Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты

46

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз жыл сайын мерзімді баспасөзге ауқымды сұхбат беру ар­қылы белгілі бір саяси дәстүр қа­лыптастырдыңыз деуге болады. Осы орайда, «Turkistan» газетінің ұсы­нысын қабыл алғаныңыз үшін ри­зашылығымызды білдіреміз. 
– «Turkistan» газеті 30 жылдан бері тұ­рақ­ты шығып келеді. Бұл – Қазақ­стан­да­ғы ең ықпалды басылымның бірі. Га­зет­­тің атауында да өте үлкен мән-ма­ғы­на бар. Басылым тілшілері ел ішіндегі өзек­ті мәселелермен қатар, тұтас түркі жұр­тына ортақ тақырыптарды да кө­теріп жүреді. Бұл өте жақсы дәстүр деп санаймын.
Шетелде жұмыс істеп, түрлі салада та­бысқа жеткен қазақтар туралы ма­қа­лаларды қызығушылықпен оқимын. Қа­зақстан мен өздері тұрып жатқан ел­дер арасындағы ынтымақтастықты да­мытуға үлес қосып жүрген осындай үш азаматты арнайы марапаттадым.
Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірі­нің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік же­лі адамның ойлау (танымдық) қа­біле­тіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қы­рыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейін­де қалып қойған азаматтарды қазірдің өзін­де кездестіруге болады.
Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушы­лық­пен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал жур­налистер сапалы материалдар әзір­леп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеу­лі үлес қосып келеді. Мен сүйікті Ота­­­­нымыздың игілігі үшін барлық са­лада табысты еңбек етіп жүрген мықты аза­маттар туралы мәліметтерді көбінесе га­зеттерден аламын. Ел ішіне кең тарал­ған TikTok, Instagram немесе Telegram ар­налары еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігінен алыс екенін өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз.
Қоғамымыз елең етерлік жаңалық оқып, бейнежазба көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпараттың да қа­дірін білгені дұрыс деп санаймын. Көп­теген жастарымыздың да дәл солай ойлайтынына қуанамын. Себебі, олар адамды тығырыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, нағыз білім-ғы­лым жолына түсуді мақсат тұтады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ.
– Сұхбатымыздың бас жағында әдеттегідей өткен жылдың қоры­тын­дысы туралы сұрағым келеді. Был­тыр өте көп оқиға болғаны бел­гілі. Дегенмен, 2025 жылдың басты нә­тижесі қандай деп ойлайсыз?
– Шынымен де, айтулы оқиғалар аз бол­ған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты, бұл сұрағыңызға табан астында жауап бере қою қиын. Мысалы, эко­номикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қа­тар, бүкіл өңір үшін рекордтық көр­сеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істел­ді деуге болады. Бірақ, мен барлық мем­ле­кеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, ма­сайрап отыруға мүлде болмайтынын үне­мі айтамын. Шығыс халықтары «Те­гіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұм­тылуы­мыз керек. Оның үстіне, түйіні тар­қа­тылмаған түйткілдер аз емес.
Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейі­нің жоғары болуы. Соның салдарынан аза­маттарымыздың әл-ауқатын арт­тыру­ға арналған еңбектің бәрі текке ке­тіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мем­лекетіміздің әлеуметтік-экономи­ка­лық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек.
Дей тұрғанмен, еліміздің рефор­ма­лар­­ды жүзеге асыруға біржола бет бұр­ға­нын өткен жылдың басты қоры­тын­дысы деуге болады. Қазақстан жаң­ғыру жо­лын­да қарышты қадам басып, барынша өр­кениетті ел бола бастады. Қо­ғамда өс­ке­лең ұрпақтың жарқын бо­ла­шағы үшін тү­бегейлі өзгеріс жасау аса маңызды еке­ні туралы нақты түсінік қалыптасты.
АҚШ президенті Трамптың «ақылға сыйымды ой» стратегиясының ықпа­лы­мен жаһандану үдерісі кейінге ысырыла   бастады. Біз де Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мем­ле­кетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қо­ғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге ар­­налған нәтижеге жету үшін бұл жұ­мыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жал­ғасын табады.
– Былтыр жаңа Салық кодексі қызу талқыға түсті. Жұрттың кө­кейі­не күдік-күмән ұялап, көптеген сауал туындады. Бір жағынан, қа­жет­ті экономикалық реформаларды жүргізуге мүмкіндік беретін, екінші жа­ғынан, азаматтардың тұрмыс жағ­дайын төмендетіп жібермей, тара­зы басын тең ұстайтын тиімді жол бар ма?   
– Әрине, салық реформасы – өзекті мә­селе және бұған қатысты пікірталас­тар­дың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүр­ліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұн­дай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн са­лығы жуырда 22 пайызға дейін кө­теріл­ді.
Біздің реформамыз – қатардағы «фис­калдық науқан» емес, салық жүйе­сін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұр­ған басты міндет – экономиканың тұрақ­ты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзір­леу тапсырылды. Министрлер каби­неті­нің бұл тапсырманы қаншалықты та­бысты орындап шыққанын биыл көре­тін боламыз.
Бұрынғы Үкімет қосымша құн са­лығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсын­ды. Олар фискалдық саясатта қате­лік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі Үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім.
Жаңа Салық кодексінде бақылау жа­сау­ға емес, өзара серіктестік орнатуға ба­­са мән беріледі, яғни, осы үдеріске қа­­­­тысушылардың бәрі – мемлекет те, биз­­нес те, азаматтар да өз міндетін адал орын­дауға тиіс. Бірін-бірі өзара толық­тырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабыл­дан­бай­тын болады. Түптеп келгенде, салық тө­леу дегеніміз – заманауи қоғамдық ке­­­­­лі­сім­шарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қыз­мет көрсетіледі, инфрақұрылым са­лы­нады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүк­те­мені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұр­ғыдан әлсіздерді қолдау және эко­но­микалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі.
Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиім­­ділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрт­­тың салық жөніндегі сауатымен жә­не қоғамның сана-сезімімен өл­ше­не­ді. Са­лық төлеу мәдениеті дәл осылай қа­лып­тасады. Салық төлеу бұрын міндет бол­­са, енді отаншылдықтың озық үлгі­сі­не айналады. Мұны сыбайлас жем­қор­лық­­қа қарсы қоғам құрудың төте жолы деу­­ге болады. Себебі, салығын адал тө­лей­тін азаматтар өз қаржысының алаяқ­­тар­дың қалтасында кеткенін мүл­дем ұнат­пасы анық.

– Экономикалық реформалар тауарлардың бағасы мен қызмет­тер­дің тарифіне салмақ салады. Жұрт бұған алаңдап отыр. Сіз Үкі­мет­ке осы мәселені шешуге арнал­ған нақты шаралар жоспарын әзір­леуді тапсырдыңыз. Бұл жұмыс ре­фор­маның сапасы мен қарқынына әсер етпей ме? Азаматтарымыз әл-ау­қатымызды жақсартады деп күтіп жүр­ген реформаның нәтижесін жоқ­қа шығармай ма?   
– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, ре­фор­малар қолға алынған кезде жұрт­шы­лық оны көп жағдайда түсінбей, қа­былдамай жатады. Ондай кезде бар­лық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мем­лекет басшысы ретінде осындай жауап­кер­шілікті өз мойныма аламын. Бола­шақ­та да бұған дайынмын. Менімен бір­ге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұ­ны жақсы біледі. Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта ре­форматорлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жа­тады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін ре­фор­ма­­ларды қалайда жүзеге асыруымыз керек.
Азаматтарымызға зияны тимеуі үшін қыс мезгілінде тарифтерді өсіру әкім­шілік тәсілдер арқылы уақытша тоқ­татылды. Сонымен бірге, Үкіметке бюд­жет қаржысын барынша тиімді пай­далану міндеті жүктелді. Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қа­таң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ре­сурстары мемлекетке қажетті жоба­лар­ға ғана жұмсалуға тиіс. Былтыр қара­ша айында Үкімет, Ұлттық банк, Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі бірлесіп, үш жылдық бағдар­ла­ма қабылдады. Құжат азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін инфляцияны тө­мендетуге арналған.
Халықаралық сарапшылар Қазақ­стан­ның «орташа табыстар қақпанына» тү­сіп қалғанын дұрыс байқап отыр. Ашы­ғын айтайын, бұл – экономика тура­лы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азама­ты­мыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы. Жұрт табыс тауып жатыр, тіпті, жақсы табыс табатындар да бар. Бірақ, оның бәрін инфляция жеп қояды не­месе ипотека төлеу, балаларды оқыту, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті тір­лікке жұмсалып, жоқ болып кетеді. Ауы­рып қалу немесе жұмыстан айырылу се­кілді кез келген көлденең кедергі тұр­мыстағы тұрақтылықты бұзып жіберуі мүм­кін.
Мен кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейне­т­ақы жинағын пайдалануға рұқсат беру  туралы шешім қабылдадым. Көбісі солай жасады, бұл шешімге ризашылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ, әдеттегідей, сто­матология қызметін көрсетеміз де­ген желеумен зейнетақы қорынан 200 ми­л­лиард теңгеден астам қаржы жым­қыр­ған алаяқтар да табылды. Құқық қор­ғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр. Осы медициналық қыз­мет түріне зейнетақы жинағын пай­да­лануға тыйым салуға тура келді. Бірақ, бас­қа да қитұрқы тәсілдер пайда болды, тіп­ті, пластикалық отаға төлем жасай­тын­дар бар.
Ал, бизнес өкілдеріне келер болсақ, олар жұмыс орындарын ашып, салық­та­рын адал төлейді. Алайда, несие өсімі­нің жоғары болуы, айналымдағы қара­жаттың аздығы олардың кең ауқымда дамуына, жаңа нарықтарға шығуына, за­манауи технологияларды енгізуіне мүмкіндік бермей тұр.
