тағам өнеркәсібі өнімінің сапасы мен технологиясын қатаң бақылайтын  мемлекет екендігі дүниежүзіне белгілі. Сондықтан қазақстандық экспортшы  алты ай бойы өнімді  лабораториялық сараптамадан тыңғылықты түрде өткізіп, мемлекеттік және халықаралық талапқа сәйкестігін анықтап, үстіміздегі жылдың маусым айында жапондықтарға экспорттауға келісім жасады.

Жапониямен бірге жұмыс жасау «Каз Ир Агро» ЖШС-нің халықаралық нарыққа шығуын әрі қарай дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Оған дәлел, компания  енді Нидерланды елімен жылдық келісімге отыруға келіссөздер жүргізуде.

Айта кету керек, «Каз Ир Агро» ЖШС ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында Ресей, Қытай, Чехия және Өзбекстан елдеріне 400 тоннадан аса өнім экспорттады.

Бұл Елбасының Қазақстан Халқына Жолдауында  «Біз ауыл шаруашылығындағы түрлі өнімдерді өндіруді үйрендік. Бұл расында мақтануға тұрарлық жағдай. Бірақ, бұл жеткілікті деп айта алмаймын. Өнімді қайта өңдеп, жоғары сапалы, дайын тауарды әлемдік нарыққа шығаруымыз қажет» — деп, алдымызға қойған міндеттерінің орындалуының көрінісі екені анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.