Қазақстан Ұлттық банкінің басқармасы банк шоттарын ашу, жүргізу және жабу, сондай-ақ қолма-қолсыз төлемдер мен ақша аударымдары қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті қаулы 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданып, Әділет министрлігінде №37777 болып тіркелді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Негізгі өзгерістер
1. Жеке тұлғалардың банк шоты
Енді жеке тұлға банк шотын ашқанда, шот арқылы:
кәсіпкерлік қызмет,
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі,
нотариус, адвокат, медиатор қызметі,
атқарушылық құжаттарды орындауға қатысты операциялар жүргізілмейтінін көрсетуі тиіс.
Бұл талап банкпен жасалған шартта өзгеше көзделмесе қолданылады.
2. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа талап
Арнайы салық режимі аясында қызмет жүргізу үшін ағымдағы шот ашатын азаматтар (оның ішінде қандастар):
жеке куәлігін;
Салық кодексінің 77-тарауына сәйкес арнайы салық режимін қолдану туралы өтініш ұсынады.
3. Мемлекеттік мекемелерге қатысты өзгеріс
Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер үшін шот ашу кезінде Қаржы министрлігінің 2025 жылғы 27 маусымдағы №328 бұйрығына сәйкес рұқсат талап етіледі.
4. Ғылыми жобаларды грантпен қаржыландыру
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары бойынша:
эскроу-шоттан төлемдер
грант алушы мен контрагент арасындағы келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.
Қашан күшіне енеді?
Қаулы алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.