Экономиканың құрылымы өзгеріп жа­тыр. Дегенмен, меніңше, өзгеріс қар­қы­ны баяу. Халықаралық қаржы инс­ти­тут­тары мен рейтинг агенттіктерінің ба­ғалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөз­дің жаны бар. Соған қарамастан, эко­номикамызда теңсіздіктер әлі де сақ­та­лып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағ­дайды білеміз, оны жұрттан жа­сыра­тын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көп­теген мемлекет басынан өткеріп жа­тыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін мін­дет­ті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар.
– Қазақстан былтыр энергети­ка­лық және коммуналдық секторда ре­­форма жасауға кірісті. Бұл – Тәуел­­сіздік жылдарындағы ең ау­қым­ды реформа. Осы бағыттағы жұ­мыстар әбден тозған инфра­құры­лымды жаңғырту мәселесін шеше ала ма?  
– Шынымен де, Үкімет энерге­ти­ка­лық және коммуналдық нысандарды жап­пай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым бо­латын инженерлік желілер мен элек­тр қуатын тарататын желілер салуымыз ке­рек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жоба­ның есеп-қисабы әзірленіп жатыр.
Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» ай­мақта тұрған жылу электр станция­ла­ры­ның саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қа­былданған шаралардың нәтижесі кө­ріне бастады. Нысандардың апаттық жағ­дайға тап болу қаупі сейіліп келеді.
Дегенмен, әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өз­герту керек. Сондықтан, жаңғырту ша­ра­лары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни, салаға инвестиция салу үшін қо­лай­лы жағдай жасап, нағыз нарықтық те­тіктер қалыптастыруы қажет.
Үкіметтің шұғыл шаралары мәселе­нің түпкі мәнінен туындап отыр. Себебі, энергетика және тұрғын-үй ком­му­нал­дық шаруашылығы кез келген мем­ле­кет­тің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр са­налады. Бұл негіз шайқалса, басқасы тү­гел күйрейді.
Тамыры тереңге кеткен экономи­ка­лық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауыл­дардағы инфрақұрылым тозды, энер­гетика нысандары мен коммунал­дық желілер әбден ескірді.
Қордаланған түйткілдер күрмеуі қиын күрделі мәселеге ұласты. Бұл сала жыр­тық-тесігін жанталаса жамап-жас­қап, бюджет қаржысын үздіксіз құюға тура келетін «коммуналдық аждаһаға» айналды. Бұған жұрттың еті үйреніп, аза­маттар шарасыз күйге түсті.
Соған қарамастан, біздің үкімет­тері­міз «авгийдің атқорасын» тазалауға асық­қан жоқ. Себебі, мұндай күрделі жұ­мыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзір­леп, оның «табысты» орындалғаны ту­ралы баяндау әлдеқайда жеңіл бола­тын. Шындықты жасырып, бір сәттік ал­дамшы жетістіктерге ұмтылу ақы­рын­да мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түс­ті.
Шынымды айтайын, жеке абы­ройым­ды ойласам, мен де бұл жұмысты ке­лесі басшылыққа ысыра салар едім. Бір­ақ, халықтың көзі үйренген тап­таурын түсініктерге қайшы келсе де, мен үшін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақ­ты нәтижеге қол жеткізу бәрінен де маңыз­ды.
Электр қуатының арзандығы кімге тиімді болды? Табысы шамалы көп ба­лалы отбасыларға емес, ірі кәсіпорын­дар­ға өте тиімді болды.
Арзан жанар-жағармайдың қызы­ғын кім көрді? Әдетте қоғамдық көлік­пен жүретін студенттер мен зейнет­кер­лер емес, билікке жақын жүретін, қазір жұрт олигархтар немесе олигополия деп атайтын кәсіпкерлер көрді.
Коммуналдық қызметтердің тари­фін төмен ұстап тұру кімге ыңғайлы бол­ды? Әр түбіртектегі соманы уақтылы тө­леп отырған адал азаматтарға емес, «ком­муналдық былық-шылықты» пай­да­ланып, қалтасын қалыңдатқан дел­дал-кәсіпкерлерге қолайлы болды.
Посткеңестік кеңістіктегі ең төмен бағалар мен тарифтер Қазақстанға тие­сілі. Соның салдарынан, біз амалсыздан арзан жанар-жағармайды көрші мем­лекеттерге астыртын тасымалдайтын, сол арқылы олардың экономикасына демеу көрсететін елге айналдық.
Сол себепті, тарифтің төмен болуы қара­пайым тірлік кешіп жатқан адам­дарға пайдалы деген жалған сенімнен ары­­латын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия.
Әлеуметтік әділдікті қалпына кел­тіру үшін, ең алдымен, мәселені шешу жол­дарын өзгерту қажет. Мемлекет кө­мекке шын мұқтаж адамдарға ғана ті­ке­лей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қол­дау көрсетуге міндетті. Сондықтан, та­рифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғ­ни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтын­са, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тариф­тер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс. Мен осындай нақты міндет қойып отыр­мын. Алғашқы оң нәтижелер бар. Тө­лем жүйесіне сараланған тәсіл енгі­зіл­ді. Суды және электр қуатын барынша үнем­деп пайдаланатын тұрғындар «тұ­тынудың әлеуметтік нормасына» сәйкес төлемді ең төмен тарифпен төлейтін болды.
Бұл қадам бұрынғы жүйеден бас тар­тып, әлеуметтік игіліктерді әділ бөлетін жүйе құруға мүмкіндік береді. Елдің ре­сурстарын таңдаулы адамдар емес, бар­ша жұрт бірдей пайдалануға тиіс. Сон­да ғана заманға сай инфрақұрылым мен тиімді энергетика жүйесін қалып­тас­тыра аламыз. Осылайша, эконо­ми­ка­ның сапалық тұрғыдан өсуіне зор сер­пін береміз.

– Сіз Қазақстан үшін көлік және ло­гистика саласының маңызы ар­тып келе жатқанын жиі айтасыз. Бұл бағыттағы жұмысты негізгі ба­сымдық ретінде белгілеп бердіңіз. Осы саланы дамыту үшін қандай ша­ралар қабылданды және алда қан­дай жоспарлар бар?
– Еліміз үшін көлік-логистика сала­сы­ның әлеуетін арттыру – стратегиялық маңы­зы бар міндет. Теңізге тікелей шы­ғатын жолы болмаса да, Қазақстан Еу­ра­зия құрлығының кіндік тұсында, яғни не­гізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жер­де орналасқан. Бұл – үлкен артық­шы­лық, біз оны ел игілігіне жарата білу­ге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қа­зақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл са­ла­да атқарылатын жұмыстың басты ба­ғыты.
Осы орайда, жақында іске қосылған «Достық – Мойынты» жаңа теміржол ма­гистралінің мән-маңызын атап өткім ке­леді. Бұл жоба осы жол арқылы Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін бес есе арттыруға мүмкіндік бере­ді. «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» темір­жол желілерін жаңадан іске қосу жос­па­­рымызда тұр. Жалпы, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржолды са­лып, жаңғырту және 11 мың шақырым те­м­іржолды жөндеу көзделіп отыр.
Елорда мен батыс аймақтардың ара­сын­дағы қашықтықты 500-ден астам ша­қырымға қысқартатын «Орталық – Ба­тыс» күре жолы құрылысының стра­тегия­лық маңызы өте зор.
Біз ел шекарасынан тыс жерді де қам­ти­тын кең ауқымды көлік жүйесін құ­ра алдық. Қазақстан мұхит жол­дары­нан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терми­нал­дарының желісін қалыптастырды. Елі­міз­дің аумағы арқылы өтетін 12 халық­ара­лық көлік дәлізі, атап айтқанда, 5 темір жол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жет­кізілетін жүктің шамамен 85 пайызы осы жолдармен тасымалданады.
Әрине, мұның бәрі – табысқа оп-оңай жете қоямыз деген сөз емес. Бұл сала­дағы бәсеке күшейіп келеді. Себебі кө­лік және логистика мәселесі геосая­сат­тың ажырамас бөлігіне айналды. Осы та­қырып жоғары деңгейдегі келіс­сөз­дер­дің күн тәртібіне біржола енді. Сон­дық­тан, Қазақстан үшін де оның ай­рық­ша маңызы бар.
Еліміз Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» атты мегажобасын, «Солтүстік – Оң­түстік» дәлізін және Транскаспий кө­лік бағытын, яғни, «Орта дәлізді» да­мытуға белсене атсалысып келеді. «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағы­тымен теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп са­наймыз. «Орта дәліздің» жұмысына Қы­тайдың қосылуын құптаймыз.
Жалпы, бұл саланың әлеуеті өте жо­ғары. Мұнда тек инфрақұрылым туралы сөз болып отырған жоқ. Экономиканың барлық дерлік секторы осы іргелі салаға келіп тоғысады. Сондықтан, Үкіметтің ал­дына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-ло­гистика тораптарын салу, теңіз порт­тарын, әуежайлар мен теміржол вок­залдарын жаңғыртып жөндеу, сондай-ақ тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды.
– Мемлекет кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп отыр. Бұл шаруамен үкі­меттердің бәрі айналысты. Бірақ, осы аса маңызды саладағы түйт­кіл­дер ақыры шешімін тапқан жоқ. Әр министр өз бағдарламасын жүзеге асырмақ болды. Соның салдарынан қыруар ақша құмға сіңіп жоқ бол­ды. Енді біз еліміздің бұл саладағы әлеуетін ойдағыдай пайдалана ала­мыз ба?
– Мемлекеттердің көбі ауыл шаруа­шы­лығына бюджеттен қыруар қаржы бө­леді. Солардың қатарында Қазақстан да бар. Шаруаларға 2024 жылы 580 мил­лиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңіл­детілген несие берілді. Бұл – өте қо­­мақ­ты қаржы. Соңғы он жылда шаруа­­ларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиім­ді­лігі күмән тудырады. 2015-2024 жыл­дары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көр­сеткішті одан да көбейтуге болар еді.
Есесіне, егін шаруашылығындағы нә­ти­желер өте жақсы болды. Астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жетті, өнім жеткізілетін елдердің географиясы кеңейе түсті. Бұл – егіннің шығым­ды­лы­ғы мен ауыл шаруашылығы өндірі­сінің тиімділігін арттыруға арналған шаралардың нақты нәтижесі.

Енді басқа бағыттардағы жұмысты кү­шейту қажет. Ең алдымен, мал шаруа­шылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тон­наға дейін артады. Қазақстанның, сырт­қа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүм­кін­дігі бар. Сондықтан, былтыр қарашада өт­кен Ауыл шаруашылығы еңбеккер­лері­нің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды.
Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жа­тыр. Бірақ, қомақты инвестиция құю қа­лаған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар ау­дару керек. Мен бұл туралы жуырда Тараз­ға барған сапарымда айттым.
Іргелес елдердің бірде-біреуінде ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан мұндай ауқымды көмек көрсетілмейді.
Ол жақтағы шаруалар Қазақстандағы әріп­тестеріне жақсы жағдай жасал­ға­нына таңғалып, оларды «аграрлық оли­гархтар» деп атай бастады. Дегенмен, елі­міздегі шағын шаруашылықтар жет­кі­лікті көлемде субсидия ала алмай отыр. Үкіметке осы мәселеге айрықша на­зар аудару туралы тапсырма берілді.
Әлбетте, субсидиялар керек. Әсіресе, қа­зіргі кезеңде өте қажет. Бірақ, мұның кері әсері де бар. Себебі, масылдық пи­ғыл туғызып, ауыл шаруашылығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, қазір Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бір­лестігін құруға қайта оралу мәселесін қа­растырып жатыр. Кооперативтер ең­бек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын на­рықтарға жақын болуға, тұтыну­шы­лар­мен ұзақ мерзімге арналған қатым-қа­ты­нас орнатуға жол ашады.
Дамыған елдердегі кооперация жақ­сы қырынан көрінді. Тіпті, ірі кор­пора­ция деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қа­зақстанның барлық ауылында та­быс­ты кооперация құруға негіз болатын ал­ғышарттар жеткілікті. Шаруалар жаз­да малын бағып, сүт, ет, тері, жүн жинап, оны өңдеу үшін күш біріктіре алады. Со­лай етуге тиіс те. Күнкөрістен өсіп-өр­кендеуге бастайтын жол – осы. Коопера­цияны бірлік пен жасампаздық идео­логиясы деп те қарастырған дұрыс.
Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бо­ла салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі тү­сіндіру және ұйымдастыру жұмыс­тарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді.
– Жиі талқыланатын тақырып­тың бірі – туризм. Былтыр әлемдік дең­гейдегі кейбір ақпарат құрал­дары Қазақстанды саяхат жасауға ең лайық елдердің қатарына қосты. Дегенмен, еліміздегі курорттар мен та­нымал туристік орындардың жап­пай қонақ күтуге дайындығына кү­мән жоқ емес. 
– Мұндай күмәннің туындауы заңды. Мен Үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда, алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономика, мәдениет, қауіп­сіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұ­мысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм са­­ласында жалқаулық пен немқұрай­лы­лық­қа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ.
Былтыр Қазақстанға миллиондаған ше­тел азаматы келді. Ішкі туризм қар­қын­ды дами бастады. Мұның бәрі – өте жақ­сы үрдіс.
Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жа­сап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұра­ныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қа­зақ­­­­станға тең келетін ел жоқ секілді кө­рі­­неді. Алайда, белгілі бір себептерге бай­ланысты, соның ішінде жауапты тұл­ғалардың біліксіздігі мен немқұрай­лы­ғының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қа­лып отыр. Әзірге таныстыру, яғни пре­зентация жұмыстарынан әрі аса ал­май жатырмыз.
Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жо­ба­ға қарсы науқан ұйымдастыратын кей­бір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арт­тыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» жасауды ғана көз­дейді. Туризм бизнесінде әбден әккі бол­ған, бәсекелестердің шыққанын қа­ла­майтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады.
Тау шаңғысы туризміне қатысты жағ­­дай да осыған ұқсас. «Шымбұлақ» Алма­ты қаласының орталығынан не­бәрі жарты сағаттық жердегі ерекше табиғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда, көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, то­зып барады. Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ, Үкімет пен әкімдіктің қол­дауына қарамастан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шара­лары­нан аса қойған жоқ. Ал, көрші елдерде тау шаңғысы инфрақұрылымы қарқын­ды салынып жатыр.
Алматы тау кластерінің әлеуеті өте зор. Бұл салада ауқатты адамдарға да, ор­­­та­ша табысы бар азаматтарға да бір­дей қызмет көрсетілуге тиіс. Сондықтан, он­да­ғы туристік инфрақұрылымды әртарап­тандыру мәселесіне назар аудару қажет.
Туризм саласындағы кадр тап­шы­лығы – өте өзекті мәселе. Сондықтан, Түр­­кістанда Халықаралық туризм және мей­мандостық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы тү­лектері дипломдарын алып, еңбек на­рығына қосылды. Алайда, бұл – жет­кіліксіз. Кадр мәселесін шешу үшін қо­сым­ша шаралар қабылданады.
Дегенмен, салымыз суға кетіп, еңсе­мізді түсіріп отыруға да болмайды. Әлем­­­дік деңгейдегі таблоидтар саяхат­шыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатса, екі есе қарқынмен жұмыс істеуі­міз керек. «CNN Travel» 2025 жылы Алма­ты­ны Орталық Азиядағы «сәні мен сал­танаты жарасқан жаңа астана» деп ата­ды. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәс­кеу, Париж сияқты «ешқашан көз іл­мей­тін қалаға» айналдыру тапсырылды. Қа­лада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру бағытында әлі де көп жұмыс істелуі керек.
– Жасанды интеллектінің дамуы туралы сұрағым келеді. Сіз халыққа Жолдауыңызда Қазақстанды үш жыл­дың ішінде цифрлық елге ай­налдыру қажет деген нақты міндет жүк­тедіңіз. Ал, жаңа жылға арнал­ған құттықтау сөзіңізде 2026 жылды Цифрландыру және жасанды ин­теллект жылы деп жарияла­дыңыз. Көздеген мақсатқа жету үшін не іс­теледі? Бастамаңыздың шын мә­нін­де табысты боларына сенесіз бе? 
– Қазақстан цифрлық державаға ай­налуы керек. Бұл – қазіргі жаңа тех­но­ло­гия дәуірінде өркениетті ел болып қалу­дың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қа­зақ­станда азаматтарымыздың өмір сал­тын едәуір өзгерткен танымал фин­тех ком­паниялар табысты жұмыс істеп жатыр.
Технология саласындағы нағыз әлем­дік алпауыттар – АҚШ пен Қытай ара­сындағы бәсеке қыза түсті. Америка бас­шысы АҚШ-тың үстемдігін нығайту үшін арнайы бағдарлама жүзеге асы­ры­ла бастағанын мәлімдеді. Қытайдың да шегінетін ойы жоқ, олар мұны ұлттың абырой-беделіне қатысты мәселе деп са­найды. Қазірдің өзінде Қытайда жа­санды интеллект мәселесімен айна­лы­сатын бес мыңға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Басқа дамыған мемлекеттер де қамсыз отырған жоқ.

Қазақстан да экономика мен қоғам­дық өмірге жасанды интеллектіні енгі­зу­ге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүм­кін­діктері жаман емес. Мемлекет көр­сететін қызметтерді, қаржы тех­ноло­гия­ларын, экономиканың бірқатар сек­то­рын цифрландыру ісінде нақты же­тіс­тік­теріміз бар. ІТ-стартаптарды қол­дай­тын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс іс­теп тұр. Екі мың компанияның басын қос­қан Astana Hub инновациялық клас­тері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады. Цифрлық активтерге арнал­ған CryptoCity пилоттық аймағы құры­лып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының құрылысы басталды. Мем­ле­кеттік деректерді жинау және талдау жұмысының қарқыны күшейіп келеді. Кәсіби мамандар мұндай деректерді ал­­дағы дәуірдің жаңа алтыны деп са­най­ды.
Былтыр мамыр айында Жасанды ин­теллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Оған шетелдің және еліміздің беделді сарапшылары ша­қы­рылды. Қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды, жаңа заң жа­қында күшіне енеді. Жасанды ин­теллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясы­мен бірлесіп, дербес платформа құрды.
Кәсіби кадрларды даярлау үшін мек­тептер мен университеттерде тиісті бі­лім беру бағдарламалары жүзеге асы­ры­лып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында бі­лім алды. Көп ұзамай Жасанды интел­лект мамандандырылған зерттеу уни­вер­ситеті ашылады.
Жасанды интеллект пайда бо­л­ған­нан бері болашақтың кемесіне мініп үл­геретін елдер мен ескі заманда қалып қоя­тын елдердің арасы алшақтай бас­та­ды. Сондықтан, мен цифрлық техно­ло­гия­лар мен жасанды интеллектіні Қа­зақ­станның даму жолындағы басым ба­ғыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңыз­­ды жұмыстың табысты боларына сенемін.
– Сіздің стратегиялық жоспар­ларыңыздағы ядролық энерге­ти­ка­ның орны қандай?  
– Сенімді энергия көзі болмаса, Қа­зақ­стан экономиканың жаңа техно­ло­гиялық үлгісіне көше алмайтынын тү­сінуіміз керек. Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автомат­тан­дырыл­ған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет. Бұл – жаңа жаһандық тех­нологиялық құрылыстың басты талабы.
Қуат көздерін салу үшін білікті ма­ман­дар керек. Капитал қоры шамамен 4,5 триллион доллар болатын әлемдегі ең ірі компания – NVIDIA-ның басшысы жа­қында «көк жағалылар», яғни тех­ни­ка­лық мамандық иелері мультимил­лио­нерлер қатарына қосылады деп болжам жасады.
Бірнеше атом станциясын салу – бірін­шіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойын­ша әлемде көш бастап тұрған ел­дің бірде-бір атом электр станциясын сал­мауы мүлдем ақылға қонбайды. Екін­шіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-бе­делін нығайта түседі. Біз атом стан­ция­ларын салу арқылы техникалық интел­ли­генцияның жаңа буынын қалыптас­тырамыз. Тиісінше, мем­ле­кеттік саясат­тың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қа­перден шығармаған жөн.
Тағы бір өте маңызды тақырып – жер қойнауында сирек кездесетін ме­тал­дар. Болашақта ондай материалдарға деген сұраныс арта береді, алдағы бес жыл­дың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте, Қазақстан үшін тағы бір мүм­­кіндік ашылады. Еліміз жер қой­науын­да сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қа­тарына қосылуы әбден мүмкін. Қазақ­стан стратегиялық маңызы бар осы саладағы өз рөлін күшейту үшін АҚШ, Қы­тай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония елдерімен және Еуропа Одағының бір­қатар мемлекетімен ынтымақтастығын дамыта бастады.
– Тағы бір тақырыпқа ойыссақ. Жұртты бұрыннан толғандырып жүрген мәселелер бар. Мысалы, кей­бір ірі бизнес өкілдерінің өмірі сән-салтанатқа толы. Олар қалталы аза­маттардың да, қарапайым адам­дардың да қамын ойлап өмір сүруді қашан үйренеді? 
– Бизнес – кез келген елдегі эконо­миканың негізгі тірегі. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Осы жолда жұрт жекемен­шік институтына ешкім қол сұқпауға тиіс екенін түсіне бастады.
Мен мемлекеттік билік жүйесінде жо­­ғары лауазымды қызметтерді ат­қара жү­ріп, сөзбен де, іспен де ұлттық бур­жуа­зияның заңды мүддесін қор­ғауға ты­рыстым. Себебі, экономиканы өркен­дету және мемлекеттің қоғамдық негіз­дерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқаратынын жақсы түсі­не­мін.
Тарихи себептер мен ұлт болмы­сын­дағы ерекшеліктерге байланысты ірі биз­несмендеріміз қарапайымдылық, ұс­там­дылық сияқты қасиеттерге мән бере қоймайтыны рас.
Мен Швейцарияда жұмыс істеп жүр­генде аса ірі әрі белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздім. Сол кезде олардың өз қаражатын өте үнемдеп жұмсай­ты­нын және елден дараланып көзге түскісі кел­мейтінін көріп, таңғалдым. Мил­лиард­таған қаржысы бар адамдар қона­қ­үй­дің қарапайым бір бөлмесінде тұру­ға намыстанбайды. Жеке ұшақпен ұш­пақ түгілі, бірінші санаттағы орындарға да отырмайды. Бірақ, бұл – олардың бойын­да ғасырлар бойы қалыптасқан дағды.
Ал, біздің кәсіпкерлеріміз үшін қа­лып­ты көрінетін өмір салты кейде қо­ғам­ның наразылығын тудырып жатады. Мұн­дай жағдай көптеген елде бар. Сол үшін де қайырымдылық қызметі жұмыс істейді. Бұл – қоғам мен бизнес арасын­дағы өзара келісім іспеттес.
– Сіз Республика күні қарсаңын­да өткен азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсі­мі­нен кейін кәсіпкерлермен жеке кез­десіп, оларға наразылығыңызды ашық айттыңыз деп естідік. Құпия болмаса, әңгіме не туралы болды?
– Жаңа ғана сөз болған қайырым­ды­лық туралы, отаншылдықты жасам­паз іспен көрсету жөнінде сөйлестік. Біз­ге халық алдындағы жауапкершілігін жақ­сы білетін әрі соны терең түсінетін ұлт­тық буржуазия керек.
Себебі, халық болмаса, олар ешқашан та­бысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игі­лігіне қызмет ету билік жүктеген мін­дет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шет­елде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жо­баларды жүзеге асырып жүр. Қала­лар­да инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мек­тептердің құрылысын қаржыландырып жатыр.
Қазақстанда көп нәрсе өзгерді. Қо­ғам­дық сана жаңғыра түсті, мемлекеттік басқару жүйесі жаңарды, саяси қайрат­кер­лер ауысты. Ірі кәсіпкерлер ғана жү­рі­сінен жаңылмай, бәз-баяғы қалпын­да келе жатыр. Бірақ, бұл, бір жағынан, би­ліктің бизнеске көзқарасы дұрыс еке­нін көрсетеді.
Кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемле­кет­тің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әр­дайым солай болуға тиіс деп қабыл­дайды.
Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жат­қан сіздер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым.
Қитұрқы саяси ойындармен әуесте­ніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономи­ка­сын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіп­ті, кәсіптің жілігін шағып, майын іш­кен Илон Масктің өзі саясатқа бел­сен­­ді араласпау туралы шешім қабыл­дады.
Отандық бизнес өкілдері тари­хы­мыз­да бұрын-соңды болмаған алапат тас­қын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай кө­мек көрсетті. Бұл – қуанарлық жағдай.
Мен қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін ар­найы «Мейірім» орденін енгіздім. Елге жа­­­нашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауап­­кершілік танытқан кәсіпкерлер биыл­­дан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам ал­дындағы абырой-беделі мен мәртебесі ай­қындалады.
– Тағы бір өзекті тақырып. Қаң­тар оқиғасына қатысқан бірқатар азаматқа байланысты сот процесі ту­ралы ақпарат БАҚ беттерінде был­тыр ара-тұра жарияланып тұр­ды. Тергеу амалдары әлі жүріп жа­тыр ма?
– Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі бол­ды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүр­гізу кезінде құқық қорғау органдары аза­маттық қоғам өкілдерімен тығыз бай­ланыста жұмыс істеді. Бірқатар қо­ғам­дық комиссия құрылып, оған белгілі заң­герлер жетекшілік етті. Мұндай қа­дам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқи­ға­ның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік бер­ді. Осы орайда, азаматтық жауап­кер­шілік танытып, кәсіби біліктілігін көр­сет­кені үшін оларға ризашылығымды біл­діргім келеді.
2022 жылдың наурыз айында Парла­мент­те арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің консти­туция­лық құрылымын бұзбақ болған қыл­мыскерлердің әрекетіне егжей-тег­жейлі баға берілді. Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаң­тарда ұрланған көптеген қаруды із­­дес­тіру жұмыстары әлі жалғасып жа­тыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мың­­­нан астам қару-жарақты иемденіп кет­­кен еді. Бірақ күштік құрылымдардың ар­­қасында қару-жарақ жасырылған қой­­малардың көбі табылды.
Қаңтар оқиғасын талқылайтындар кө­­бінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мә­­нін түсінуге еш пайдасы жоқ дүние­лер­­ді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салын­бау керек. Алматыдағы аласапыран тура­­лы жиі айтылып жатады, мұны тү­сіну­ге де болады. Бірақ, зұлымның си­қыр­­лы таяқшасымен жасалғандай адам сен­­гісіз жағдайлар болғанын да естен шы­­ғармау керек. Нақтырақ айтқанда, бү­­лік­ті ұйымдастырушылардың әмірі­мен бір мезетте он екі қалада жаппай тәр­­­­тіпсіздік белең алды. Оның арты қас­­көйлердің көптеген облыс әкім­дік­тері мен құқық қорғау органдарының ғи­мараттарын басып алуына әкеп соқ­тырды.
«Төңкеріс» жасауға әбден машық­тан­ған мамандардың жетекшілігімен тәр­тіп­сіздікті ұйымдастырушылар Үкімет­тің жанар-жағармай бағасын өсіру тура­лы шешімін желеу етіп, адамдарды жап­пай шеруге шығуға итермеледі. Со­сын азаматтардың, мемлекеттік қыз­мет­шілердің, бір таңғаларлығы, күштік құры­лым қызметкерлерінің едәуір бө­лігі­­нің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тас­тап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік ко­м­и­тетінің және Ішкі істер министр­лігі­­нің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті.
Осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілер­дің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда ор­талықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұн­дай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мем­лекетіміздің елді құрдымға жібере жаз­даған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр.
– Қаңтар оқиғасынан кейін сіз оли­гополияға қарсы күресті қолға алып, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару жөнінде бастама көтердіңіз. Сол үшін Бас про­куратураның жанынан арнайы комитет құрылды. Бірақ, былтырғы Жол­дауыңызда бұл құрылымның атауын Инвесторлардың құқығын қор­ғау жөніндегі комитет деп өз­герту туралы тапсырма бердіңіз. Жұрт бұл шешімді жете түсініңкіре­мей отыр. Мұндай қадам заңсыз ак­тивтерді елге қайтару тақырыбы осы­мен жабылды дегенді білдіре ме?
– Әрине, жоқ. Бас прокуратураның мә­ліметтеріне тоқталып өтейін. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі ко­митет үлкен жұмыс атқарып, олигопо­лия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден ас­там қаржы өндіріп алды. Соның 1 трил­лион теңгеден астамы мемлекет қа­зынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қор­дағы қаражат есебінен елімізде жал­пы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық ны­сан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсау­лық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инф­­­­рақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Бал­қаш қалаларындағы әуежайлар жаң­ғыртылып жатыр.
Жұмыс жалғаса береді. Активтерді сарап­тап, оның заңдылығын анықтау құ­зыр­лы органдардың күнделікті қыз­ме­тінің бір бағытына айналды. Ең бас­тысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болу­ға тиіс. Енді бұл шаруаны бір орта­лық­тан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондық­тан, алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді.
Активтері күмән тудырып, күдікке ілін­ген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есебінен инвес­тиция­лық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішін­де туристік, көлік-логистикалық ор­та­лықтар, тау-кен, металлургия, энер­гетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақ­тау, мәдениет, спорт салаларына, сон­дай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеу­меттік ортаға бейімдеу бағдар­лама­ларын қаржыландыруға айрықша назар аударылады.
Бас прокуратура мен Үкіметтің ал­дын­да барлық жоспарларды және уағдаластықтарды орындау міндеті тұр. Бұл – аса маңызды жұмыс.
Заңсыз активтерді елге қайтару ар­қы­лы әлеуметтік әділдікті қалпына кел­тіру – конъюктура не болмаса жұрт­қа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұста­ны­мы. Әңгіме индульгенция немесе ымыраласып, астыртын келісім жасау тура­лы болып отырған жоқ, олай болуы мүл­дем мүмкін емес.
Қазақстан әлем қауымдастығына ха­лықаралық құқықты қатаң сақтайтын ел екенін көрсетіп келеді. Бірақ, кейбір «кә­сіпкерлер» қоғамдық пікірді өз мүд­де­сіне қарай бұрмалауға тырысады, шет­елде жатып алып, өздерін саяси ре­жимнің құрбаны етіп көрсетеді, «ин­вес­тор» ретіндегі құқығы тапталып жат­қа­нын айтады. Біз заң аясында адал диалог жүр­гізуге дайынбыз. Өйткені, ұста­ным­дарымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Қазақстан алдағы уақытта да заңдары инвесторларға қолайлы мемлекет ретін­дегі мәртебесін нығайта береді.
– Кейбір оқырмандар әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болудан қалды деген сыңай­да пікір айтып жүр. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің дербес мәртебесі жойылғанын осының бір дәлелі ретінде келтіреді. Бұл реформаның мәні неде?
– Мұндай пікірлерден хабарым бар. Оның бәрін дұрыс түсінбеушілік немесе кейбір «арам ойлы» адамдардың бос әң­гімесі деп санаймын. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дербес мем­лекеттік орган ретінде өзіне жүк­тел­ген міндетті табысты орындады. Оған кінә арта алмаймыз. Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті де жемқорлықпен күреседі. Екі ме­кеменің бір міндетті қабаттаса ат­қаруы мемлекеттік маңызы бар жұмыс­қа кесірін тигізе бастады.
Сыбайлас жемқорлықпен барлық дең­гейде күресу мемлекеттік саясаттың ба­сым бағыты болып қала береді. Бұған қа­тысты ешқандай күмән тумауға тиіс.
Қабылданған шешім қатардағы жем­қорларды ғана емес, қылмыстық әре­кет­тің идеологтары мен ұйымдас­тыру­шы­ларын да жауапқа тартуға мүмкіндік бере­ді. Сонымен қатар, қылмыстың ал­дын алу үшін түсіндіру және ағарту жұ­мыстарына әдеттегідей айрықша на­зар аударылады. Қазір бұл – мем­ле­кет­тік қызмет істері агенттігінің құ­зы­рындағы міндет. Жалпы, жемқорлықтан аулақ болу қажеттігін балалардың құла­ғына жастайынан құя берген жөн. Бұл жер­де мектептер, қоғамдық ұйымдар, бел­сенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар ше­шуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елі­мізде жең ұшынан жалғасқан жем­қорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қа­лып­тасады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті санмен әуес­тенбей, сапаға мән беріп, жем­қор­лық­қа қарсы нақты жұмыс жүргізеді. Сон­да мемлекеттік қызметшілер құқық қор­ғау қызметкерлеріне жалтақтамай, батыл шешім қабылдайтын болады.
– Сіз Жолдауыңызда әлеуметтік жеңіл­діктер тым көбейіп, масылдық пен алаяқтыққа жол берілгенін қа­таң сынға алдыңыз. Жұрт имми-
г­рацияға қатысты көзқарасыңызды да білгісі келеді… 

– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Ден­саулық сақтау, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру, ғылым және мәдениет сала­сы­на қатысты барлық міндеттеме толық орындалады. «Сырт көз – сыншы» деген сөз бар. Шетелдіктер, әсіресе, көрші мем­лекеттердің тұрғындары біздің ел­дегі әлеуметтік қызметтің соншалықты да­мығанына қызыға да, қызғана да қарай­ды. Соның ішінде кепілдік беріл­ген тегін медициналық көмек және аза­­­маттарға арналған көптеген жеңілдік бар. Тіпті, Қазақстанды «коммунизм ор­на­ған» ел деп атай бастады.
Мысал ретінде, жекеменшік мектеп­тер­дің иелері де ауқымды мемлекеттік субсидия алатын орта білім жүйесін ай­ту­ға болады. Барлық аймаққа же­ке­меншік мектептердің, балабақшалардың, оқу орталықтары мен үйірмелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін «жан басына сәйкес қаржыландыру» қағидаты бойынша қомақты қаражат бөлу міндеті жүк­телген. Бұған қоса, ауқатты кәсіп­кер­лердің меншігіндегі және ата-ана­лары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қаржы бөлінеді.
Бұл саланы мемлекеттен қаржылан­дыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қа­зір­дің өзінде қаражат жетпей жатыр.
Жекеменшік медицина саласында да осыған ұқсас ахуал қалыптасқан. Бұрын же­кешелендірілген медицина мекеме­лері көбінесе күрделі құрал-жабдықтар сатып алмайды, тексеруден өту үшін нау­қастарды мемлекеттік емханаларға жі­береді. Бірақ, ең бастысы, оларға шын мә­нінде науқастардың санына қарай емес, «тіркелген» адамдардың санына қарай бюджеттен ақша бөлінеді және бұл «жан басына сәйкес қаржыландыру» деп аталады. Науқастардың санында мүл­де нақтылық жоқ, тіркеу жұмыстары қалай болса солай жүргізіледі. Барлығы ашық болуға тиіс, осы саладағы үрдістің бәрін цифрландырған жөн.
Жалпы, бұл – күрделі мәселе, Үкімет бұ­ған назар аударуға тиіс. Мен лауа­зым­ды тұлғалардың мұндай жағдайға жол беріп қана қоймай, мемлекет мүддесіне қай­шы келетін нәрселерді «өз қолымен» жасағанына таңғаламын.
Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекеме­лер­­дің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау сала­ларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұр­маланып кеткен. Ахуалды түзеу қа­жет. Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеу­меттік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ, же­ке бизнесті түгелдей дерлік мем­ле­кет­тің мойнына артып қоюға болмайды.
Cонымен бірге, медицина туризмі тұр­ғысынан алғанда Астана мен басқа да қалаларымыздың танымалдығы арта түскені көңіл қуантады. Дәрігерге қара­лып, сапалы ем-дом алу үшін көрші ел­дерден бөлек, тіпті, АҚШ-тың және Еуро­па­ның кейбір мемлекеттерінің аза­маттары Қазақстанға келіп жатыр.

Мемлекет мұғалімдерге және ме­дицина саласының қызметкерлеріне өте жақсы қолдау көрсетті. Олардың жа­­­лақысы бірнеше есе өсіп, қоғамдағы мәр­тебесі де арта түсті. Бұл дер кезінде қа­был­данған орынды шешім болды.
Бірақ, алаяқтыққа жол берілмейді. Кеңес заманындағы түрлі аймақтық қақ­тығыстарға қатысқан «ардагерлер» әлі күнге дейін әлеуметтік жеңілдіктерді пай­даланып келеді. Мен халыққа Жол­дауымда Кеңес Одағының күйрегеніне отыз жылдан астам уақыт өтсе де, «арда­герлер» күн өткен сайын көбейіп, неге екені белгісіз, жасарып бара жатқанын айттым.
Тағы бір мысал. Статистикаға қара­сақ, Қазақстанда 740 мыңнан астам мү­гедек адам бар екен. Еліміздің еш­қан­дай қарулы қақтығысқа қатыспайтынын ескерсек, 20 миллион халқы бар мемле­кет үшін мұның көптеу екеніне келісетін шығарсыз. Кезінде жауапты мекеме қызметкерлері мемлекеттен көмек алу үшін туыстарын, мәселен, гипертония диаг­нозы қойылған жақындарын мүге­дек­тер қатарына қосып жаза салғаны анық­талып отыр. Мұндай заңсыз әре­кет­тер аз емес. Сондықтан, Үкімет пен құ­қық қорғау органдарына осы салада тәртіп орнатуды тапсырдым.
Қандастар мәселесіне келсек. Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Ота­ны­на оралғанын құптаймын. Бірақ, олар­дың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қа­тысты мәселелерді шешу қажет. Был­тыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қан­дас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың он бес пайы­зы­ның ғана жоғары білімі бар. Сол себепті кө­бі Қазақстандағы әлеуметтік-эко­но­ми­калық ортаға бейімделу барысында қиын­дықтарға тап болады. Олар негі­зінен Алматы облысының халық көп тұратын аудандары мен ауылдарына жә­не Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына қоныстанған. Орталық және жер­гілікті билік, сондай-ақ, құқық қор­ғау органдары бұл жағдайға назар ау­дару­ға мәжбүр болып отыр.
Мен былтырғы сұхбатымда Қазақ­стан­да барлық азаматтың құқығы бір­дей екенін, ешкімге ешқандай артық­шы­лық немесе басымдық берілмейтінін айт­тым. Біз өркениетті, әділетті мем­лекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рә­міздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің бо­лашағы дарынды, бастамашыл әрі отан­шыл жастардың қолында.
Мен мұны үнемі айтып жүремін. Се­бе­бі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұр­пақтың жасампаз қуатына сенемін.
– Елдің қорғаныс қабілеті ай­рық­ша маңызды екенін бәріміз біле­міз. Бірақ, сарбаздардың өлімі­не қатысты оқиғалар әскери қыз­мет­тің беделін, Қарулы Күштері­міздің абыройын түсіріп жатыр. Сіз армиядағы ахуалды қалай бағалар едіңіз?  
– Мен әскери борышын өтеуге ша­қырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өр­кениетті елге жат, теріс үрдіс деп са­най­мын. Бейбіт заманда мұндай жайт­тар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күш­тік құрылым басшыларымен жуыр­да өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылы­ғын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жас­тарға қолдау көрсетіп, оларды елі­міз­дің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әс­керде әлімжеттікке, бұзақылыққа, ру­шылдыққа, жершілдікке орын жоқ, он­дай жайттарға жол берілмейді. Мұ­ның бәрін өзім жеке қадағалап отыра­мын.
Мен ахуалды түзеу үшін шұғыл ша­ра­лар қабылдау жөнінде бұйрық бердім. Де­генмен, қайғылы оқиғалар әскери бө­лімшелердің бәрінде болып жатпаға­нын атап өткен жөн.
Тексеру жұмыстары, жалпы, әскер­дегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсет­ті. Танымалдыққа ұмтылған кейбір бло­герлер әскердегі шынайы ахуалға мүл­дем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дер­лік қылмыскерлердің құрбанына ай­налып, қаза табатын жер ретінде көр­сеткісі келеді.
Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді да­мыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайт­қан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады.
Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісім­шарт­пен жұмыс істейтін әскери қызмет­ші­лер мен офицерлер әлеуметтік жағы­нан барынша қорғалған.
Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын «Әске­ри қызметтің ауыртпалықтары мен қиын­шылықтарын табандылықпен кө­теремін» деген сөзден әскери өмірдің қа­таңдығын айқын аңғаруға болады.
Әскери қызметтің абырой-беделін кө­теру және еліміздің қорғаныс қабіле­тін арттыру – мемлекеттің басты басым­ды­ғының бірі. Қарулы Күштерімізді тех­нологиялық тұрғыдан жаңғырту жұ­мысы қарқынды жүргізіле бастады. Был­тыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген әскери шеруді шетелдік саясаткерлер мен әскери қайраткерлер жо­ғары бағалады, бұл іс-шара армия­мыз­дың заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде Қазақстанда жасалған өнімдермен толық жабдық­тал­ғанын, сондай-ақ, әскери қызметші­лері­міздің дайындығы өте жақсы екенін айқын көрсетті. Әскери бөлімшелеріміз ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі жаттығуларда тамаша нәтижеге жетіп жүр. Қазақстанда колледждерден бастап университетке дейінгі білім және ғылым мекемелерін түгел қамтитын ұлттық әскери мектеп қалыптасты.
Жуырда Тараздағы мамандан­дырыл­ған әскери мектепке бардым. Онда әлеу­­меттік жағынан осал топтағы отба­сы­лар­дан шыққан балалар оқиды. Бұл – жақ­сы бастама. Мен осы мектепке аты аңыз­ға айналған батырымыз Бауыржан Мо­мышұлының есімін беру туралы ше­шім қабылдадым. Облыс орталығының бәрінде осындай мектеп ашу туралы тап­сырма бердім. Бұл білім мекемелерін­де бүкіл еліміз мақтан тұтатын сардар­лар мен генералдар тәрбиеленіп шыға­ты­нына сенімдімін.
 – Тағы бір өткір тақырып – көлік апаты. Өкінішке қарай, жыл сайын жол-көлік оқиғасының салдарынан мың­даған адам қаза болады. Сіз Жол­дауыңызда да бұл тақырыпқа тоқ­талып, мәселені ретке келтіруді та­лап еттіңіз. Оң өзгерістер бар ма?
– Бұл – көптеген ел үшін өте өзекті мә­се­ле. Басты себептің бірі – авто­кө­лік­тің көбеюі. Еліміздегі автокөлік саны был­тырдың өзінде 300 мыңға, ал, соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейді. Оның үстіне, шамамен 3 миллион транзиттік ав­токөлік еліміздің аумағы арқылы өте­ді. Автокөлік көбейген сайын, жол үстін­де апат болу ықтималдығы арта түседі.
Ішкі істер министрлігі құқық бұзу­шы­лықты анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын жандандыра түсті. Инфрақұрылым жетілдірілді, бақылау кү­шейді. Айыппұлды өсіру туралы ше­шім де, ең алдымен, жол қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін қабылданды.
Соның нәтижесінде ахуал жақсарып келеді, көлік апаттарынан болған адам өлімі 9,4 пайызға азайды. Алайда, қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қара­са, қолға алынған шаралардың еш­қай­сысы тиісті нәтиже бермейді. Түптеп кел­генде, жүргізушілер қарапайым, бір­ақ өте маңызды талаптарды сақтама­ған­дықтан, жан түршігерлік апаттар болып жа­тады. Бұл жағдай көлік жүргізуші­лері­нің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен орын ала­ды. Дәл осындай жауапсыз жүргізу­ші­лер адам өліміне әкеп соқтыратын апаттарға себепкер болады.
Кейбір дамыған елдерде көлік апат­тары­ның алдын алу үшін жаңа тұжы­рым­дама енгізіліп жатыр. Соған сәйкес әр адам полиция қызметкерлеріне ұста­лып қалудан қорыққандықтан емес, өзі­нің және басқа адамдардың қауіп­сіз­дігін ойлағандықтан жол ережесін сақ­тауға тиіс.
Бұған қоса, осы салаға жаңа техно­ло­гияларды, соның ішінде жасанды ин­теллектіні кеңінен енгізген жөн. Біз кө­ліктер тоқтаусыз жүретін көшелер са­ламыз. Сондай-ақ, қоғамдық көлік­тер­дің қауіпсіздігіне айрықша назар ау­дара­мыз. Себебі, автобустардың жол апатына ұшырауы азаюдың орнына көбейіп барады.
– 2025 жылдың екінші жартысы елі­міз­дің сыртқы саясатындағы маңыз­ды оқи­ғаларға толы болды. Сіз қысқа мер­зім ішінде Бейжіңде, Вашингтонда, Мәс­кеуде, Анкарада, Абу-Дабиде, Ташкентте, Душанбеде, Бішкекте, Ашхабадта және Токиода болып қайтқан әлемдегі са­нау­лы қайраткердің бірісіз. Өзіңізді ірі ха­­лықаралық қақтығыстарды ше­шу үшін ара ағайын болуға арнайы ша­қыра­ды деген де болжамдар бар. Бұл тура­лы не айтар едіңіз?
– Сыртқы саясатқа қатысты жо­ғары дең­гейдегі іс-шаралардың көп­тігі Қазақ­стан­ның абырой-беде­лі өсіп, халық­ара­лық құқық субъек­тісі ретіндегі рөлі арта түскенін көрсетеді. Шетелге жасаған са­пар­ларым­нан бөлек, Азия, Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарындағы ық­пал­ды мемлекеттердің басшылары Астана­ға сапармен келді.
Әрбір келіссөзде экономикалық жә­не инвестициялық ықпалдастыққа, әлем­дік аренадағы қарым-қатынасқа қа­тысты маңызды мәселелер көтеріледі. Был­тыр экономикамыздағы басымдық берілген салаларды дамыту үшін жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын құжаттарға қол қойылды.
Қазақстан Еуразия кіндігінде орна­лас­қан ел ретінде, әсіресе, қазіргі алма­ғайып заманда түрлі үдерістен сырт қал­­мауы керек. Біздің халықаралық қа­­­­­тынастағы негізгі мәселелер туралы өз көзқарасымыз, нақты ұстанымымыз болуға тиіс. Сондықтан, мен БҰҰ Бас Ас­сам­блеясының мерейтойлық сессия­сын­да осы әмбебап жаһандық ұйымды ре­формалауға қатысты Қазақстанның ұста­нымын егжей-тегжейлі айтып өттім.
Халықаралық дау-дамайларда ара ағайын болатын ешқандай ойым жоқ, сондай-ақ, бірқатар елдердің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралатын ниетім де жоқ. Бірақ, жа­бық кеңестер мен пікірталастарға қа­тысамын, оның үстіне бірқатар мем­лекет басшылары менің пікірімді білгісі келеді. Мен үшін осы маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудың еш қажеттігі жоқ, себебі попу­лизмнен аулақпын. Бұл ұстанымым жа­бық кеңестерге қатысушылар үшін де маңызды болса керек.
– Жаңа жыл қарсаңында Кремль­де Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысымен тағы да кездесті. Кремльге қарасты ақ­па­рат құралдары бұл жайында кеңінен мә­лімет таратты. Кездесу туралы көп­теген пікір айтылып, өсек-аяң өр­біді. Тіпті, Қазақстанда 2029 жы­лы болатын билік транзиті туралы сөз қозғалыпты, Назарбаев Влади­мир Путиннің тікелей қолдауымен сол істе ең басты рөл атқарғысы ке­­леді екен деген алып-қашпа әң­гі­ме шықты. Сіз былтырғы сұхба­тыңыз­­да Тұңғыш президент пар­тия­ның ірі қайраткері ретінде көп уа­қытын өткізген Мәскеуді сағы­натын болар, сондықтан ол жаққа жиі барады деп түсіндірген едіңіз. Дегенмен, көптеген азамат Сіздің осын­дай «саммиттерге» шынайы көзқарасыңызды білгісі келеді.
– Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кез­десулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ре­сей президентінің өзі де атап өтеді. Таяу­да өткен Санкт-Петербургтегі бас­қосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойын­­ша қабылдайтынын айтқан еді.
Ресей президентінің ерекшелігі: ол дос­тарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қар­балас болса да, сенбі күні Қазақ­стан­ның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ық­палдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жо­ғары екенін көрсетеді.
Ондай әңгімелер барысында не ай­тылғаны маған қызық емес, бұл туралы еш­қашан сұрақ қоймаймын.
Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке ба­сына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айт­тым. Оның мемлекеттік инсти­тут­тар­ды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сон­дықтан, ешкімді алаламай, әр аза­маттың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты.
– Ал билік транзиті туралы не ай­тасыз?
– Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, ал­дымызда табанды жұмысқа толы бір­неше жыл бар.
– Кейбір сарапшылар парламент­тік ре­форма бір ғана мақсатпен – Пар­ла­мент төрағасы лауазымын мемлекеттік бас­қару жүйесіндегі ең бас­ты лауазымға айн­алдыру үшін ғана өткізіледі деп са­найды. Сіз бұл лауа­зымды өзіңізге дайын­дап жа­тыр­сыз деген де сыбыс бар…
– Бұл – бос әңгіме. Мұндай пікір ме­нің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік бас­қару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақор­­даға келгенге дейін «Күшті Пре­зи­дент – Ықпалды Парламент – Есеп бе­ре­­тін Үкі­мет» тұжырымдамасын жария­ла­дым. Жеке бастың қамын күйттеп, мем­лекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу ба­­рып тұрған жауапсыздық, тіпті, адам­­­гершілікке жатпайтын әрекет бо­лар
еді.
Еліміз үшін аса маңызды реформа­ның бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Бұл жерде ешқандай ас­тыр­тын ойлар жоқ. Менің ұстанымым бар­шаға белгілі, саяси реформалар жал­ғаса береді. Ұзақ мерзімге арналған жос­­­пардың бір бөлігі әдеттегідей жақын ара­да жарияланады.
– Биыл саяси тұрғыдан алғанда қан­дай жыл болмақ?
– Қазірдің өзінде нақты айта ала­мын: биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арнал­ған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық ре­фор­­маға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар то­бымен бірге Ата заңымыздың редак­циясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Кон-с­титуция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады.
– Сіздің күрделі мәселелерге әзіл­мен қарай алатыныңызды, ойыңыз­дың астарын өмірде болған тағы­лым­­ды тарихи оқиғалар, я болмаса дипломатиялық тәжірибеңізден алын­ған мысалдар арқылы жеткі­зе­ті­ніңізді «президенттік орта» жақ­сы бі­леді деседі. Олар өткен кезең­нің бел­гілі тұлғаларын да жиі тілге тиек ете­тініңізді айтатын көрінеді. Жо­ға­ры деңгейдегі саясаткер ретін­де бұл қабілетіңіз Сізге септігін ти­гізе ме?    
– Әзіл айта білу және тарихи дерек­терді жетік білу үлкен саясатта да жо­ғары бағаланады. Мен кәсіби тарихшы емес­пін. Сондықтан, көптің алдында өт­кен дәуірлерге қатысты тақырыптарға бара бермеймін. Бірақ, тарихқа қызы­ға­мын, кітаптар мен мақалалар оқимын. Десе де, тарихи деректерді қазіргі сая­сат­тың мүддесіне пайдалануға бол­май­ды деп санаймын.
Белгілі жазушы, драматург Эдвард Рад­зинский өткен ғасырдағы 80-жыл­дардың басында Сталин туралы ір­ге­лі зерттеу кітабын жазуға кіріскенін ай­тыпты.
Қаламгердің елге «қайта құру қаһар­ман­дары» ретінде танылған достары «Се­нің Сталинің кімге қажет? Ашықтық пен демократия дәуірі басталғанын біл­мей­сің бе? Сталинизм заманы келмеске кетті» деп кекетсе керек. Сонда жазушы «Мен кітапты жазып бітірген кезде жұрт Сталиннің суретін көтеріп алып, көшеде жүретін болады» деген екен. Ақыры солай болып шықты.
Тарихтан талай нәрсені үйренуге бо­лады, күні кеше ғана қуғында жүрген жан­дар ертең-ақ ұлы тұлға атанады. Есесіне, Ленин сынды көсемдердің әжуа­ға айналуы оп-оңай, халық оның қанат­ты сөздерін әлдеқашан ұмытқан. Ал, Троц­кий өз естеліктерінде «партия­мыз­дың ең көрнекті ортақол адамы» деп атаған Сталинді қазір жұрт мадақтайды, тіпті, «Кадр бәрін шешеді», «Бала әкесі үшін жауап бермейді», «Өмір қандай кере­мет, өмір қандай көңілді», «Табыстан бас айналу», «Гитлерлер келеді-кетеді, ал неміс халқы қала береді» деген сөздері үшін пір тұтады. Осындай тарихи пара­докстар бізде де аз емес…
– Ойыңызды тарқатып айтасыз ба? 
– Кез келген елдің, соның ішінде біз­дің де төл тарихымызда қайшылыққа то­лы оқиғалар мен ақиқатынан аңызы ба­сым тұлғалар жетіп артылады. Тарихи де­ректерді бұрмалау, халыққа жасаған ең­бегі күмәнді, яғни нақты мәлі­мет­термен немесе құжаттармен дәлел­ден­беген адамдарды шамадан тыс ұлықтап көр­сету – мен үшін мүлде ақылға қон­бай­тын нәрсе.
Соңғы жылдары Қазақстанда тарих ­ты талқылау сәнге айналды. Түрлі под­каст­тар, фильмдер, мақалалар мен кітап­тар шығып жатыр. Әрине, халық­тың төл шежіресін тануға деген қызы­ғу­шылығын түсінуге болады. Жалпы, бұл – құптарлық дүние.
Алайда, өкінішке қарай, мемлекетке ке­сірі тиетінін жете түсінбей, көп­ші­лік­тің көңілін табу үшін ойдан шығарылған дерек­тер мен жалған ақпараттар тара­та­тын, халқымыздың басынан өткен қиын­дықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарих­шысымақтар пайда болды. Жұрт олар­дың сандырағына сеніп, өткен дәуір­дің жал­ған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апар­майды. Бұл – ақиқат жолы емес, кері­сінше «жал­ған түсінік туғызатын теріс жол».
Біз болашаққа ұмтылған қоғам, бір­тұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгі­мелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс. Ойдан шығарыл­маған, яғни ақиқатқа құрылған шежіре бізді тарихтан тағы­лым алып, кемшілік­терімізді түзетуге, сол арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға үйретеді. Сон­дықтан, біз Абайды және оның ой-толғамдарын кеңінен дәріп­теп келеміз. Ол қоғамдағы кемші­лік­терді бүкпесіз айтып, «Толық адам» болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ойшыл­дың ұрпаққа қалдыр­ған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күн­ге дейін өзекті болып отыр.
Абай халқымыздың еңбекқор, білім­паз және адамгершілігі жоғары болға­нын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан басқа ұрпаққа ұлағат бо­­­­ларлық сөз қалдырмаған бірқатар қо­ғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе, саяси аласа­пыран­дар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған.
– Сіздің «Қазақстан Республи­ка­сы ішкі саясатының негізгі қағи­дат­тарын, құндылықтары мен бағыт­та­рын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаныңыз былтырғы айтулы қадамның бірі болды. Жұрт идео­ло­гияның рөлі, отаншылдық туралы жиі айтады. Сіз отаншылдық деген­ді қалай түсінесіз?  
– Меніңше, отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекет­пен бағаланбауға тиіс. Нағыз отаншыл аза­мат жұрттың алдында кеудесін со­ғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңі­ре­мейді, оңды-солды сұхбат беріп діл­мәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс біті­реді. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратынның» бәрі патриот емес. Отан­шыл болу – туған еліңнің, отба­сың­ның игілігі үшін аянбай еңбек ету де­ген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, таби­ғат­ты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі.
Мен аймақтарға іссапармен барған­да инженерлермен, жұмысшылармен, мұ­ғалімдермен, дәрігерлермен, шаруа­лар­мен, әскери қызметшілермен, мәде­ниет қайраткерлерімен кездесемін. Олар­дың бәрі – сүйікті Отанымыздың на­ғыз патриоттары. Отан отбасыңнан, ау­лаң­нан, көшеңнен басталады. Сон­дық­тан, айналаңды аялап, табиғатты та­за ұстау керек.
Әлемде мультикультурализмді қол­дап, ұлтаралық және дінаралық тату­лық­ты жақтайтындар мен өзін нағыз пат­риот санайтын радикалды ұлтшыл топ өкілдері арасында қақтығыс болып жа­тыр. Меніңше, екі жақтың да ұста­ны­мы ұшқары. Себебі, Азияда бағзы за­ман­нан бері заң мен тәртіпке бағынып, бере­ке-бірлікте, тату-тәтті өмір сүрудің «үл­гілі үйле­сімі» бар. Мен бұған дейін қоғамдық өмірдің «Бір­лігіміз – әралуандықта» деп ата­ла­тын маңызды қағидатын жарияладым. Бұл азаматтарымыз бірін-бірі құрметтеп, сабыр сақтап, тәртіпті болуы қажет де­генді білдіреді. Тағы да қайталап ай­тайын: Қазақстан үшін «Заң мен Тәртіп», қолмен істегенді мойынмен көтеру қағи­даттары айрықша маңызды. Әйтпе­се, жоспарларымызды орындап, мақсат­тары­мызға жету екіталай болмақ.
– Биыл Қазақстан халқы қас­тер­лі Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық мерейлі белеске жеткенін атап өте­ді. Бұл – тарих тұрғысынан алғанда қас-қағым сәт болғанымен, жеке­ле­ген мемлекеттер мен адамдар үшін біршама ұзақ мерзім. Сіз Қазақ­стан­ның жүріп өткен жолын қалай ба­ғалар едіңіз? Алдағы бағдарымыз қан­дай?    
– Мемлекет құру ісінің куәгері бол­ған және бұл іске атсалысқан азамат ре­­­­­­тінде «осы жылдарда Тәуелсіз Қазақ­стан­­ның игілігі үшін өте көп жұмыс ат­­­­­қарылды» деп айта аламын. Иә, же­тіс­тіктермен қатар, қателіктер де болды. Он­­сыз мүмкін емес қой?! «Білмейтін жол­­д­ың ой-шұңқыры көп» деген сөз бар. Қа­лай болғанда да, еліміз бұралаңы көп, бағ­дары бұлыңғыр, күрделі жолды жү­ріп өтті. Жер жүзінде Қазақстанға тілеу­лестік білдіргендер аз болған жоқ, бірақ жымысқы ниет танытқандар да бар еді. Өткен ғасырдағы 90-жылдардың ба­сында шетелдерде «қазақтардың қолы­нан ештеңе келмейді» деген пікір ай­тылып жатты. Өйткені, демо­г­ра­фия­лық ахуал мен кеңес дәуірінен қалған сая­си және экономикалық жағдай та­быс­ты мемлекет құруымызға қолбайлау бола­тындай көрінді.
Өмірдің өзі бұл болжамдарды жоққа шы­ғарды. Қазақстан экономикасы қар­қынды дамып жатқан, халықаралық бе­­делі жоғары, табысты мемлекетке ай­­­­­налды. Бірақ, алдымызда тәжірибесі мол азаматтарға да, жастарға да ортақ ора­сан зор жұмыс бар.
– Қазіргі жастар – өте талапшыл әрі талғампаз. Әлеуметтік желіден олар­дың «Қазақстан «прайм-дәуір­ге», яғни, керемет кезеңге қадам бас­ты» дегенін көргенде таңғалдым. Осы­ған қатысты не айтар едіңіз? 
– Жастарымыздың күш-қуаты мол, үмі­ті мен сенімі зор әрі азаматтық сана-се­зімі өте жоғары. Олар – бар ықы­ла­сы­мен болашаққа ұмтылатын отаншыл аза­маттар. Дәл осындай өршіл ұстаным­ның арқасында еліміз талай рет алдынан шығатын сын-қатерлерді еңсеріп, қиын­дықтарды жеңері сөзсіз.
Жастардың қуанышы орынсыз, тіп­ті, оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың ой-пікірімен санасқан жөн. Жастар Ота­­­нымызға тек жақсылық тілейді. Бұл біз­дің қоғамымыздың жасампаздық ру­хын білдіреді.
Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға ар­ман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қа­рауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үсті­мен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей ең­бек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәр­биелей білгені жөн.
– Қазақстанның дамуы туралы айтар болсақ, осы жылдан не күте­сіз? Алда қандай маңызды оқиғалар болады? Мақсат-мұраттарыңыз қан­дай?  
– Биыл көп жұмыс істеуіміз қажет еке­нін айтып өттім. Осы жылы ауқымды сая­си өзгерістердің жаңа кезеңі баста­ла­ды, экономикалық реформалар жал­ға­сын табады.
Еліміз жаңғыру жолына біржола тү­сіп, қоғамымыздың болмысы мен бет-бей­несін түбегейлі өзгертуге тиіс. Аза­мат­­­­тарымыз жаңа дәуірге бейімделуі қа­­жет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ, хал­­­­қымыз, соның ішінде жастарымыз ал­­майтын асу жоқ. Бұған кәміл сенемін.
Мен осы жылды Цифрландыру және жа­санды интеллект жылы деп жария­ла­дым. Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды ин­тел­лектіні енгізу экономиканың жә­не басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқару­дан бастап, білім беру және денсаулық сақ­тау саласына дейін –  барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашады.
Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы – елі­міз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жү­ріп өткен жолымызды ой елегінен өт­кізіп, болашаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің сим­волы болуға тиіс.
Мен Президент ретінде «Таза Қазақ­стан» акциясын алдағы уақытта да ерек­ше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, «Таза Қазақ­стан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болу­ға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізде­ніп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкер­ші­лік­ті ұмытпауға, елге жанашырлық та­ны­тып, қайырымдылық жасауға үндей­ді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлт­тар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық ерік­­тілер жылы деп жариялады. Бұл қа­­­­дам «Таза Қазақстан» идеясымен то­лық үндеседі.
Мен осы жалпыхалықтық қозға­лыс­­ты айрықша маңызды идеоло­гия­лық ак­ция деп санаймын. Өйткені, таза­лық де­геніміз – мағынасы терең, мазмұны сан қырлы ұғым. Тазалық ұғы­мы жан дүниенің де, жер дүниенің де тоқырауын емес, гүлденуін, кіршіксіз таза болуын білдіреді. Түптеп келгенде, тазалық ұлт болмысының өзегіне ай­налу­ға тиіс.

– Жұрт Сізді жеке тұлға ретінде де тани түскісі келеді. Сіз жеке өмі­ріңіз­ді көпшілікке жария етуді ұна­та бермейтін сияқтысыз. Өзіңізді жақ­сы білетін адамдар «ол жазба мә­тіндерге өте мұқият қарайды жә­не асқан табандылықпен жұмыс іс­тейді» дейді. Жеке басыңызға қа­тыс­ты осындай сұрақтар аз емес. Осы­ның бәрін қорыта айтсақ, Сізді жан дүниесі мен мінез-құлқы қан­дай адам деуге болады? 
– Мен 1975 жылы КСРО сыртқы іс­тер министрлігінің табалдырығын ал­ғаш рет аттадым, мемлекеттік қызметке кел­геніме былтыр 50 жыл болды. Ал­ғаш­қы мамандығым бойынша мен – қы­тай­танушымын. Бұл кәсіп айрықша та­бан­дылықты қажет етеді. Шынымен де, мә­­тінмен жұмыс істеуге әбден дағ­ды­лан­ғанмын, нашар стильді, әсіресе, әріп қатесін суқаным сүймейді. Жолдау­ларым­ды, сөйлейтін сөздерімді, мақа­ла­ларым­ды, тіпті, әріптестеріме жолдан­а­тын хаттардың бәрін тікелей өзім қа­рай­тынымды аппараттағылардың бар­лы­ғы біледі.
Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс іс­теуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді. Мұның бәрі менің мінез-құл­қым мен дүниетанымыма өз әсерін ти­гізді. Сондықтан, «Сіз кімсіз?» деген си­паттағы сауалыңызға қысқаша ғана «мен – мемлекетшіл адаммын» деп жауап берейін.
– Жақында АҚШ президенті До­нальд Трамп өзінің денсаулығы тура­лы мәліметтерді жариялады. Осы тұрғыдан алғанда, Сіз көп ашы­ла бермейсіз. Дегенмен, денсау­лы­ғыңыз жайлы түрлі әңгіме айтылып жатады. Кейбіреулер Сіздің салмақ тастап, сергек көріне бастаға­ныңыз­ды атап өтсе, енді біреулер оған керағар пікір білдіріп жүр. Бұл тура­лы не дер едіңіз?  
– Денсаулығым жақсы, қан қысымым қа­лыпты. Күн сайын йогамен шұғыл­дануды әдетке айналдырдым, бірақ ме­ди­тация жасамаймын. Бұрынғы кәсіп­қой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын.
Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін бол­дым.
– ТМД елдеріндегі әріптестеріңіз­дің ішінде тағы кім спортқа жақын? 
– Таяуда Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде Путин жас дзюдошыға қар­сы әдемі әдіс жасап, аға буынның абы­ройын көтеріп тастады. Әлиев те мық­ты, кәнігі спортшы сияқты үнемі жат­тығады, Жапаров футбол ойнайды. Мирзиёев те ширақ, ол жаттығу залында шынығады. Пашинян велосипед тебеді. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ой­най­ды екен. Кезінде теңіз-әскери күш­терінде болып, әбден шыныққан Рах­мон­ның да денсаулығы жақсы. Бір сөз­бен айтсам, әріптестерімнің бәрі де ба­бын­да.
– Президент мырза, бүгін өте маз­мұнды әңгіме болды. Халықты толғандыратын көптеген маңызды мәселені талқыладық. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін тағы да ал­ғыс айтамын. 
– Мен әрдайым қоғамның көңіл-күйі мен азаматтардың мұң-мұқтажын біліп отыруға тырысамын. Түйткілді м­ә­селелер мен жоба-жоспарларды ашық әрі тура айтамын. Қазақстанның әлеуе­тін еселей түсу үшін әлі көп жұмыс іс­теуі­міз керек. Біз бір ел болып, халықтың мүддесін қорғау жолындағы биік мақса­тымыздың бәріне жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
Газеттеріңіздің жұмысы табысты бол­сын! Редакция қызметкерлеріне ме­нен дұғай сәлем айтыңыз.
– Міндетті түрде сәлеміңізді жет­кіземін! 

Әңгімелескен –
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

«Turkistan» газеті, 2026 жылғы 5 қаңтар, №1 (1638)

Leave A Reply

Your email address will not be published.